Қисса Нәрікбай-Шора (33-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
Ұлтандай жатқан ел екен,
Егессе, бізге не қылмас.
Бұл жерде жалғыз болғанмен,
Қазанда жалғыз емессің.
Қазанға барсаң тұз айдап,
Неге келдім демессің.
Менің тілімді ал, балам,
Түбінде қайғы жемессің.
Түрікпен қылар көптігін,
Таманың көрдім секілін.
Бүгінде балам қайтқан жоқ
Әлі ешкімнен екпінің.
Қазанға кеткін, қарағым,
Боласың қапы соңғы күн.
Шырағым, ерте Қазан бар,
Қазанда Есім ағаң бар.
Қалай мені жоқтамас,
Дұшпаныңды айтып соған бар.
Дұшпанда ағаң қалды деп,
Түрікпен қамап алды деп,
Жәкең сәлем айтты деп,
Көремін бе сені деп,
Осы елден болған сараға,
Нәрікбай қайғы жеді деп,
Ертерек іздеп елге бар.
Ел-жұртың есітіп,
Көрмекке сені ынтызар.
Алты айшылық арада
Жүретұғын жолы бар.
Қырқылмаса қанаты,
Алты айда да жеткізер,
Қазанға сені Байшұбар.
Осындай Нәрік айтады.
Кетері кет деп айтса да,
Көңілі жоқ қиғандай.
Нәріктің айтқан бұл сөзін
Тұрды Шора жақтырмай.
Құлағына салған соң,
Бетін ашып алған соң,
Келді тама шуылдап,
Қазанға барғын, Шора,—деп,
Тыныштық бермей былшылдап.
«Кетпесең бізді қырғын»,—деп,
Тыныштық бермес ыңылдап.
Қаршығаға ерген қарғадай,
Қалмады тама соңынан.
«Қайрақтыға қырғызбай,
Өзің-ақ қырғын қолыңнан».
Таманың қылған қорлығы,
Әлібиден қаттырақ,
Шораның кетпес ойынан.
Кететұғын көңіл жоқ,
Кетпейтұғын жолы жоқ.
Кетпес еді Қазанға,
Өзіне серік елі жоқ.
Елі жоқтың белі жоқ,
Жалғыздың көпке сөзі жоқ.
Адасса, қалар далада,
Бастап жүрер елі жоқ.
—Әлібиді өлтірдің,
Ерден ердің кемі жоқ.
Өзім де, балам, қимаймын,
Түбінде бармай ебі жоқ.
Бұл сөзді айтып Нәрікбай,
Жүріп кетті үйіне.
Бар деуге қимай баласын,
Қой деуге қимай тамасын,
Көзінің жасын сел қылды
Екі ауылдың арасын.
Түрегелді Ер Шора,
Баратұғын көңіл жоқ.
Әкесі айтса не шара,
Атқа мініп сандалып,
Не қыларын білмеді.
Неше күн жүрді ойланып,
«Қырмасаң бізді, Қазанға
Барыңыз»,—деп тама жүр.
Айрылмаймыз, жәке, деп,
Соңынан өңкей бала жүр.
Сол уақытта Шораның
Ойран болды ақылы.
Қазанға кет деп жылайды
Әкесінің жақыны.
Қалмаймыз деп шуылдап
Таманың қыз-қатыны.
Не қыларын білмейді
Қасиетті Күлқаныс.
Бар дейін десе Шораға
Қазан деген бір алыс.
Бармасын десе Ер Шора,
Түрікпен жатыр қып намыс.
Әлғал Шора атанып,
Қайғыра берсін несіне.
Жалғыздығы түседі
Ерте менен кешіне.
Шауып шықты баяғы
Өзі туған жеріне.
Белеңнің қайқы төсіне,
Тап төбенің басына
Шауып Шора барады.
Қорамсаққа қол салып,
Қозы жауырын оқ алып,
Оқты бір жерге қағады.
Қырық үйлі тама, бес ауыл,
Бір бөрік құрлы көрінбей,
Бөркіне ақыл салады.
«Берекесіз қу тама
Алды менің мазамды.
Көздейсің білем шамасы,
Атамнан қалған Қазанды,
Қайрақты отыр ойында.
Болжап алды-артымды,
Біліп отыр шамамды.
Іздейтұғын көңілім жоқ,
Нәрікбайды жылатқан,
Атама дұшпан адамды.
Тағы да ойлап білемін,
Одан жақын табарды.
Жалғыздығы құрысын,
Ерлерге қайғы салғанды.
Біздер кімге шікара,
Не ерлер өткен қайғырып,
Бұрыннан соңғы қалған-ды.
Мың тамаға бермеймін
Мұндағы жаман баламды.
Мен кеткен соң кім бағар
Ата менен анамды.
Біз түгіл өткен көп ерлер,
Бөркіне ақыл салғанда
Екеу-екеу екі аға,
Барамын ба Қазанға,
Бармаймын ба Қазанға,
Барсам қиын болар ма
Мұндағы қалған тамаға?»