Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертедегі Шора батыр (9-бөлім)

Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 3 мин оқу

Сол уақыттар болғанда,
Атын қарғап тұрғанда,
Көп қалмақтың ішінде
Шораның мінген Шұбар ат,
Қолтығында қос қанат,
Өкпеліктен көз тиіп,
Аузын ашып кісінеп,
Бір көзінен қан ағып,
Жалп етіп барып құлады.
Шора жауды жаяу тосып қалады,
Бірін-бірін сандатты
Қылышпен қырып барады.
Жаяу тұрған Шораны
Сандаттар қайта қамады.
Қамап тұрған көп сандат
Жабыла мылтық атады,
Түтін қаптап жатады.
Атқан оғы мылтықтың
Шора киген жидеге
Жабыса келіп қатады.
Түтеп тұрған мылтықты
Қылышпен сермеп ашады.
Алды қашса сандатың,
Артындағы көп қалмақ
Қайта келіп басады.
Сол уақытта ер Шора
Жүре алмай, жаяу меңдеді.
Өліп қалған Шұбарға
Еңбектеп жетіп келеді.
Шұбардың басын құшақтап,
Құдайдан тілек тіледі:
—Басыңды көтер, Шұбар ат!
Жан серігім, жалғыз ат!
Қолтығыңда қос қанат,
Кеулім келді шар болат,
Жан Құдайға аманат,
Иесін жауға тастар ма
Тұлпардан туған қазанат!

Шораның көзінің жасы тізілді,
Жүрек-бауыры езілді,
Көзден аққан қанды жас
Етегіне төгілді.
Құдайға сөйтіп жалынды,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Құлағына шалынды.
Қабыл болды тобасы,
Қара құс болып аспандап ұшып келеді,
Өзінің кәміл бабасы.
Төбесінен төнеді,
Атыменен көтеріп,
Аспанға алып ұшып жөнеді.
Жерде жатып Құлманбет,
«Алты жасар Шораны
Құдай мазақ етті,—деп,
Еткені емей немене,
Атыменен көтеріп,
Қара құс алып кетті»,— деп,
Мазақ қылып күледі.
Олар күліп жатқанда,
Бір бұлақтың басына
Атыменен көтеріп,
Бабасы алып келеді.
Қара құс болған бабасы,
Қасына келіп Шораның,
Қожа болып сөйлейді.
Өліп қалған Шұбар ат
Кісінеп тұра қалады.
Атына жан береді,
Сонда тұрып бабасы
Шораға бүй деп сөйлейді:
—Сенің бабаң мен едім,
Ақтайша хан барғанда,
Әліби де барғанда,
Сен сонда жаңа туғанда,
Сенің әкең Марықбай
Қуанып той қылғанда,
Ақтайша мен Әліби
Атыңды қоя келгенде,
Ат қоя алмай тұрғанда,
Сонда мен диуана болып жүргенде,
Сенің шешең Гүлқаныс
Алдымнан жылап келгенде,
Атыңды қой дегенде,
Атыңды қойған мен едім,
Білмеген балам сен едің,
Атыңа Шора мін,—дейді,
Анау жатқан қалмаққа
Және қайта ти,—дейді.
Атқан оғың тимесе,
Өзіме қайтып кел,—дейді.
Ажал оғы тап болса,
Қанатыммен қағайын,
Бенде оғы тап болса,
Жүрегіңнің аузына
Темірден қақпақ жабайын.
Балам сенде болмасын
Менен басқа ағайын.
Сыртыңда тілектес болып тұрайын,
Тілегіңді қабыл қылғай Құдайым.
Менің айтқан бұл сөзім,
Балам, саған жақпай ма?
Қалмақ қой да,сен қасқыр,
Жайылып жатқан көп қойға
Жалғыз қасқыр шаппай ма?
Жеті пірің жар болса,
Қамалып жатқан қасқырдың
Жын-шайтанын қақпай ма?

Айтып болып бабасы
Ғайып болып жөнеді.
Сонда Шора «Аллалап» атқа мінеді,
Ақ қара бас ту алып,
Қарағай найза қолға алып,
Шынымен Шора шамданып,
Кейін қалған қалмаққа
Тағы жалғыз тиеді.
Зеңбіректің шоғына,
Самқалдың қалың жеріне
Қорықпай жалғыз келеді.
Алдындағы сандатты
Тиген жерден шулатты.
Мылтық атқан қалмақты
Балықтай шаншып, тулатты.
Және алдына қылыштап,
Ер Шораның жыны ұстап,
Қалмақтар қашты сандалап,
Әр бұтаны далдалап.
Жаудан аққан қара қан
Ойға қарап ағады.
Еңісте қалды мың қалмақ,
Еңселей шапқан үлгісі,
Қабақта қалды мың кісі.
Қабақтан шапқан белгісі,
Барып қырған бір кісі.
Сілтеген жерде бас кесті
Ер Шораның қылышы.
Күн тоғызға толады,
Тоғыз күнде қырғаны,
Тоғыз мың кісі болады.
Тоғыз мың қолды тауысып,
Шора жан-жағына қарады.
Қалмақтың ханы Құлмамбет,
Қара ала атын жайдақтап,
Екі көзі алақтап,
Тоғыз мың қолын тауысып,
Жалғыз қашып барады.
Шораның көзі көреді,
Соңынан қуып келеді.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз