Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертедегі Шора батыр (10-бөлім)

Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 2 мин оқу

Құлмамбет сонда Шораға қарап сөйлейді:

—Шорамысың сен,—дейді,
Балам, бермен кел,—дейді,
Әліге шейін өлтірмей,
Осы тама нем,—дейді.
Сонда [да]ғы Құлмамбет,
Өзінің әлін білмейді.
Сонда Шора не дейді:
—Шора батыр мен,—дейді,
Шынымен Шора кейіді.
Екеуі қарсыласып қалысты,
Қарсылап найза салысты,
Ат үстінде алысты.
Құлмамбеттің жүрегінің аузына найза ендірді,
Қара ала атын саурысынан
Қайқайтып жерге төндірді.
Қылышыменен шабады,
Тоғыз бөлек қылады.
Құлмамбетті өлтіріп,
Қазандағы тамаға қайтып келеді.
Жетіп келсе Қазанға,
«Шора қашан келер»,—деп,
Баяғы алдынан шыққан ағасы,
Бес жүз кісі қасында,
Алдынан шығып тұр екен
Есімбектей ағасы.
Шораны аман көреді,
Ат үстінен көтеріп,
Алдына алып сүйеді.
Ындысталы патшаға
Ертіп алып келеді.
Қол қусырып еңкейіп,
Шораға сәлем береді.
Ділдә тамам алтын тақ,
Сонда да Шора таққа мінбейді.

Сонда Шора Ындысталы патшаға сөйлейді:

—Қаршыға құстың баласын
Қарға өлтірер болар ма?
Патша мінген алтын тақ
Қарашы мінер болар ма?
Сонда Ындысталы патша
Миығынан тартып күледі.
Жалғыз қызы Қарашаш деген сұлуды
Шораға өз қолынан
Неке қиып береді.
Ханның қызын алып,
Ордасында тұрады.
Жаңа таң бір атқанда,
Ата-анасын сағынып,
«Тоғыз үйлі таманы
Мұнда көшіріп алып келейін»,—деп,
Еліне қайтып жалғыз жөнеді.
Алған жары Қарашаш
Шұбар атты ерледі.
Тоғыз үйлі тамаға
Шора қайтып жөнеді.
Арадан жеті күн өткенде,
Тоғыз үйлі тамаға қайтып келеді.
Әкесі мен шешесі
Шораны көзі көреді.
Ат үстінен көтеріп,
Алдына алып сүйеді,
Бұл күні үйге түнеді.
Ақтайша жатқан қалаға
Шора батыр және қайта тиеді.
Аттың басын қаратты,
Қамшыға бұтын таратты,
Қаланы бұзып, мал алды.
Шарбақтың аузын шаң қылып,
Қаланың ішін қан қылып,
Ақтайшадай хандардың
Қолынан басын қағады.
Ақтайша ханның
Алаукеш атты сұлу қызын тағы алады.
Ақтайша жатқан қаланы
Тоғыз үйлі тамаға
Барып шауып береді.
Тоғыз үйлі таманы
Тоғыз ру ел қылып,
Қазан қаласына көшіріп алып жөнеді.
Арада он бес қонады,
Он алты күн болғанда,
Тоғыз үйлі тамадан
Шора батыр жалғыз озып жөнеді.
Түн ортасы болғанда,
Қарашаш жатқан Ақ орда
Шора мінген Шұбар ат
Тұмсығымен тіреді.
Аман жары Қарашаш
Ат байлауға шығады,
Бұл күні мұнда қонады.
Қазанға жеткен көп тама
Ерте тұрып көреді.
Таң атқан соң Ындысталы патшаға
Шора келіп сәлем береді.
Сонда тоғыз үйлі тамамен
Марықбай бұл да көшіп келеді.
Марықбайдың ағасы Есімбек
Алдынан шығып келеді.
Ағайынға бәрі бірдей табысып,
Құшақтасып жылайды.
Жеті күндей той қылып,
Марықбайды хан қылып,
Кеуілі сөйтіп тынады.
Шора сынды батырды
Жауға қарсы қояды,
Сөйтіп тұрып баршасы
Мұратына жетеді.
Сондай батыр ерлікпен
Шора тамам болады.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз