Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (9-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 4 мин оқу

—Нәрікбайдың алдынан еш адам барып меймандарлық қылмасын, атын ешкім ұстамасын, үйге түс демесін, бір адам тырс деп бармасын, иә мұның қайтып кеткенін көрейін, иә менің қолымнан айырып алған кісіні көрейін,—деп, бек жаман түгі бетінен көрініп, ашуы келді. Сәскеде келген Нәрікбай бесінге дейін аттан түспеді. Иә қайтып жүріп кете алмады. Бесін уақытында Қарахан Нәрікбайдың қапа болғанын көріп айтты: «Әліби, бұл бейшара бір перзент үшін келіп еді, бізді елжұрт деп. Енді Құдай сені дұшпан, өшпенді қылды, халайық айтса да болмадың, мен айтсам да болмадың, доңыздыққа кеттің енді. Арманың Шұбар ат болатын болса, бұл Нәрікбай өмірінде қорлық-зорлық көрмеген адам екен, дүниенің ешбір кемшілігін көрмеген екен жана өз қиялы болмаса ешкімнің тілін алмас екен, өзі бір жұрттың патшасы екен. Енді бір жаршы шығарыңыз. Ол жаршы Нәрікбайдың Қазаннан ауып, аға-інісімен араз болғанын жана перзенттің жоқтығын, Есімнен көрген қорлығын, бұл жерге ауып келгенін айттырсаң. Өзі бек жақсы адам екен». Бастан аяқ көрген қайғы-қасіретін айтқан соң бек қапа болады. Мал-мүлкін талақ қылып тастап, екі қолын төбесіне қойып һәм артына ұстап кете береді. Одан кейін Нәрікбай кеткен соң мұндағы мал-жан иесіз қалады. Сонда Шұбар атты ұстап ал да қызыңның.......,— деді, одан кейін Әліби сонда бір жаршы шығарды, көзі маштай, құйрығы тастай.

Әуеден ұшқан қайыптай,
Төркіндеген зайыптай,
Суға салған қайықтай,
Әр нәрсеге лайық.
Шекпені тізесіне жетпеген,
Басынан жаманшылық кетпеген.
Мұрны қамыстай,
Е…гі талыстай.
Шалбары көтіне қатқан,
Өзін туғаннан Құдай атқан,
Жауыр есегіне мініп,
Өзі жалшы, ыржаңдап күліп,
Нәрікбайға қарап жүріп,
Қай-қайдағы қу сөзді,
Қиялына келтіріп,
Көтін жырмасымен толтырып,
Нәрікбайға қарап сөйлегені:
—Бір Құдайдың барлығы,
Қараханның жарлығы,
Жібереді мені баршы деп,
Қарахан айтты жаршы деп,
Менің айтқан жырымды.
Елде қубас бар болса,
Құлағыңа салшы деп.
Ұлдыларға орын бар,
Қыздыларға қымыз бар,
Ұлы менен қызы жоқ
Нәрікбай атты қу бастың
Хан, жиын-тойда несі бар?
Беклер мінер күймесін,
Жарқыратып түймесін.
Көрдім деп қызық жүр ме екен
Тәңрінің жалған дүниесін.
Нәрікбай келсе бұ тойға,
Аластап жұрттан шығарсын.
Баласы жоқ қу бастың
Кесірі жұртқа тимесін.
Қалжыңмен сөктім құрдасты,
Кәдірден болған мұңласты.
Істі елге жуытпа,
Жұрттан шыққан зәндемі,
Нәрікбай атты қубасты.
Халың келсе басынан,
Аудырмаңдар таяқты.
Асты еліңе жуытпа
Жұрттан шыққан саяқты.
Жақсы болса тамасы,
Інісі мен ағасы,
Өлсе көрмес сүйегін,
Кәнекей мұның баласы?
Елі мен жұрты қай жақта
Дүниеге болған мас?
Жақсылармен көңлі қас,
Бір жылқыға жұрт сатқан,
Еріместей көңлі тас.
Неге келді бұ тойға
Жұртынан шыққан бір қубас?

Жаршының айтқан сөзі бұл,
Нәрікбай тыңдап қарап тұр.
Бұл сөзді естіп Нәрікбай,
Әрнеме түсті ойына,
Көзінің жасы көл болып,
Аға берді қойнына.
Алтынды қомба, ақ кісе,
Алып бір салды мойнына.
Көзінің жасы көл болып,
Етегі тола сел болып,
Жаралы қаздай ыңыранып,
Жарылған мұздай күңіреніп,
Жіберді басқа бір салып,
Қараңғы тұман күн салып,
Нәрікбай еңіреп жөнеді.
«Обалың сенің кімге»,—деп,
Тоғыз бірдей сабаны,
Пышақпенен жарады.
Келе жатып зар жылап,
Нәріктің айтқан сөзі еді:
—Он сегіз мың ғаламды
Жаратқан, қадір Құдай-а.
Басы жұмыр бәндеңе
Салған күнің көп екен,
Иә, Зүлжелел, мұндай-а.
Аспаннан тұман орнады,
Аяғымнан жібермей,
Жердің тартып лайы-ай.
Көрсеткен күнің осы ма,
Айналайын, Құдай-ай?!
Жекендікі жеке екен,
Жеті баулы бек екен.
Қартайсам да жылаған,
Қазан деген ел екен.
Мен сияқты ғаріпке
Сақтаған күнің көп екен.
Басында Құдай бар қылдың,
Қасиетті жан қылдың.
Мен қазақпын дегенге,
Қазанға мені хан қылдың.
Қайда барсам қалмастай,
Бір пәле маған жармасты-ай,
Әлібиге тұс қылдың.
Тобамнан неге жаңылдым,
Айдап келіп Қазаннан,
Көрінген итке жегізіп,
Айналайын, Құдайым,
Мен күнәкер не қылдым?
Қойшыларға қор қылдың,
Жылқышыға жыр қылдың,
Сиыршыға сыр қылдың,
Ауыздағы сөз қылдың,
Аяқтыға жол қылдың.
Екі [адам] бас қосса,
Әңгімесі мен қылдың,
Қара жермен тең қылдың.
Қорлыққа бүйтіп қойғанша,
Қазанда алсаң болмай ма?
Мен Әлібиге не қылдым?
Ел-жұртымнан айрылып,
Қанатымнан қайрылып,
Шерменде болып зар қылып,
Бұл қорлыққа кәйтіп жүремін,
Тірі болып не қылып,
Өлетұғын күн бар ма?
Қорлықпенен жарылып,
Бір перзент бермей зарланып,
Қатарымнан кем қылып,
Жаратқан жалғыз, Құдайым.
Ішімде толды уайым,
Әлібидің дерті өтті,
Қайғым бір асты қапа боп,
Дертімді кімге шағайын?
Жалғыз жүрмін тентіреп,
Көрінбес көзге ағайын,
Наз көтерер кісім жоқ.
Кімге еңіреп барайын
Тең құрбының ішінде?
Бір перзентке зар болып,
Кем болды менің тілеуім.
Әуелі тудым адам боп,
Есімнен көрдім қорлықты,
Жақсылық ісім жаман боп,
Еліме жетер күн бар ма?
Жұртымнан көңлім қалған жоқ,
Елге жетер заман жоқ.
Алпысқа жақын енгенде
Қайғылы болып зарладым.
Өзімнен туған бала жоқ,
Ұлым түгіл қызым жоқ,
Ұлдыға сөйлер күнім жоқ,
Бір перзенттің жөнінен,
Байланды мылқау тілім жоқ.
Босады болат темірім,
Қор болып өтті-ау өмірім,
Қазанда жүріп таусылмай,
Ұзады неге өмірім,
Қорлыққа туған екенмін,
Қай жерде менің мекенім?
Қубас деген сұмдық сөз,
Қайда барсам әзір боп,
Қарап тұр маған не етемін.
Жаратқанға не дермін?
Аспанның асты биік көк,
Енді қайда кетемін?
Айналайын, атыңнан,
Есім атты жалғыздың
Бір ауыз сөзін көтермей,
Бермесін тілеп Құдайдың,
Асы боп шыққан екемін,—

Тағы оқыңыз