Қисса Нәрікбай-Шора (12-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Ерлі, байлы екеуі
Қол ұстасып жөнеді,
Артына көзін салмасқа,
Жасынан тіккен ақ орда,
Алтын аяқ, ақ күміс,
Тырнақтап жиған мал басқа.
Түсі сауық келеді,
Төрт қырлап соққан жебенің.
Ажалдың оғы тигенде,
Қорғаны болмас көбенің.
Басына заман туғанда,
Жолдастығы жоқ екен
Дүние деген неменің.
Артына тастап таманы,
Іздеді Нәрік баланы.
Алтынды-күміс ақ орда,
Мал-жаны иесіз қалады.
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Малы мен жанын Нәрекем
Тастап кетіп барады.
Екі көзден қан ағып,
Екеуі де зар қағып,
Ашынған пәнде қайтеді?
Аяғын жолға арба қып,
Маңлайдың тері шұбырып,
Табаны тасқа торылып,
Жалаң аяқ жер басып,
Тамыры жердің қуырылып,
Тоғайда жатқан мың жылқы,
Мінбеді бір ат бұйырып.
Кермісіннің сазында
Сары қоңыздай сары нар,
Бұйырмады біреуі.
Қарай шыққан мал мұндар,
Қисапсыз сиыр, қойы бар,
Малсыз бейнет көрмекке,
Нәрекеңдей шалдың ойы бар.
Табаны жерге тимеген,
Үстіне жаман кимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Бар жазығы қарып-ты,
Бір перзент бер деп іздеген.
Алжыған пәнде қайтеді,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Перідей болып Күлқаныс,
Опасы жоқ сұм дүние,
Кімнің көңлін шат қылдың?
Сол сияқты патшалар
Өстіп өтті дүниеден.
Таудың басы шынар-ды,
Саздың басы шамалы.
Жер-жаһанды күңіренткен
Көктемде жаңбыр, тұманы.
Дуана қылған пендені
Ғашығы мен құмары.
Шуылдаған дауысты
Далада жүріп естіді,
Бала қып баққан бар еді
Нәрекеңнің бір шұбары.
Шұбар аттың далада
Есітті сонда құлағы.
Сөйлейтұғын тілі жоқ,
Адамнан зият ақылы.
Ырысына біткен бір малы,
Бар еді сондай күлзары.
Қызыл шақа күнінде,
Құлын болып туды сиырдан,
Тұлпар боп туған қиыннан,
Сиырдан туған қара тіл
Шалдырмас жанға Қырымнан.
Соны баққан Күлқаныс,
Ақ емшегін емізіп,
Бала қылып бұрыннан.
Бір ұзап, екі тыңланып,
Бір дабысты естіп аңданып,
Болғанын біліп бәленің,
Ауылға келді зарланып.
Ақ ордаға келеді,
Иесіз тұрған ақ үйге
Үш айланып енеді.
Сөйлеріне тілі жоқ,
Көзінің жасын төгеді.
Жібердің мұнша жылауға,
Бала қылып Күлқаныс,
Бауырына басқан-ды.
Аунап-аунап шыңғырып,
Нәріктің ізін иіскелеп,
Артынан іздеп жөнеді.
Бір күн, бір түн болғанда,
Қарасын мұның көреді.
Айдалада бір шұбар
Кісінеп зарлап келеді.
Жатыр еді екеуі,
Табаны тиіп бір жерде,
Шұбарды қатын көреді.
Қайысқан болат сынады,
Желіккен жүйрік тынады,
Есінен танды Күлқаныс,
Көргеннен соң Шұбарды.
Күлқаныстай бәйбіше,
Құшағын жайып тұрады.
Мал да болса балам деп,
Қойнынан емшек шығарып,
Тұмсығын ап кеп иіскелеп,
Адамнан есті Шұбар ат,
Қойнына басын сұғады.
Күлқанысты иіскелеп,
Шұбар ат келіп тұрады.
Екі көзі жәудіреп,
Сөйлейтұғын тілі жоқ.
Қара көзден жас парлап,
Өксіп-өксіп жылады.
Бәйбіше мен Нәрікті,
Кезек-кезек иіскеп,
Мүсәпір болып бұғады.
Көзінің жасы бұршақтап,
Зарланып бірге Күлқаныс,
Шұбар атты құшақтап:
—Ай, Шұбар ат, Шұбар ат,
Әліби саған құмар ат,
Сенде барда қос қанат,
Менде беклік салтанат.
Мал да болсаң баламсың,
Артымнан келді азамат.
Елім болған Шұбар ат,
Балам болған Шұбар ат.
Қазаннан зарлап шыққанда,
Қияметтік жан жолдас,
Маған болған Шұбар ат,
Тыным болған Шұбар ат.
Алдымда ойнап баладай,
Күнім болған Шұбар ат.
Қазаннан маған зар жылап,
Қаңғырып жұрген кезімде
Дайын болған, Шұбар ат.
Қараңғымды жарық қып,
Айым болған Шұбар ат,
Ағам болған Шұбар ат.
Ел сағынып жүргенде,
Панам болған Шұбар ат.
Баласыз зарлап жүргенде,
Балам болған Шұбар ат.
Самалды жайлау, салқын төс,
Далам болған Шұбар ат.
Әуелі тудың сиырдан,
Қызыл шақа күніңде,
Нәсібің бізден бұйырған,
Ақ емшегімді емізіп,
Бала қып бастым бауырыма,
Алып бір жаттым қойныма.
Мал екенің білмедім,
Сирағыңды арттың мойныма.
Бала болып еркелеп,
Дәнеңе жоқ ойыңда.
Ілескелі келдің бе,
Қайғылы сапар, жолыма.
Бала қып бастым бауырыма,
Ақ сүтімді емізіп,
Құлыныңнан тай шыққанда,
Пістенің дәнін жегіздім.
Тайдан құнан шыққанда,
Мал боламын дегіздім.
Аққу құстай мойныңа
Алтыннан қоңырау таққыздым.
Табаның тасқа тиер деп,
Күмістен таға қаққыздым.
Жарасуға сауырыңа
Жібектен қамқа жапқыздым.
Анық дөнен шыққанша,
Еркектің қолы ауыр деп,
Қырық қызға сені бақтырдым.
Қараңғы үйде тұрғызбай,
Қырық шырақ күнде жаққыздым.
Күріш пен майды шайнаттым.