Ертедегі Шора батыр (7-бөлім)
Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 3 мин оқу
Сол уақытта қырық жігіт
Көк арбаға мінеді.
Мәстектің жалын өреді,
Марықбайдың аулына
Атын сұрай жөнелді,
Қонаға жетіп келеді.
Келе жатқасын Марықбай,
Алдынан шығып көреді.
Шеткергі үйге әкеліп,
Бір ордаға енгізіп,
Тоғыздан саба қояды,
Бесті асауды сояды.
Тамақ беріп болғасын,
Ханнан келген елшінің
Келген бұйымын сұрады.
Сонда тұрып қырық жігіт
Марықбайға сөйлейді:
—Былай барсаң, Қазан жау,
Былай кетсең, қалмақ жау,
Не қылып күнің көресің.
Ақтайшамен жау болсаң,
Ажалдан бұрын өлесің.
Біздің жұртпен ел болсаң,
Әлібидің құны үшін
Шұбар атыңды бересің.
Сонда [Марықбай] жылайды,
Жылай тұрып толғайды:
—Шора берсе Шұбарды,
Әкеліп сізге берелік.
Сіздерменен сүйеніп,
Біз де күнді көрелік.
Шора атын бермесе,
Дегеніме жүрмесе,
Ер Шораға не делік,
Барып атын тілелік.
Тоғыз үйлі таманың
Жиналып бәрі келеді,
Оятып Шораны алады.
Марықбай сонда толғады:
—Жатырмысың, қарағым,
Басыңда күдері, шырағым,
Ханнан келген қырық елші
Кешегі өзің өлтірген
Әлібидің құны үшін
Шұбар атыңды сұрайды,
Есітпей ме құлағың.
Тоғызға жасың жеткен жоқ,
Алтыдан жасың өткен жоқ.
Сорлы балам өлерсің,
Тірідей қорлық көрерсің,
Әкең менен шешеңді
Қолдан ұстап бересің.
Сонда Шора тұрды ақырып,
Жын ұрғандай құтырып,
Әкесіне сөйлейді:
—Әке, сенде ақыл жоқ!
Тамам малымды алғанда,
Аз ғана малым қалғанда,
Мал сұраған кім?—дейді.
Елші кірген ордаға
Ұмтылып, жаяу найзаны алып жөнейді.
Отыр екен қырық елші,
Арақ ішіп қауласып,
Өзін-өзі жауласып.
Қырық елші көріп сасады,
Жаудың түсі басады,
Көрсете «алдалап».
Арба қалды бір жерде,
Мылтық қалды әр жерде,
Үйден шығып қашады,
Қуалап Шора шаншады.
Қырық елшіні өлтіріп,
Қызыл тілі салақтап,
Қанға тоймай жалақтап,
Ауылға қайтып келеді.
Келсе де, әкесі Марықбай
Балаға тыныштық бермеді.
Сонда тұрып Марықбай
Ер Шораға сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Бала, тілімді алмадың,
Бір айтқанымды қылмадың,
Тілегімді бермедің,
Бұл қылғаның іс емес.
Ақтайшаның Әліби
Сұраусыз кетер кісі емес.
Не қылсаң да өлерсің,
Ақтайшадан қорлық көрерсің.
Өлмей тұрып кете гөр,
Басыңның қамын ете гөр.
Қазан деген қала бар,
Біздің сонда Кеуістің ұлы тама бар,
Ындысталы патша
Сол Қазанда және бар
Ындысталы патшаның
Оң тізесін басатын,
Марықбаймен туысқан
Он жеті жаста Марықбайдан айырылған
Есімбек деген ағаң бар,
Шырағым, сен сол Қазанға бар,—дейді.
Тоғызға жасың жеткенше,
Алтыдан жасың өткенше,
Сен Қазанда бол,—дейді.
Өлсек біз-ақ өлейік,
Өлсек те сен, шырағым,
Артымда менің қал,—дейді,
Тоғыз айлық жол,—дейді,
Бір тілімді ал,—дейді.
Шешесі сүй деп жылайды,
Шораны барып сүйеді.
Төсінен аққан ақ сүті
Етегін жуып жөнеді,
«Бүгін мұнда қал,—дейді,
Бүгінше мейман бол»,—дейді.
Оң қолынан жетектеп,
Үйге алып келеді.
Алпыс жасар кемпір-шал
Таң атқанша ұйықтамай,
Кезекпенен сүйеді.
Ерте тұрып Марықбай
Шұбар атты ерледі,
Оятып алып балаға,
«Атыңа мінсең, кел»,—дейді.
Сол уақытта әкесі мен шешесі
Қолтығынан көтеріп,
Атына әкеліп мінгізді.
Тоғыз айлық Қазанға
Жолдассыз жалғыз өзі жөнеді.
Сонда тұрып ер Шора,
Шұбар атқа «шу» дейді,
Табаны жерге тимейді,
Тұяққа тиген қара тасты
Саз балшықтай илейді.
Таң сарғайып атқанда,
Шора мінген Шұбар ат,
Ақтайша жатқан қаланы
Тұмсығымен тірейді.
Ат үстінде тұрып ер Шора,
Ақтайшадай батырды
«Мұнда кел»,—деп шақырды,
Шақырып алып сөйлейді,
Сөйлегенде Шора не дейді:
—Мен көк кебісті тамамын,
Марықтың ұлы Шорамын.
Мұндағы тама азынан,
Толарсақтың сазынан,
Алдымда аға жоғынан,
Мұндағы жаудың көбінен,
Тоғыз айлық Қазанға
Жолдассыз кетіп барамын.
Аман барып, сау келсем,
Тоғыз үйлі таманың
Тауығына тисең де,
Қолыңнан санап аламын.
Мен Қазанға барғанша
Қар жаумасын, нұр жаусын.
Мен Қазанға барған соң,
Маған десе қан жаусын.
Мен Қазаннан келгенше,
Тоғыз үйлі тамаға
Өздігіңнен тиме,—деп,
Әкем Марықбай жатқан ордаға
Сұраусыз барып кірме,—деп,
Егер тисең тамаға,
Менен басқа кісіден
Еш жамандық көрме,—деп,
Мен сияқты батырды
Айтпай кетті деме,—деп,
Киді сауыт беренді.