Ертедегі Шора батыр (3-бөлім)
Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 2 мин оқу
Хан да берді рұқсат,
Би де берді рұқсат.
Бәрі рұқсат берген соң,
Шал ордаға енеді.
Бесікте жатқан баланың
Бетін ашып көреді.
Сонда шал сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Кеуісұлы тама бар,
Бұл таманың ішінде
Марықтың ұлы Шора бар.
Маңдайының арасы
Қарыс сүйем сере бар,
Көрмегенше көре бар,
Мұнша көр ме кемпір-шал?
Тоғызға жасы жеткенде,
Жау қайраты біткенде,
Ақтайша, Әліби[ден] теңдік алар, Құдай, бұл!
Қарындасы баланың
Тұрғын сұлу болсын деп,
Осы айтқаным келмесе,
Кебе кетіп барамын,
Барғанымен келмейін.
Диуана болған бабасы
Ақ сары бас қу болып,
Аспанға ұшып жөнеді.
Сол уақытта жылап тұрған бәйбіше
Құдай тілек берді деп,
Баласын бауырына басады,
Үйіне алып қашады,
Марыққа алып келеді.
Алма-кезек таласып,
Кезекпенен сүйеді.
Бұлар баласын сүйіп жатқанда,
Әліби сонда ақырды,
Қасындағы нөкерге
«Атқа мін!»—деп шақырды,
Барып атқа мінеді.
—Марықбайға барайын,
Жаңа туған баласын
Өз қолыммен өлтіріп,
Қарындасы Тұрғынды
Қолымнан өзім өсіріп,
Жалғыз балам Боздаққа
Тоқалдыққа алайын.
Бабасы мұның бар екен,
Атын қойып кетті,—деп,
Бұл секілді баланы,
Марықтан туған Шораны
Өлтіргенім енді,—деп,
Темір киім киеді.
Келте қара ту алып,
Қырық жігітін қолға алып,
Марықбайды қаптай шауып жөнеді.
Баласын сүйіп жатқанда,
Сол уақытта бәйбіше,
Үйден шығып көреді,
Көреді де сасады,
Бетінен қаны қашады.
Алты қапты ақ сандық
Тепкілеп келіп ашады,
Табаннан ділдә шашады.
Әлібиден басқасы,
Қасындағы қырық жігіт,
«Осы қандай олжа»,—деп,
Әлібиден басқасы
Қалаға қайта қашады.
Сонда тұрып Әліби
«Марықбай!»—деп шақырды.
Шақырып алып сөйлейді:
—Марықбай, мұнда кел,—дейді,
Алты жасқа келгенше,
Өсіріп өзің сүй,—дейді,
Алты жасқа келген соң,
Шора менен Тұрғынды
Өз қолыма бер,—дейді.
Әліби қайтып жөнейді,
Әліби қайтып кеткен соң,
Шора екі жастан өткен соң,
Бес жасына жеткен соң,
Нақ бес жасқа келгенде,
Садақ буды беліне,
Нан піседі деміне.
Тау келсе де тәрк етті,
Қарсы келген жөніне.
Екі беті албырап,
Алтын туы жалбырап,
Қабағы тастай түйіліп,
Жеңсіз сауыт киініп,
Қозы жауырын оқ алып,
Құс іздеп жаяу шығады.
Асаудың байтал құлыны,
Шора аңға кеткен соң,
Жеті таудан өткен соң,
Шора аңға барған соң,
Ауылы иесіз қалған соң,
Әлібидің баласы
Әділ он бес жасында.
Сонда Боздақ деген Әлібидің баласы,
Құс телпегі басында,
Қырық баласы қасында,
Боздақ сонда сөйлейді
Қырық баласын ертіп:
—Тоғыз үйлі тамаға
Осы түсте барайын.
Алты жасар Шораның
Қарындасы Тұрғынды
Тоқалдыққа алайын.
Қырық баласын ертіп,
Боздақ заулап жөнеді,
Тоғыз таманың желкесіне келеді.
Тоғыз үйлі таманың
Ауылдағы тоғыз баласы
Келе жатқан Боздақтың
Алдынан шығып көреді.
Сонда тоғыз бала сөйлейді:
—Шора ауылда жоғында,
Хан Боздаққа барайық,
Асық ойнап қалайық.
Асық ойнап тұрғанда,
Хан баласы Боздақтың
Қырық баласын қарайық.
Ер Шораның тұсында
Қырық жыл жеген шығынды
Бүгін барып сұрайық,
Сұрамай не қып тұрайық.