Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (5-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 4 мин оқу

Әлқисса, Нәрікбай патшадан жақсы әмір естіп, көңілі қош болып барып Керміс деген жерге қонып, белеңнің белін жайлау, қыстау қылып жата берді. Енді ол елде Әліби, Ақшаби деген екі би бар еді, ел-жұртты билейтұғын сол екі би еді. Әр жұмада ол екі би Керміске аң аулар еді.

Зорлықшыл, әдепсіз жаман адамдар еді, Қараханды атқа отырғызып патша қылса да, әкім жүргізіп, жұртты билейтін осы екеуі еді. Әр жұмада Керміске құс салып, аң аулап жүруші еді. Аң аулап жүріп Кермістегі көп малды көріп: «Бұл қалай?»—деп сұрайды. Сонда: «Бұл Арқадан ауып келген ел»,—деп біреу жауап берді. Сонда Әліби сұңқарды тастап, жамандықты бастап, тамаларға қарай жүре берді.

Ауылға қарай ат қойып,
Әліби сонда жөнеді.
Малда жүрген малшылар
Әлібиді көреді.
Малшының бәрін сабады,
Малды жиып алады.
Қайысқан болат сынады,
Желіккен жүйрік тынады.
Ауылға келіп, ат қойып,
Бажырайып тұрады.
—Бұл—таманың бастығы,
Қаңғырып шыққан елінен.
Басы симай көбінен,
Безер болып елінен,
Нәрікбай қубас қайда?—деп,
Келе бір айғай салады.
Бөрі ішігін сүйретіп,
Нәрікбай үйден шығады.
—Ау, Нәрікбай мен,—деді,
Әлібимісің сен,—деді,
Көп сөге берме, Әліби,
Мен де өзіңдей ер едім.
Құдіретіне Құдайдың
Кім көнбейді көр,—деді,
Жақсы адам мұндай болмайды,
Не қыл дейсің, не?—деді.
—Жайылған жерім Кермісін,
Кермісінді сұраусыз
Қонып жатқан елмісің.
Шалқып жатқан көлімді,
Бағулы тұрған жерімді
Сұраусыз менен жүрмісің.
Басың симай көбіңнен,
Безе қашып еліңнен.
Қартайсаң да адасып,
Қадірден болған жеріңнен.
Бейіліңе бермей бір перзент,
Нәрікбай қубас сенбісің?
Бергін зекет малыңды,
Қинамай тұрып жаныңды.
Айтқаныма көнбесең,
Төгемін дереу арыңды.
Әліби тағы сөйледі:
—Хан зекетін бересің,
Хан бедерін көресің.
Бұқара болсаң патшаға,
Айтқаныма көнесің.
Зекетімді аламын,
Салығымды саламын.
Ашулансаң ауып кет,
Артыңнан қуып шабамын.
Зекетімді бермеске,
Бар ма, Нәрік, қаліңіз?
Қалай да болса аламын.
Сонда Нәрік сөйлейді:
—Жақсы айтыпты ханыңыз,
Хандікі емей, кімдікі
Жинаған біздің малымыз.
Саған зекет беруге,
Арық біздің бәріміз.
Түйеден тоғыз алыңыз,
Жорға менен жүйрік көп,
Қаласаң қолқа салыңыз.
Саған зекет беруге,
Осылайша қалымыз,
Келмейді біздің жайымыз.
Әліби сонда сөйлейді:
—Не дейсің, бәлем, сен,—деді,
Зекет алмай кеткенді
Көремін бе мен?—деді.

Астында бар күлсары ат,
Омырауменен қағады.
Нәрікбайды Әліби
Омыраулап барады.
Қаз ұялы қамшымен
Келтіріп басқа салады.
Бастан аққан қара қан
Омырауын жабады.
Қырық үйлі тама бес ауыл,
Бес ауылдың несі ауыл.
Көрген соң есі қалмады,
Малына қарай шабады,
Алып кеп малды қамады.
Алсаңыз міне зекет деп,
Алдына әкеп салады.
Оннан бірді алып қалады,
Жылқы, түйе, сиырдан.
Азат қылар мал болмады,
Жылатты Әліби баланы.
Ең жаманы қойын да
Мыңнан айдап барады.
Тамалар шулап жылайды:
—Мұсылман деп кеп едік,
Тұз қылған екен кәпірді.
Шыныңменен, Құдай-ай,
Аударған екен қонысты.

Таңдап салды тамаға,
Құнан қой тоғыз сойысты,
Сойысын бірден сояды.
Артылғанын Әліби
Жақынына қояды.
Тамадан келген адамға
Бір бақай да бермеді,
Қорлықпен көзін ояды.
Нәрікбайды Әліби
Шақыртып енді алады.
Бір көкшолақ шапанды
Әлібиге жабады.
Жапқаны оның құрысын,
Қырық үй қоңсы тамаға,
Қырық орман ішіктен
Салық қылып салады.
Халі келген байлары
Жүгіріп үйге барады.
Алып келіп ішікті,
Қошамет қылып үстіне
Әлібидің жабады.
Халі келмес кедейлер,
Үйді-үйіне келісті,
Отының басын тебеді.
Қазан деген қаладан
Ертіп келген сенсің деп,
Бір-бірімен керісті.
Ылажы бар ма кедейдің,
Көтеріп алып берісті,
Енді Әліби жөнеді.
Түрікпен қалың ел еді,
Кермісінді сағалап,
Көп жылқыны аралап,
Жорғасы мен жүйрігін
Ұстап алып саралап,
Үкімменен келеді.
Көп жылқының ішінде
Шортан балық секілді
Шұбар атты көреді.
Шұбар атты көрген соң,
Есі кетіп Әліби,
Ұстайын деп ұмтылды.
Аузын ашып Шұбар ат,
Тістейін деп қымтынды.
Айнала артын береді,
Қос аяқтап тебеді.
Ұстатпасын білген соң,
Қараханға бармаққа,
Ханды салып алмаққа,
Әліби сонда жөнеді.
Қараханның алдында
Әліби айтқан сөзі еді:
—Ассалаумағалейкум,
Алдияр тақсыр, Қарахан,
Атадан жетім бала хан.
Астыңда алтын тағыңыз.
Алыстан ауып ел келді,
О да сіздің бағыңыз.
Алыстан ауып келіпті
Тама деген еліңіз.
Еліңіз келіп тасып тұр,
Осы күнде көңіліңіз.
Сүйінші, тақсыр, сүйінші,
Сүйіншімді беріңіз.
Сен едің менің досым-ай,
Дос болып едің жасыңда-ай.
Менен басқа еш адам,
Қалған жоқ еді қасыңда-ай.
Осы күнде хан болып,
Дәулет қонды басыңа-ай.
Тауға біткен тарыдай,
Жапырағы сарыдай.
Астымдағы күлсары ат,
Ет алмады арыды-ай,
Жасы жетіп қарыды-ай.
Мейірмандық қылыңыз,
Дос мінгендей тәуір ат
Тамалардан табылды.
Егер мені дос білсең,
Сол тамаға барып кел,
Бар да қолқа салып кел.
Бір шұбар ат бар екен,
Қоңсыңнан тілеп алып бер.
Тірі қылса Құдайым,
Төрелікке сайлайын.
Есіттім қырық қоңсыңды,
Сізді де, тақсыр, сынайын.
Сол атты мініп алдыңда,
Қызмет қылып тұрайын.
Сол шұбар атты алып бер,
Ақыңа дұға қылайын.
Таманың жайын есітемін,
Бүгінде сізге жақындап,
Өзің біліп жоқтасаң,
Менің біліп нарқымды.
Айтқан сөзді тыңламай,
Бүлдіріп алма халқыңды.
Әуелі сізден өтейін,
Арызымды айтып кетейін.
Айтқаным тура болмаса,
Өз бетіммен жүрермін.
Оңғарар Тәңірім атымды,
Қырық мың үйлі қайрақты,
Қырық мың үйлі айрақты,
Екі қырық мың қосылса,
Біреудің сорын қайнатты.
Мінермін десем, мінермін,
Мінгізбес адам қай жақта?
Сөзсіз жерді жегізіп,
Бір бұзықты келгізіп,
Еркелетіп қоймаспын,
«Мен де патша» дегізіп.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз