Қисса Нәрікбай-Шора (8-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
Түн билігін алады,
Хан базарға барады.
Бұрынғы жүрген маршаптың
Бәрін ап кеп бекеуіл,
Күнәһар қылып қамады,
Өзінен маршап салады.
«Біреу біліп қоймасын
Ісімдің деп ойлады.
Қара жорға ат мініп,
Жал-құйрығын шарт түйіп,
Жолға түсіп созылып,
Лашын құстай түйіліп,
Қамшы ұрып аттың баурына,
Түн ортасы болғанда,
Нәріктің келді аулына.
Бекеуіл келіп сөйлеп тұр,
Нәрікбайға айтқан сөзі бұл:
—Жатырмысың, Нәрікбай,
Бейшара болған ғаріп бай.
Жатқаның сенің бекер-дүр,
Қараханға жолықпай.
Аламын деп Әліби,
Жолыңа тұзақ салыпты-ай.
Бір шұбар атың бар дейді,
Судағы сазан балықтай.
Түбіңді Құдай оңғарар,
Ерлерге тілеу бермейді,
Сендей болып тарықпай.
Екпіндеп соқтың дауылдай.
Қасиетті деуші еді,
Халқыңа тиген көп пайдаң
Көктемдегі жауындай.
Қара ағаштай түрікпенге
Қадірің кеткен жоқ еді,
Жаңа піскен қауындай.
Ойда жоқ жерге кеп қалдың,
Орғыған құлан шаңындай.
Дүниең қалың ер дейді,
Қарынбайдың малындай.
Сен Қазанда жүргенде
Алмаған жауың қалмады.
Қаптаған қара жалындай,
Бір үлкен жұмыс кез болды.
Қайратың бар шағыңда
Басыңды көтер ұйықтамай.
Саған бір дұшпан табылды,
Жерінен ауған құландай,
Дәулетің қалың тұмандай.
Бір дұшпанға кез болдың,
Ысқырып жатқан жыландай.
Әлібиді жын ұрды,
Сіздің мінген Шұбардай,
Мінгенім менің Құла ат-ты,
Жақпаса Тәңрім шырақты,
Қамыңды же, тамалар,
Шаппаққа түрікпен ұнатты.
Тоғыз сабаң толмаса,
Тобаң қабыл болмаса,
Ал балаңды жылатты,
Ойлама мұнда Қазанды.
Қызының кегі қалғандай,
Алмақ болды амалдап
Астыңдағы алаңды.
Тоғыз күнге жеткенше,
Толтыр, шіркін, сабаңды.
Түрікпендер той қылып,
Қылды саған амалды.
Қамыңды же жатпағын,
Кетірер болды мазаңды.
Бекеуіл соны айтады,
Айтады да қайтады,
Бір оқиға болғанын
Нәрікбай сонда байқады.
Әркімнен артық сәулеті.
Түркпендер қор қылды,
Бұ да ақтың нәубеті.
Ол уақытта көп еді,
Тәңрінің берген дәулеті.
Он мың жылқыға жөнеді.
Қоңыраулы нардың үстіне,
Тоғыз саба артып ап,
Үш күн сауып биені,
Үйге қайтып келеді.
Тоғыз саба толғанда,
Тобасы қабыл болғанда,
Сәске түстен қалма деп,
Сәске түстен қалсаңыз,
Шұбар атты алмай келме деп,
Ертең ерте түрікпеннен
Біреуге хабар береді.
Есі жоқ есірік надандар,
Хан тойына барам деп,
Барлығын тауып киінді.
Үстіне ілмей Нәрікбай,
Бір теңгелік киімді,
Әлібиден қорыққаннан,
Бір сұмдық ойлап түйінді.
Басы бұлтқа жеткенмен,
Жалғыздың ісі қиын-ды.
Сыр айтпай халықтың біріне,
Сиынды кәміл піріне.
Ерте тұрып ентелеп,
Дүние түбі келте деп,
Патша Нәрік жөнеді.
Қорыққаннан қошемет,
Әлібидің тойына
Тоғыз бие жетелеп,
Бүкең-бүкең желген ат,
Еркінше шауып көсілді.
Нәрікбайды алмаққа
Әліби жаман есірді.
Тоғыз бие жетелеп,
Сәске түстен қалмастан,
Тойға келген секілді.
Ал, Әлібиге хабар болды. Қараханның айтқан сөзіне ілесіп, тоғыз саба толтыра алмайды деген іші ақымақтыққа салып жүргенін білмей, мына Нәрікбай тоғыз саба толтырып келіп тұр деп Әлібиге хабар болды. Сонда Әліби Қараханды бір боқтап, һәм Қараханның сөзіне еріп жүргеніне өзін-өзі бір боқтап, бек қапа болды. Өзіне-өзі пышақ ұрмақ болып жана жұртына жар қылып айтып қойды: