Қисса Нәрікбай-Шора (30-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Хан иек қақты нөкерге,
Сырлас болған қулары
Жез найзаны көтерді.
Ит қарғыса шабынып,
Бір бөріге жетер ме?
Жабыла шапты қырық жігіт,
Жалпылдасып бекерге.
Екі көзі Шораның
Оттай болып жанады.
Баланың өзі білмейді,
Бетінен нұры тамады.
Әліби тұр орнында,
Назарға қырғын салады.
Бір ақырды айбатпен,
Қырық жігітке қарады.
Ол уақытта жігіттің
Еш дәрмені қалмады.
Бар тапқаны бұлардың,
Әлібидің артынан
Құр иланып шабады.
Ыза болып Әліби,
Күші тасты білектен,
Оты шығып жүректен.
Бауырын үзді белсеніп,
Келе салды найзаны,
Ер Шораға жүректен.
Салғанда найза өтпеді,
Қанымнан, қаттау жібектен.
Өтер еді найзасы,
Бір адам мұны күзеткен,
Найзаны қағып қолменен.
Тағы ұрды Әліби,
Шоқпарымен күшейіп,
Үзіліп шоқпар сынады,
Шораны ұрған бойымен.
Енді қылыш шығарды,
Қамқапты қарттың ойымен.
Кезек келді Шораға,
Пір қолдаған балаға.
Бұ да салды найзаны,
Батпай кетті далаға.
Қылыш ұрып шоқпармен,
Балта шапты жана да,
Екі батыр соғысып,
Жан түспейді араға.
Бірін-бірі ала алмай,
Қайраты кетті далаға.
Қолы тиді Шораның
Сақал менен жағаға.
Қиын келді Әліби
Он бір жасар балаға.
Екі дария мұж ұрып,
Түйіскендей болыпты.
Сықырласып екі тау,
Соғысқандай болыпты.
Екі айдаһар бетпе-бет,
Болысқандай болыпты.
Бағанағы қырық жігіт,
Сауысқандай болыпты.
Ат үстінен алысты,
Аты жата қалысты,
Найза, балта, қылышты,
Еш нәрсеге қарамас,
Бекерге жатып қалысты.
Бірін-бірі жібермей,
Екеуі де іздеп намысты.
Әліби үлкен, Шора жас,
Бірін-бірі аямас.
Салысып Шора екеуі,
Қайраты болды қарсылас.
Түс қайтып, бесін ауғанда,
Жастық қылып Шораның,
Қабырғасы қайысты,
Бақайшығы майысты.
Әлібиден қысылып,
Сұрады пірден қуатты.
Құдайы жәрдем болмаса,
Шорасындай пендеге.
—Балтам тиді еменге,
Жолықтым тыңнан көбенге.
Әлімді білмей асылдым
Асуы жоқ кезеңге.
Қуанышты едім пірің бар
Қолдайтұғын дегенге.
Қолдар болсаң қолда енді,
Кетер болдым тереңге.
Әлібимен алысып,
Таба алмадым айласын.
Он бір жасар жас бала
Бір қабанға не айласын.
Әліби өлсе, жұрты көп,
Мен өлсем, кетер аз басым.
Қара жорға ат мінген,
Жал-құйрығын шарт түйген,
Тәрбие қылар деп жүрген,
Қаратаудың бауырында,
Қара көлдің қарнында,
Бабай Түкті Шашты Әзіз,
Айналайын атыңнан,
Шығармаушы едім жадымнан,
Бар болсаң қолда, қайдасың?
Сыйынады піріне,
Пірі жарар күніне,
«Енді қашан көремін,
Пірлігіңнің пайдасын».
Тарыққаны болмаса,
Әлібиден қысылып,
Қамыққаны баланың,
Аян болды өзіне.
Жетіп келді балаға.
Қиямет соғысы болып тұр,
Батпақ су деген арада.
Келіп дұға қылады,
Қабыл қып Құдай дұғасын,
Әлібиді жығады.
Жазбаның иісіндей,
Мұрнына кеп енеді,
Пірінің берген қуаты,
Мас қылып қайрат береді.
Батыр Шора құтырды,
Ақ найзаға түкірді.
Қайтадан шығып дем алып,
«Кел, бабам»,—деп ұмтылды.
Арылдаған бойменен,
Ашуын жиған қолменен,
Әлібиді жүректен
Салып қалған секілді,
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен.
Жұрындай қылып ұшырып,
Жалғыз түрткен найзамен.
Ұшырып жерге түсіріп,
Суырып алды найзасын.
Жер тырмалап Әліби,
Қатып қалған сықылды,
«Шаншы, міне, түйре,—деп,
Тастақ жерге сүйре»,—деп,
Қырық жігіттің артынан
Түсті Шора кем байлап,
«Кел шаншыс» деп айғайлап,
Қырқын бірден өлтірді.
Қайтпасын тірі үйге деп,
Қырқының кесіп кеудесін,
Аузына тығып бөлмесін,
Қайтып келді көргелі
Түсіріп кеткен пендесін.
Қайтіп келсе Әліби
Екі қолмен жер тіреп,
Екі көзі жасарып,
Көтеріп отыр кеудесін.
Атынан түсіп Ер Шора,
Кескелі келді келдесін.
—Ей, Әлеке, Әлеке,
Неғылған сен пендесің.
Бір дәрім беремін,
Қапа болма, өлмессің.
Сонда Әліби жылайды,
Шыбын жанды қимайды:
—Өлтірмесең, Ер Шора,
Қолға түскен пендемін,
Болып тұрмын бейшара.
Ер сүрінбей танымас.
Нәрекем болса қимас ед,
Әлі де болса аз ғана,
Қайратыңды таныдым,
Жетіп қапсың жас бала.
Бір шыбындай жан тәтті,
Барар едім үйіме,
Мені іздеген қайрақты,
Жолығар едім бәріне.
Ендігісін өзің біл,
Тіл тигізбейін піріңе.