Көрұғлы (1-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Қызылбаста Шаадат деген хан өтеді екен. Сол Шаадат дейтін хан дүниеге келген соң әсемпаздық, сұлу көркемдікті өзімнен өткізбеймін деп дүние жүзіндегі асыл тас, лағыл жауһарларды жинап, мұртына тізіп, соның сәулесіменен қызылдап, өзінің отырған көлеміне жарығын түсіріп отырады.
Бір күні ой туды Шаадатқа «Осы дүниенің жүзінде менен сұлу, көркем адам бар ма екен. Халық дегеніміздің құлағы алыстан хабарласып тұрады ғой, осы халқымды жинап алып, менен көркем адамның бар екенін, жоқ екенін халықтан сұрап көрейінші» деп, сол оймен бір күні халқын Шаадат жинап алды. Халық түгел жиналды дегеннен кейін:—«Сіздерді жинап тұрғаным дүние жүзінде, осы менен көркем, сұлу адам бар ма, соны көрсеңіздер, қорғанбай айтыңыздар! Мен өзімше өз алдыма, өзімнің алдыма көркемдіктен ешкімді түсірмеймін,—дейді. Сонда Шаадаттың елінде бір мәстен кемпір бар екен, үш жүз бес жасқа келген екен, сол елде өмір сүрген екен, сол уақытта дейді. «Бір қасықтай қанымды кешсең, балам, мен айтайын», деп, халық бара алмай тұрғанда, мәстен кемпір барыпты. «Қаныңызды кештім, толық айт. Таба алмасаң басыңды кесем» дегеннен кейін, кемпір «Тәп-тім» деп Шаадатқа айтып жатқан жауабы:
—Сіз әшейін әсемдікпенен әсемпаздықты қолдан үйіріп отырсыз. Қайдағы асыл тас, лағыл жауһарды жинап мұртыңызға тағып, соның сәулесімен ғана көрікті көрініп отырсыз. Сіздікі қолдан еккен екпе. Түрікпен деген ат төбеліндей ел бар. Оның Толыбай дейтін бегі бар. Онан туған баланың бәрі, шынжыр қатар бек деп айтады халық. Сонан бір бала туды, атын Бек қойды. Ол баласы көркейіп ат үстіне мінген соң, Бектің үстінде бір бұлт жүретін болды. Ол жүрген жерде өмірі қараңғылық болмайды, күні де, түні де жарық болатын болды. Соған Бекке Раушан дегенді қосып, Раушанбек атаныпты тағы, сіздікі әшейін-ақ, сөз көлеміңіздегі үй ішінде тұрған, қолдан істеген өнер ғой,—деді.
Олай болса,—деді Шаадат,—менің алдыма тірі жүргенімде ондай әсем сұлу, көркем адам түсуге тиісті емес,—деп ойға келіп, өзінің мейірімсіз мирахорларын шақырып алып,—сондай бір жан бар дейді, соны маған байлап әкеп бер,—деді. Соған мирахорлары аттанып барып Әуіс дейтін көлге құс салып жүргенінде, қапыл Раушанбекті әкелетін күні Шаадат жатып түс көреді. Түсінен жаман шошып, ертеңіне халқын жинап алып, осы түсімді шешетінің бар ма?—деп түсін айтып жатқан жері екен.
Өте қайрат шапқан Шаадат түс көрді,
Арылмайтын атқара алмас іс көрді.
Раушанбекті мирахор әкеп байлаумен,
Таң алдында жатып Шаадат түс көрді.
Бір мықты кеп етті бұған қысымды,
Адам екен қарай алмас ұсынды.
Алтын тақта тапжылмастан отыр еді,
Кідірмеді келісімен ұшырды.
Түнде көрген Шаадат хан түсінен,
Айрылды сол буын кетті күшінен,
Қалай болсын ойлағанда тұрағы,
Сөнгендей болды жайнап тұрған шырағы.
Көрген түстен жаны қалмай шошынып,
Таң атқан соң Шаадат хан тұрады.
Аудырмады Шаадат хан қалыпты,
Көрермін деп ойлаған жоқ жарықты.