Көрұғлы (30-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Барғаннан соң хабар шашып жинады,
Той жасады өзінде сол халықты.
Тұлпар аттың қалған соң артта тұяғы,
Балапан ғой қыран басқан ұяны.
Халқын жинап бірнеше күн той қылып,
Гүлнарды сол Кәждекемге неке қияды.
Кәждем айтты: «Дүнияның көрдім жалғанын,
Небір күнде қайғыменен зарладым.
Балалы адам жетеді екен мұратқа
Титтей жоқ,—деді, Кәждем,—арманым.
Баласыздың қайғыменен күні өтеді,
Таппайды ол өмірінше төтені.
Қариялардың сөзі қандай асылды,
Балалы адам деген мұратына жетеді.
Кеулімнен кетті-ау барлық уайым,
Айтпай мұны енді қайтып шыдаймын.
Талабыма жеткіздің, перзентім
Ризамын, Жаратқан жалғыз Құдайым!».
«Болмас,—деп, ем өмірінше қатаңдық,
Шаттандырсам келіп мұндай атамды.
Райханнан көрген азар есімде,
Бер деп, тағы қолын жайып батаңды.
Көрейін мен Райханның сылайын,
Жәрдем болса мен жалғызға Құдайым.
Халқым түгел батаңды бер,—деп, қол жайды,—
Қайта айналып шаһарына барайын.
Не екенін ойлап қайдан білер-ді,
Ашу қосып бұрыннан жүр бұл ерді.
Ел-жұртынан атасынан бата алып,
Ойнақтатып Ғиратпенен жөнелді.
Қабыл болса Көрұғлыбектің тілегі,
Алдыңғы топта сол Райхан да тұр еді.
Жер қайысқан әскері бар Райхан,
Жалғыз өзі сол майданға кіреді.
Қойға тиген бөрідей-ақ Көрұғлы,
Бөлек-бөлек жауды алысқа бөледі.
Айлалары еркін ердің асып жүр,
Дұшпан жаман Көрұғлыдан сасып жүр.
Келе алмайды бетіне тура біреуі,
Сұсы жаман Көрұғлының басып жүр.
Келе алмастан қарсысына біреуі,
Тау тасалап, жан сауғалап қашып жүр.
Жалғыз өзі сол майданға барып жүр,
Қарсыласқан есінен әбден танып жүр.
Бұрқ-сарқ етіп айқасып қалса біреуі,
Ат сауырынан төңкеріліп қалып жүр.
Құтқармайды Ғират аты қашқанын,
Бөлді жаудың тас-талқан ғып составын.
Жер тезектей түсірді жерге Көрұғлы,
Домалатып кесті жаудың бастарын.
Шырқыратты арабтардың жандарын,
Атқызбады төніп алып таңдарын.
Өзен бойын сарқыратып ағызды,
Судай қылып арабтардың қандарын.
Таудай еркін орындап жүр талабын,
Бұл сияқты жаратқан артық дананың.
Басқан сайын Ғират аты астында,
Жазып барад еркін шауып қадамын.
Жақын жерде қолын алып тартып жүр,
Кезең келіп қалғанында садағын.
Жақын жерден көріп тұрып санапты,
Кеңінен жайды Көрұғлы бек қанатты.
Садақ алып тартқанында Көрұғлы
Он-он бестен топырлатып құлатты.
Ақыл менен көрдіңдер ме айласын,
Айласының көріп тұрды пайдасын.
Оңды-солды кездескенді төніп жүр,
Жауларға сап өкпесінен найзасын.
Жауларды да кеңінен кеп жайратты,
Тереңінен бұл сол ойларын ойлатты.
Батырларын шаншып алып найзамен,
Маймылдай-ақ көтеріп көкке ойнатты.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Айтылған сөз есінде еді жаңағы.
Сескенбейді асыл туған Көрұғлы
Жалғыз өзі ортасына барады.
Артық пенен көріп тұрды кемдерін,
Тәңірі артық жаратқан соң ерлерін.
Шешінер ме аттан түсіп Көрұғлы
Болғаннан соң тұйықтап бір белдерін.
Тозаң қылып тоздырады Райханның,
Жатқан бойда елсіз мынау жерлерін.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Ердің жүзі ойласаңыз харамы.