Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (14-бөлім)

Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу

Анық толық Ақалайдың есі еді,
Өзі айтып, өзі сиынып шешеді,
Күләйімға көрген түсті айтады,
Ертең түсте шаһит болып көшеді.
Қайтып болсын бұл ғарыптың тұрағы,
Көзі көрді өлігін сол жаңағы,
Қамқұн болған Күләйім еді бұл ғарып,
Жаппар Ие деді дағы жылады.
—Кеуіліне салған соң енді уайым,
Хақ ісіне сабыр қылып тұрайын,
Қамқұн болған еңіреттің перзентті
Ақалай еді тілегі сол Құдайым.
Басымыздан қапылдық талай өткені,
Жанымыздың көп машақат шеккені,
Қадір мәулен, не жазығым бар еді,
Туғаннан-ақ көзімнің жасы кеппеді?!
Бұл дүниеде енді қайтып жүремін,
Қандай өмір қызық пенен сүремін?
Еңіреттің, Жаратқан Құдай, қайтадан,
Мына Ақалай ед жалғыз менің тілегім.
Айтқан менен болмайды ғой енді бос,
Қадір мәулен Жаратушы көңіл қош,
Оңға айналмай келе жатыр туғаннан,
Не жазығым бар еді енді біздің?
Жан перзентім, жүрегім әрі бедерім,
Амал қанша, Ақалай жан, қайыр қош!
Көңілімнің көп болып тұрған халалы,
Туғаннан-ақ қайғының тиген залалы.
Құл да болса өз қолында жүр еді,
Есітті де, еңіреп келді Бабалы,
Ақалайдың өлігін құшып құшақтап,
Зар еңіреп Бабалы да жылады:
—Бұл жалғанда енді қайтып жүрермін,
Қандай өмір, деп еңіреді, сүремін?!
Ертең Кәждем есен келсе бұл жерге,
Жан перзентім қайда десе не дермін!
Сөнгені ме шыны менен шырағы-ай,
Жұмысымның келмей қалды-ау ырай-ай!
Қадір мәулен ортамызда пәрзент еді,
Бізге мұны қимадың ба Құдай-ай?!
Еңіреуменен қашанға отырсын параға,
Жазуына Хақтың енді бола ма!
Ақалайды ақ жусын арулап,
Апарып қойды шеткерілеу молаға.
Ердің қайтып енді шығар атағы,
Қайғыменен басын толық шатады.
Бабалы да хасірет шегіп қамқұн боп,
Бірнеше күн үйден шықпай жатады.
Миа салы қыс болмай барад бойына,
Ұшырады қайғының үлкен тойына.
Қамқұн болып он күндей бұл жатып еді,
Бір ой түсті Бабалының ойына.
Бұл дүниеде не болмақшы кепесі,
Босады ма өмірдің де шегесі,
Ертең Кәждем келіп менен сұрайды-ау,
Көп жылқының мен деп кетті-ау игесі.
Қайтып енді ижтиһат қылып тұрайын,
Жәрдем бізге болар да тағы, құдайым,
Кәждем келіп жылқым қайда дегенде
Не деп жауап бере алмай тұрайын?!
Қамқұн болып жатқан менен болмайды,
Түгел шығып жиыстырып санайын.
Бойын алып шықты бір күн далаға,
Барып жүрді бөлініп кеткен қараға.
Оң болса енді Бабалының талабы,
Басқан сайын гүл бітіп тұрса қадамы.
Көп жылқысын әр жерден енді жиып ап,
Түгендеді Бабалы құл санады.
Көп жылқының өзі де иесі,
Тауып салсаң тыңдар сөздің жүйесі.
Жиыстырып санап еді жылқыны,
Ішінде жоқ жалғыз Боздыр биесі.
Көңілінің көп болып тұр алаңы,
Баратұғын мерзімді жерін қарады.
Таба алмады іздегенмен биені,
Аққа етті Бабалы құл наланы.
Таба алмайтын болды қағып шамалы,
Боз биені іздеп жүрді жер кезіп,
Боз бие еді-ау көп жылқының анасы.
Таба алмастан еңіреп ғаріп келе атса,
Ақалайдың назары түсті моласы.
Бабалы айтты енді қайтып өтейін,
Тірі жүргенде мақсұтыма жетейін,
Тумаса да, туғандай болған, перзентім,
Ақалайға дұға қылып өтейін.

Тағы оқыңыз