Көрұғлы (5-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Негізіңді байқап қалдым, Шаадат,
Негізіңе нан қосқан екен жарымай.
Осы жерде көп күн болды жүргенім,
Аз болды ма еткен менің еңбегім,
Сонда маған беріп тұрған сыйлығың,
Шалпылжы сыйлықты маған берген.
Ешкімнің жоқ бұл сөзіме таласы,
Келсе әркім сыпа берсін шамасы.
Аңғардым сенің нәсіліңді, Шаадат
Бір наубайшы құл сарттың сен баласы.
Көргеннен күнің Шаадат хан тар көрді,
Айлағанын өз кеуліне зар білді,
Әділетті айтқан жанды өлтіруге
Халықтан сол қорықты да, ар көрді.
Аудармады Шаадат хан қалыпты,
Көрсетпеді бұл сөзінен жарықты.
Бұл жұмысты ашу үшін Шаадат
Жинап алды қалдырмай түгел халықты.
Халық келіп толтырып тұрды көшесін,
Есіткенше білмейді мұның пешесін.
Бұл жұмыстың масқарасын ашуға
Шақыртып алды тағы жатқан шешесін.
Қаһан келді бір уақытта бүгіліп,
Халық тұрды ал жағынан жүгініп.
«Қай баласын танымаймын, шырақ» деп
Сықсиып жүр күн салып енді үңіліп.
Шаадат айтты: «Күтіп тұрмын манадан
Қайнады балаң кейбір қапа қарадан.
Мынау тұрған жаман құл мені «құлсың» дейді,
Шын айта ма, айтшы мұны, анажан?
Қартайса да, кемпір тура кісі еді,
Жалталамай тура жолмен көшеді.
Қалдырмады ақ-қарасын қария,
Қағып түгел енді көпке шешеді.
Менің жұптым патша болған халыққа,
Назары түскен сонда аш пен арыққа.
Ол жүргенде халқым түгел кенеді,
Шын қадірлі ел ағасы ер еді.
Халықты басқарып тұрса дағы бұл ғаріп,
Бір перзентке зар айлаған кем еді.
Жүргенінде зарығумен падиша
Бір наубайшы сарт қолына кеп еді,
Баласындай осы сартты көріп ед,
Әйел алып сартқа патша беріп ед,
Қолымызда қызмет еткен нан жауып,
Наубайшы боп сартта енді жүріп ед.
Арасында бір-екі жыл өткен соң,
Сол сарт әйелінен бір ұғлан көріп еді,
Сұм дүние ойласаңыз пасық ед,
Онда өлім өз басыма қашық ед,
Тұмсығын сол күң емшегіне тигізбей,
Бауырыма алып келіп басып еді.
Падишаның ханымы туды дегізіп,
Халыққа да толық хабар шашып ед.
Тілім сөйле дегенім осы анықта,
Түсіндірші тұрған мынау халыққа.
Сонан бері падишаның баласы
Әлі күнге шықпай келеді жарыққа.
Ешкімнің жоқ бұл сөзіме таласы,
Түрікпеннің көзінің қандай шарасы?
Шын айтады мынау тұрған Раушанбек,
Бір наубайшы құл сарттың сен баласы.
Шаадат айтты: «Көңілімнің көп болды алаңы,
Не етермін асырап баққан ананы».
Қысылғаннан көзі көрмей Шаадат
Жан-жағына назар салды қарады.
«Падишамыз, нәсіліңіз туған құл екен» деп,
Екеу-екеу күңкілдеп халық барады.
Салған үлкен Раушанбек бүлік тұр,
Бірін-бірі келген халық іліп тұр,
«Падишамыз нәсілі әнсіз құл екен», деп,
Жымың-жымың екеу-екеу күліп тұр.
Шаадат айтты: «Сөзің сенің тақымды,
Жанға жаман айтқан сөзің батыл-ды,
Өлмей менен қайда енді құтыласың,
Түсірермін қолдасың ғой сәтіңді.
Сыншы екенсің жаман құлым тоқталма,
Азын-аулақ сынап бер деді атымды.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Раушанбектің отша жанды жүрегі.
Амал бар ма екі етпейді әмірін,
Шаадаттың ізінен енді ереді.
Зығырданы Раушанбектің қайнады,
Көзі оттай ердің енді жайнады.