Түркімен Қасымхан (12-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Жанәділ сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Хасандайын ханым-ай,
Пида болсын жолыңда
Жалғыз шыбын жаным-ай.
Басымнан бақыт ауған кез,
Кетті менің сәнім-ай,
Бетімнен кетті әрім-ай.
Мен жеңілдім, сен жеңдің,
Мұны бір өзің байқашы-ай.
Жеңілген жанға достық қыл,
Қолында тұтқын болып тұр
Жанәділдей ханың-ай.
Сенікі болсын, Хасанхан,
Қазынада барым-ай.
Жез бұйдалы нарым-ай,
Тоғай толған малым-ай.
Өлтірме, тақсыр, өзімді,
Ойма менің көзімді,
Тыңда менің сөзімді.
Қасымхандай ұлыңа
Қызымды жалғыз берейін.
Керек болса, құлың ғып
Өзімді де берейін,
Дегеніңе көнейін.
Жаныса, болат өтер ме,
Жалынса, жанын кешер ме,
Алдияр бас, Хасанхан,
Мұнан артық не дейін,
Босатшы мені, алдияр!
Ғапу қылсаң күнәмді,
Зәбір көрдім демейін.
Жанәділ бұлай деген соң,
Жеңілгенін көрген соң,
Тілегін Хасан береді.
От қамалын сөндіріп,
Ордасында салдырған
Алтын үйге келеді,
Үй ішіне кіреді.
Жанәділ қызы Жәмила
Бір сұмдықтың болғанын
О да сонда біледі.
Болса да жаман демеді
Ақылға дария кең еді.
«Қатарым жаңа келді,—деп,—
Тілегім Құдай берді» деп,
Алалы көз, аршын төс,
Алма мойын, жалқын шаш,
Жарқылдап шіркін күледі.
Жәмиланың сипаты
Сегіз ұжмақ хорындай.
Ақ жүзінің көркі бар,
Ғарыштың жауған нұрындай.
«Хан ұлына тием,—деп,—
Шаһзаданы сүйем» деп,
Өз-өзінен қырынды
Айдын көлдің қуындай.
Асыл туған Жәмила
Назбенен сөйлеп керілді.
Керілгеннің белгісі—
Басарына ерінді.
Қиғаштап қасын қараған,
Құлаштап шашын тараған.
Ажар-көркі, айбаты
Батырларға жараған.
Мойны қудай үзілген,
Сұңқардай көзі сүзілген.
Кер маралдай керілген,
Бұрылса, белі бүгілген.
Шұбар ала көйлекті,
Теңбіл ала бөрікті,
Бейне оның порымы
Ирамбағы ішінде
Алма мойын үйрек-ті.
Жібектен басқа кимеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Туғалы жігіт сүймеген
Қас арудың өзі екен!
Қызылбастың халқының
Аузындағы сөзі екен.
Жанәділ сұлтан патшаның
Перзенті жалғыз қолында,
Ұлындай көрген қызы екен.
Қыз екен қиғаш қабақты,
Ақ бөкендей тамақты,
Ару екен салмақты,
Ақ күмістей бармақты.
Алтын таққа отырған,
Аузын балға толтырған,
Талай хандар айттырып
Жәмиланы келсе де,
Сөзін қабыл алмапты.
Әуре болған сыртынан
Бір ғашық жан бар екен,
Бір көруге зар екен,
Аты Марғау қалмақ-ты.
Жәмиланың көңілі жоқ,
Сыртынан мәз, дүниебоқ,
Ер Марғаудың қиялы,
Сүймесе де, ол қызды
Бір күн тартып алмақ-ты.
Хасанұғлы Қасымхан
Алтын айдар, кекілді,
Айдай ару Жәмила
Піскен алма секілді.
Екі бірдей бұраң бел
Сарайда алтын жатқанын,
Көп қызыққа батқанын
Сезген дұшман өкінді.
Екеуіне Жанәділ
Алтын сарай салдырған,
Қызылбас пен түрікпенді
Тамашаға қалдырған.
Жәмила мен Қасымды
Кең сарайға алдырған.
Екі жарым ай сарайда
Тамаша ойын салыпты
Екі бірдей балдырған.
Екі бірдей асыл зат,
Патшадан туған қос қымбат,
Өзіне дәурен тиген күн,
Талайдың ішін жандырған.