Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (2-бөлім)

Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 3 мин оқу

Бұл түсінің білу үшін мәнісін,
Таң атқан соң шақырып алды халықты.
Дайын тұрған Раушанбектің табына
Не кездеспед ердің ойла бағына.
Зар еңіреп Раушанбек тұр еді,
Душар қылды Кәждекемді бағына.
Еңірегенін көргеннен соң баланы,
Халық келіп толтырып тұр көшесін,
Не етерін Шаадаттың білмес пешесін,
Болмай қалды елдің түгел сұрағы,
Өз кеуліне қайтып сөзі ұнады.
Бұл Шаадат қысылды неден сол,
Сенделу мен халқы келіп тұрады.

Шаадат айтты:
—Бір ғажайып түс көрдім,
Өте қиын тыңдаңыздар іс көрдім.
Біреу келіп етті маған қысымды,
Қалмады жайым зәремді ұшырды.
Арпалыстым әлім келмеді дұшпанға,
Алтын тақтан мені жерге ұшырды.
Басым жерге домаланды кесіліп,
Қаным судай өз аузыма ішілді.
Салып тұрсың бұл сөзіме деді зер,
Ақылы толық Шаадатпын кемеңгер.
Жоритұғын ер болсаңдар келіңдер,
Белді буып мекем туған талапкер.
Таба қойсаң, күнің онда ашылды,
Онда қызыл көре алмассың жасылды.
Таба алмассың, әуре болып келмеңдер,
Мен табанда кесіп алам басыңды.

Мұнан кейін басыңды кесіп алам деген соң, Шаадаттың алдына бара алмай, халықтың еңсесі түсіп тұрғанда, сол елде мәкәндаған жасы жүз беске келген бір мыстан кемпір бар еді. Сол мәстен кемпір—бастан аяқ жердің жүзін кезіп отырған, көп жасаған кемпір. Сол Шаадатқа барып:

—Бір қасықтай қанымды кешсең, балам, мен осы түсіңді жорып берейін,—деді.

Хан:—Кештім,—деді.

—Мен емес түсің балам табылды,
Ел қиналып мұның үшін жаңылды.
Бастан-аяқ түсіңді, балам, жориын,
Бір қасықтай қисаң менің қанымды.
Дұшпаныңды Құдай қолға беріпті,
Енді ешкім ала алмайды ерікті.
Түнде көрген түсің сенің Раушанбек
Пенде болып өз қолыңа келіпті.
Раушанбектің орынды болды келгені,
Келгеннен соң жөн болады өлмегі.
Шешең айтқан тыңдай берші шетінен,
Шықпайды деді аңғарсам, балам, ебінен.
Сені өлтірер жау қашықтайын болмайды,
Раушанбектің болады осы белінен.
Шын нәсілін білесің бе Раушанның,
Түрікпеннің болады ол тегінен.
Кемпір тілін көрдіңдер ме алғанын,
Кеуліндегі тапқаннан соң арманын.
Халқын жинап Шаадат хан қалдырмай,
Майдан жайға құрып жатыр дарбазын,
Білмегенге сәл нәрседен себеп деп,
Бас уәзірдің қараңдар ертіп барғанын,
Құлағың сал деді барып: «Шат,
Айтатұғын өзіңізге үшбу кәп,
Көп жинаған дүние қолда мал болар,
Әркім сондай тұрмысынан зар болар.
Жалғыз басты түрікпеннен қорқып өлтірсең,
Өле-өлгенше сүйегіңе ар болар.
Бұл құлды-ей базар жаққа сатайық,
Ахірет пен көрген күні тар болар.
Қатын алмай, бала қайда осыдан
Қала түгіл қу басына зар болар».

Уәзірінің осы айтқан сөзін орынды деп тауып, кеуілін нығытты Шаадат хан. «Апарып базарға сат» деді. Раушанбектің мойнына шынжыр арқан байлап, мирахорлар базарға алып бара жатыр.

Айтқан тілін уәзірінің алады,
Алмағанда ақыл қайдан табады?
Шынжыр арқан мирахорлар кешікпей
Мойнына Раушанбектің тағады.
Әмірін сол ойлау үшін патшаның
Жетектеумен базарға ертіп барады.
«Құл сатамын кімдер қардар, кім алад», деп
Жаңғырықтырып базарға айқай салады.
Түс ауғанша базар сауда қыла алмай,
Түс ауған соң базар тарап барады.
Көрген күні бұл ғаріптің тар еді,
Ойлағаны аңғарсаңдар бар еді.
Сәудегерлік кәсібімен беті ауған
Жалғыз үйлі бір түрікпен мұнда бар еді.
Етпеуші еді тіршілікте өмір ет
Ашып еді өз-өзінен енді шет.
Жүруші еді қызылбаста тірлік қып,
Аты еді ол түрікпеннің Кәжденбек.
Тайып тұрған Раушанбектің табына,
Не кездеспейд ердің ойла бағына?
Зар еңіреп Раушанбек тұр еді,
Душар қылды Кәждекемді бағына.
Еңіреген көргеннен соң баланы,
Жақын келіп тыңдап тұрды жанына.
Назар салып қарап еді Кәждембек,
Түрікпен елдің ұқшастырды задына.
Таныған соң, адам шыдап тұрар ма
Бірге туған өзінің тектес қанына?!

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз