Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (9-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сол уақытта Қараманнан
Жанәділдей патшасы
«Жауыңа бар!» деп қалаған,
Сол уақытта Қараман
Көзін салып қараған.
Тақия тасқа жиналып
Қырық мың әскер қамалған.
Тас қорғанын құлатқан,
Алты мыңдай әскерін
Бір айғайдан сұлатқан.
Қорлық көрді қызылбас
Он екі жасар баладан.
Сонда тұрып Қараман:
«Әкел!» деп атын ақырды.
«Түрікпенге барамын»
Дегеннен соң Қараман,
Батырдың атын ұстауға
Жабылды сонда аламан.
Отыз мыңдай балуан
Қайраты бар алуан
Ұстауға атын жиылды.
Тұлпар сынды Қарала ат
Жасынан жүген кимеген,
Басына ноқта тимеген,
Ұстауы да қиын-ды.
Қиын да болса амал жоқ,
Ұстамай қалар заман жоқ,
Алды-артынан тұлпардың
Қырық мың әскер қамады.
Бұғалық темір шалады,
Жетпіс қабат шынжырмен
Аяққа тұзақ салады.

Тұлпардан туған Қарала ат,
Жабылды отыз азамат,
Жабылса да азамат,
Дал-дал қылып шынжырды
Сүйреп алып барады.
Және дағы ақырды,
Нар түйедей бақырды,
«Атымды жылдам ұста» деп,
Көп әскерін шақырды.

Қызылбастың көп әскер
Сонда жаман сасады,
Отыз мыңдай балуан
Атқа қадам басады.
Жер тепкілеп шабынып,
Бұғалық сүйреп тартады.
Ұстай алмай тұлпарын,
Қос қанаты сұңқарын
Отыз мың балуан қайтады,
Қараманға айтады.

Сонда тұрып Қараман,
Хан еді туған қарадан.
Жеті қабат жібектен
Арқан алды жаңадан.
Жүз мың әскер жиналып
Қарала атты қамаған.
Қамалап әскер барыпты,
Арыстан туған Қараман
Жеті қабат жібектен
Бұғалық арқан салыпты,
Тұлпарын ұстап алыпты.

Ұстап алды тұлпарын,
Қос қанаты сұңқарын.
Алтын балдақ, ақ алмас
Алды қолға қырқарын.
Жетпіс құлаш найза алды,
Бес қаруын байланды.
Соғысуға түрікпенмен
Сонда батыр ойланды.

Тұлпарын алды үйретіп,
Қырық батпан күрзі алды
Оң қолына сүйретіп.
Бадана көзді кіреуке,
Тоғыз қабат көк сауыт
Алды батыр киініп.
Жау іздеген түрікпенмен
Жасаймын деп соғысты,
Күн секілді күркіреп,
Екі аяғы жер тіреп
Келе жатыр Қараман.
Тақияның тас қамал
Бұзылғанға күйініп,
Келді батыр мүлігіп,
Өз-өзінен бүлініп.
Бір өзінің қайраты
Қырық мың ердей көрініп.
Қара аты астында,
Қалқаны бар басында,
Он екі жасар балаға
Салады айғай шүйіліп:

—Ай, жас бала, жас бала,
Түрікпенге бас бала,
Қызылбасқа қас бала,
Бұ майданнан қаш, бала!
Бұ майданнан қашпасаң,
Жекіріп келген Қараман
Қылады саған масқара.
Ұрыстың құрдың базарын,
Кетіпті жаман ажарың,
Бұ майданға, бейшара,
Айдап келді ажалың!
Басыңды баудай кесетін,
Қаныңды судай ішетін
Қараман келді—дажалың.

Оярмын, бәлем, көзіңді,
Өлтірермін өзіңді.
Дүниенің жүзінен
Жоғалтармын ізіңді.

Осы келген түрікпен
Көп екен деп үрікпен.
Басынғандай елімді,
Шайқағандай көлімді
Қол басындай түрікпен
—Нені көріп желіккен?!
Сен желіксең, түрікпен,
Кәне, қалма, қимылда!
Келдің ерге еріккен.

Сонда бала сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ай, Қараман, қызылбас,
Он екі жасар өзім жас,
Олқы болса жас бала,
Тақияның тас қамал
Бір айғайдан бұзылмас.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз