Көрұғлы (19-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Сарғайтармын Шаадаттың жүзләрін,
Мен де соның көрсетпеспін ізләрін.
Тірі болса ертіп келіп екеуін,
Көз алдында мен де оярмын көзләрін.
Сақтаулы сол жұмыс болсын тілекте,
Таптырармын іздегеніме керекті.
Жаным ана, қамқұн болмай отыра бер,
Сәбиің сол қайта айналар тілекте.
Әңгіменің деді ана халалы,
Тиген екен ғой қызылбас иттің залалы.
Құл да болса көп жылқының егесі,
Келсін деді көп кешікпей Бабалы.
Кісі екен Бабалы да киелі,
Көп малыңа сол Бабалы иелі.
Туған жерге аттанамын, жан ана,
Алып келсін деді боздұр биені.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Ашу қысса, жаста болса күлер-ді.
Көрұғлының естіген соң хабарын,
Боз биені алып Бабалы келеді.
Ойнап бала сол уақытта күледі,
Жастықтың бұл ойласаңдар түлегі.
Қару-жарақ саймандарын дайындап,
Оң қарына бала енді іледі.
«Бақытымды, жаратқан, өзің ашқын», деп
Боз биеге секіріп бала мінеді.
Салдың тағы жаныма менің уайым,
Жаратқушы қайтарар өзі шырайын,
Аттанған соң Көрұғлыдай сәбиі,
Білдіреді енді тілек Күләйім.
«Қиыншылық жерлерден есен өткізіп,
Жалғызыма жәрдемдесші, Құдайым!
Анаң шыдап бұл жұмысқа тұра ма,
Ертеректе айтушы еді ғұлама,
Есен барып туған жерін көргенше,
Жалғызымды тапсырдым жалғыз Құдаға!
Патша Құда анық айтқан сөзіме,
Келтіре көрме жалғызымды тезіңе.
Елін есен барып ол көргенше,
Жаратушы, тапсырдым бір өзіңе.
Тағыңыздар барлығында бұған тер,
Қайғымен қалдым менде болып шер.
Елін есен қозым барып көргенше,
Тапсырдым мен, Ғайып ерен қырық шілтен.
Шырағымды дақ тигізбей бағып жүр,
Адасса әгәр, тура жолға салып жүр.
Дұшпан торып сырттан жүріп қадалса,
Дұшпаннан сол жырағырақ қағып жүр.
Менде тағат бола ма екен, Құдай-ау,
Ереймін ғой көргенімше қағып жүр.
Артықпенен салыңдар назар кеміне,
Көңілім босқа деді енді еріме.
Елін есен қозым барып көргенше,
Тапсырдым мен арыстандай бөріге.
Қиыншылық жерден мұны өткізіп,
Көп машақат көрсетпеңдер шеккізіп.
Ғайып ерен мен қырық шілтен, енді сиындым,
Еліне сен жеткер мұны жеткізіп.
Жұмыс келсе көрерміз де оңына,
Бастадың-ау басты қайғы мұңына.
Жалғыз еді дүнияға бұл келген,
Ешкім жоқ ед ерген мұның соңына.
Қадір Мәулен, еңіредім тапжыламай,
Құлақ салсаң мен сорлының мұңына-ай.
Қозым елін есен барып көргенше,
Біздер құрбан, тоқтым соның жолына.
Ер екенін ойласаңыз өнерді
Жаратушы асылында терең-ді.
Көрұғлыдай жас сәбиің түн қатты,
Жауатұғын күндей болып серігі.
Анасы мен хош айтысып көрісіп,
Туған жерге енді сәби жөнелді.
Жұмыс келсе көрерсіздер мұны да
Анасының тыңдамаған мұңын да.
Күләйімнің тілегін қабыл әйләтті,
Қырық шілтендер күтіп тұр екен жолында.
Мінген бие астындағы ылуладан,
Қол көтеріп жабысты бұлар шылаудан.
Несіне енді сол сұлтан асықты,
Бұрын мұндай есітпеген дауысты.
Елін есен барып өзі көргенше,
Туған жерге Көрұғлы бек асықты.
Қиыншылық не бір жерден өткізіп,
Хақ машақат көрсетпеді шеккізіп.
Алыс жердің танабын тартып шілтендер,
Он үш күнде кетті мұны жеткізіп.