Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (3-бөлім)

Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 4 мин оқу

Кәждем айтты: «Жаратқан жалғыз Құдайым,
Енді кәйтіп бұл жұмысқа шыдайын.
Қамқұн болып қолға түскен жан екен,
Неде болса мұны сатып алайын.
Бір перзентке зарланумен жүр едім,
Қамқұн болған қуансын деп Күләйім».
Делдалға айтты: «Қымбат айтып бұлдама,
Мен аламын, әгәр келсе ымлаға».
Дәлдәлменен арман—бермен сөйлесіп,
Сатып алды үш жүз екі діллаға.
Шын кәдірлі Кәждембектей ер еді,
Түрікпен елі асыл соның тегі еді.
Раушанбекті сатып алып Кәждекем,
Күн батқан соң сарайына енеді.
Қамқұн болған отыр еді Күләйім,
Жас сәбиді келгеннен соң көреді.
Көргенінде нұрын ердің Күләйім
Шаттану мен шалқыды енді жүрегі.
Кеуілімде көп еді деді уайым,
Жұмысымыздың аңғарғандай сыңайын.
Бір перзентке зарлауменен отыр ек,
Киіміменен жеткерді-ау деді Құдайым.
Келгеніне болып еді бір талай,
Қайғы менен қасірет шеккен аһ-уай,
Ұл перзенттен кеміс еді бұл ғаріп,
Жалғыз қызы еді оның аты Ақалай.
Бұл екеуі келгеннен соң сыр ашты,
Бір-бірінен жөндерін сол сұрасты.
Ашылды деп айтылады шегінен,
Екеуі де нәсілі әнді тегінен,
Қамқұн болып сырын ашты екеуі,
Жүргеннен соң не қыларсың жөнімен.
Бұл екеуі жөн сұрасып көріп ед,
Екеуі болды екі түрікпеннің тегінен.
Қариялардың айтып кеткен мысалы,
Соғар бір күн алдына ал ол тоқалы.
Бала болып қолымызда қалсын деп,
Ақалайын неке қиып қосады.
Аман ердің шығар деген атағы,
Оңға айналса ісінің енді шатағы.
Ақалаймен көңіл қосып Раушанбек,
Күні-түні шықпай үйде жатады.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Жүрсе егер көрерсіздер қараны.
Бірнеше күн үйден шықпай жатқан соң,
Раушанбекке Кәждем жігіт барады.
Қалай мынау болып жатыр тұрағың,
Күні-түні қалай жетед шыдамың.
Үйден шықпай, жатып қалдың Раушанбек,
Келіп тұрмын тыңда мені, шырағым.
Басың артық ойлап тұрсам төресің,
Ақ ісіне пендесің ғой көнесің.
Күні-күні жатып алсаң шықпай сен,
Қапа болып бір жерде, жаным, өлесің.
Келіп тұрмын сен сияқты данаға,
Тыңдатам деп айтқанымды балаға.
Қапа болып өліп кетерсін, Раушанбек
Гуләйт етіп қайтайық деп қалаға».

Таудай еді Раушанбектің талабы,
Айтылған соң көңіліне қонды жаңағы.
Ата тілін алмай бала қала ма,
Еріп келед Кәждембекке жаңағы.
Жұмыс келсе көрерсіңдер оңынан,
Қайғы, қасірет тарқамайды мұңынан,
Бахыт қашып, бағы тайған сорлыға,
Бір қу басты дұшар қылды-ау жолына.
Жерде жатқан қолына алып қу басын,
Сынай берді қу бастың алып тұлғасын.
Бұл кедейлік әр жігітті мұңайтар,
Ғажап емес Раушанбек шын айтар,
Топырақты жамылу мен жатырсың
Сені тұлпар басы деп, жаным, кім айтар?
Көңілімнің көп еді ойда данасы,
Көздің ақты-ау көптен бері сорасы.
Құл боп келіп қызыл басқа сатылдым
Кім айтады мені Толыбай сыншы баласы?
Өтесің-ау басымыздан дүние, бақ,
Ажал деген тиерсің-ау бір күн-ақ.
Екеуміздің көрген күніміз бұл болды,
Екеумізде бір тиындай баға жоқ.
Айтып тұрған мен сорлының табыма,
Қалар ма екен айтылмастан тағы да.
Бағым қашып, бабым тайып жүргенде
Ат қып Құдай көрсетпейді-ау бағыма!
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Өз елімде Раушанбек бек еді.
Қу басты алып еңіреп тұрған Раушанды
Шаадат пен бір уәзір көреді.
Бастан аяқ баян айлап қалдырмай
Шаадатқа уәзір айтып келеді.
Кеше сатқан құлыңыз сіздің жылап тұр,
Бір қу басты құшақтаумен ұнап тұр.
Бұл дариға тұлпар басы деп айтад,
Сол сүйекті құлыңыз сол сынап тұр.
Шаадат айтты: «Анық көрсең, едің ер
Ақылы кеңес, енді дейміз, кемеңгер,
Нәсілі әндік, сыншы шығар ол құлың.
Бірің барып көп кешікпей алып кел,
Айтқан ақылды қайдан табады».
Құшақтатып қу басын сол Раушанды
Шаадатқа алып келді жаңағы.
Біздің елде көп күн болды жүргенің,
Ондай өмір қиын болар сүрмегің,
Жерде жатқан қу басты тұлпар басы деп,
Бас екені айтшы қайдан білгенің.
Раушан айтты:
«Еркі келсе келмес ердің жүргісі,
Айтып еді ертеректе бір кісі.
Тұлпар атты сынау маған қиын ба,
Жетпіс екі жерде болар белгісі.
Ғаріпті ердің күн көреді нешеуі,
Өтіп жатыр қайғы күннің кешеуі,
Сол айтылған жетпіс екі белгінің
Осы баста бар екен, тақсыр, жетеуі.
Төртеуі бар құлағының түбінде,
Үшеуі бар тістерінің жігінде,
Осы айтылған нанбасаңыз сөзіме,
Не айтайын, Шаадат, хан өзіңе.
Қолымда тұр, сол қу басты әкелдім,
Көрсеттім, мен нанбасаңыз көзіңе».
Көзіменен Шаадат хан көреді,
Көргеннен соң сыншылыққа сенеді.
Сыншылығың шын екен, деп, жаман құл,
Бір-ақ күлше силық деп бұған береді.
—Таймай сынап тұра сөйле табыңа,
Дақ тигізбе, Раушан, енді жаныңа,
Сәті дандық сыншы екенсің, Раушанбек,
Қандай нәрсе білесің сынап тағы да?
Раушан айтты: «Ұнады ма бұл ісім?
Осы айтылған әңгімеме сіз түсін.
Жаңабайлап назар салсам білемін,
Сиыр малдың тас бауыр туған тынжысын.
Не айтсаң да беріп тұрмын мен тәжім,
Тыңдаңызшы құлақ салып сіз өзіңе.
Жаңабайлап назар салсам білуші ем,
Түйе малдың туған асыл бір жампозын.
Сыншылықта екі талай ұққаның,
Сыншылықтан жоқ ед титтай жұтқаным,
Және абайлап назар салсам білемін,
Адамзаттың құл мен асыл сырттанын.
Шахадат айтты: «Ұнап тұрды бұл ісің,
Жиын болса, жаман құлым, шын күшің,
Өзің айтқан сөздеріңді ақтай бер,
Сен сиырдың тап деді енді тынжысын.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз