Түркімен Қасымхан (14-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Және де Марғау сол жерде:
—Қасым батыр сен,—дейді,
Марғау құрбың мен,—дейді.
Замандас өскен қарағым,
Көріселік кел,—дейді.
Сағынып келдім өзіңді,
Бұл сөзімді біл,—дейді,
Батыр Марғау мен,—дейді,
Іздегенім сен,—дейді.
Барайын десе ер Қасым,
Жәмила рұқсат бермейді,
Барғанын қабыл көрмейді.
Өзі Қасым болған соң,
Тілін алып әйелдің,
Бармай қалар ер ме еді?
Және де Марғау шақырды
Хасанның ұғлы Қасымды:
—Шақырсам неге келмейсің?
Мен де өзіңдей асыл-ды.
Қатынның тілін алған ер,
Қатынға күнін салған ер,
Сендей болса ерлерің,
Ұрайын сендей нәсілді.
Жұртын құртқан Жәмила
Айналдырып басыңды,
Қылып отыр тәсілді.
Сол уақытта хан Қасым
Алтын үйден шығады,
Марғау айғай салған соң.
Марғау күліп кетер деп
Шығады үйден ер Қасым,
Құдайым есін алған соң.
Мұны көріп ал сонда
Болаттан соққан кездікті
Қолына Марғау алады.
Ат үстінен шіреніп,
Екі бүйірін тіреніп,
Тартып келіп қалады.
Марғаудың атқан жез айыр
Қасым сынды еріңді
Қақ жүректен жарады,
Өтіп кетіп барады.
Мұны көріп Жәмила
Сонда ойбай салады,
Басын сүйей қалады.
Жасауыл көріп бұларды
Ханға шауып барады.
Сонда әскер аттанды
Түрікпеннің халқынан,
«Қасымхан» деп шулаған
Жер күңіренді зарпынан.
Қарабай, Ғауаз—қос батыр,
Ахиреттік дос батыр.
Қойып кеткен секілді
Хан Марғаудың артынан.
Неше күндер жол жүріп,
Азғана емес, мол жүріп,
Күдірден күдір асады,
Белдерден белдер басады.
Екеуін көріп көп қалмақ
Онан сайын қашады.
Қалмақтың көріп қарасын,
Екі батыр тұлпарға
Сонда қамшы басады.
Қос-қос батыр, қос батыр,
Ахиреттік дос батыр,
Қолына түсер күн болса
Бәлем қалмақ ұқсатар.
Қарабай, Ғауаз—қос батыр
Қасымның қанын қояр ма,
Қанын ішпей Марғаудың
Қарабай, Ғауаз тояр ма?!
Қолға түссе Марғау ит,
Хасанхан жаман қақсатар.
Екі бірдей батырдың
Таралғысы жалбырап,
Сауытының шашағы
Тұс-тұсынан саудырап,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Қалмаққа шауып келіпті,
Ашу қысып қалтырап.
Қойға тиген бөрідей
Бөріктіре қырады,
Қалмақты қырдан асырад.
Қырық мың әскер қалмақпен
Алты күндей атысып,
Қара қанға батысып,
Бәрін де жаудың қырады.
Қалмақтың басы ер Марғау
Оны да ұстап алады,
Мойнына шынжыр салады.
Қасымханның бабасы,
Түрікпеннің жағасы,
Хасанға алып барады.
Жылдам басын кестіріп,
Екі көзін тестіріп,
Қанын ұрттап алады.
Әлқисса Жәмила мен Хасанханның ғазалы.
Жәмила сонда жылайды:
—Айналайын, Қасымхан,
Атам қосқан жарым-ай,
Кәтепті қара нарым-ай.
Бірге ойнап жүре алмай,
Қызығыңды көре алмай,
Тартып қалдым зарыңды-ай.
Құдіреті күшті, Құдай-ай,
Түбі қылдай жалғыздың,
Жәмиладай сорлыны
Артында жылап қалғыздың.
Жауһар көзді сұңқарым,
Жанына зауал жеткен күн
Қарақұсқа алғыздың.
Алғанымнан айырып,
Қанатымнан қайырып,
Басыма қара салғыздың.
Қош-аман бол, ер Қасым,
Айналайын алғаным,
Қағып төсек салғаным.
Аяғыңнан оқ тиді
Бәйгеден озған тарланым.
Өлгенімнен кем бе еді,
Артыңда жесір қалғаным?
Айналайын, қарағым,
Білгір сайыпқыраным,
Бітпей кетті арманың.
Алтын айдар кекілді,
Артық туған арыстаным.
Өтті ғапыл басыңнан
Баянсыз пәни жалғаның.