Көрұғлы (20-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Кім таласар тәңір берген нәсіпке,
Қызыл тілім сөйлер болсаң кешікпе.
Үргеніште саналылар жиналып,
Намаз оқып отыр ед сол мешітте.
Терең жерден қозғалып тұр ойлары,
Тап оның жоқ еді жүзінің тайғаны.
Үргеніштің қаласы осы деген соң,
Әр тарапқа қашып кетті ойлары.
Босағасына түсті дағы мешіттің,
Боз биені мықтап соған байлады.
Қабыл болса Көрұғлының тілегі,
Алып ұшты елін көріп жүрегі.
Намаз оқып отыр еді саналар,
Сәлем беріп үстіне енді енеді.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Жабылған сол, жауатын күндей қабағы.
Ізетпенен, төсін басып тізерлеп,
Бір-біреулеп қолдарынан алады.
Аң-таң болып барлығы да қарап тұр,
Бұл сияқты көрмеген өмір адамды.
Тоқсан үште бір кәрие бар еді,
«Жолың болсын, кімсің,—деп,—балам» сұрады.
—Келісім сөз сөйлейін, тыңдаңыздар кебімді,
Жол болсын деп сұрадың менен, атажан,
Іздеп келем түрікпен деген елімді.
Түрікпеннің арғы атасы Толыбай,
Еріпсіңдер түгел соның соңын-ай.
Өзім әкем Раушанбек аты бар,
Қызылбастың құл боп барған қолына-ай.
Сыншылығы басына жетіп әкемнің
Екі көзін Шаадат ойған сорына-ай.
Бұл дүниеден көрмей кеткен жарықтың,
Аудырмаймын айтқан да сөздің халықтың.
Атам елге шыдай алмай қашқанда,
Мен анамның қарнында жас қалыппын.
Алла берсе, қиын емес қой ерікті,
Білетұғын ер болса бұған серік-ті.
Туатұғын күні жақын келгенде,
Шәһит болып анам менің өліпті.
Құдіретіне қиын іс бар ма Құдайдың,
Көр ішінде өлі және көріпті.
Осынау сөзім тыңда ата татымды,
Келтірген ғой ескертелік татымды.
Ғайып ерендер, қырық шілтендер жиналып,
Көрде туған, Көрұғлы депті атымды.
Бір ғасырдың өз басымнан өткені,
Көп машахат жанымыздың шеккені.
Шыдай алмай азарына қызылбастың,
Көп жыл болды атам елге кеткелі.
Менің көңілім сонан болды алаңды,
Қайыдастар орнатқандай заманды.
Кеткеніне көп жыл болды білмеймін,
Раушанбек, Кәждембек тағы тағамды.
Әңгімемнің үшбу енді халалы,
Жанға тимес кемен екен залалы.
Ес жиған соң елімді іздеп келемін,
Сонан бері білінбей кеткен хабары.
«Жаратушы жанның бәрін бұйырған,
Деді, балам, бір кәрия құлақ сал.
Ертең менен көріп бірдей кезінен,
Аумай қалған байқап тұрмыз көзінен.
Тұлпардан бір қалыпты-ау асыл тұяғы,
Айнымайды Раушанбектің өзінен.
Болмады енді саналардың тұрағы,
Естіген соң кәйтіп бұған шыдады?
Күңірентіп мешіттің ішін саналы,
Еңіреумен егітіліп жылады.
Кезек-кезек құшақтап алып сүйеді,
Көрұғлыдай арыстан туған баланы.
Кәждембектей тағасы бар еді осында,
Отыр еді шыдай алмай жаңағы.
Іші оттай Кәждембектің күйеді,
Бауырына қысып алып сүйеді.
Табаларма ойда мына достарын,
Көрдіңдер ме сұмдықпенен асқанын,
Көрұғлыны бауырына қысып ап,
Мөлтілдетіп төкті-ау Кәждем жастарын.
Көңілінің көрдіңдер ме өскенін,
Не қайғымды деді ойдан кеткенін.
Иым алып бір қария сөз сөйлеп,
«Тыңда—деп, сол,—жаным бала, естігін
Екі жыл болды Раушанбектей әкеңнің,
Дүние салып хош айтысып кеткенін.
Аңыларма кісі елінен достарын,
Ете ала ма қызылбаста басқанын.