Көрұғлы (9-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Көп кешікпей бұл арадан кетейік,
Алла жазса, туған жерге жетейік.
Хабар берші Ақалай келсін Күләйім,
Әңгімемнің тыңдасаң осы халалы,
Хабар тисе, тағы тиер залалы,
Көп айналмай, Кәждеке, мұнан кетейік,
Келсін деді артық туған Бабалы.
Келді үшеуі көп кешікпей есітіп,
Екі бектің тигеннен соң хабары.
Келгеннен соң Ақалайдай қызын көріп,
Кәждекемнің айтып жатқан ғазалы:
—Жалған емес тоқты шалдым шыныма,
Көңіл бөліп тыңдашы деді мұңыма.
Жан перзентім, Ақалайым, қайыр, хош,
Жұрттың сені бермедім ұлына.
Кейбір кезде жүргенімде зарығып,
Шаршап әбден өз күшім тайып шалығып,
Көріп едім, жан перзентім Ақалай,
Зар еңіреп жүргенімде тарығып.
Кісі елінен таба алмадық біздер дос,
Қайғырғанмен болмайтын болды енді бос.
Жан перзентім, жазуы хақтың бұл болды,
Амал бар ма көргенімше хайыр хош.
Әр жұмыстың аңғарыңдар сыңайын,
Қайтып енді бұл қорлыққа шыдайын.
Жан жолдасым, ахиреттік хош болшы,
Алла жазса көрісерміз, Күләйім.
Әңгіменің айтылған осы халалы,
Қызылбастың тиді бізге залалы.
Тұрғанымызда осылай болып тисе хабар
Көп жылқының егесі болып қалдыңыз,
Хайыр хош бол, құл да болсаң, Бабалы.
Артық пен қарап тұрмын кеміне,
Құлағың сал Кәждекемнің сөзіне,
Мал мен жанды тапсырып тұрмын, Бабалы,
Көргенімше хайыр хош бол, өзіңе.
Сол уақытта ісінің көріп сылайын,—
Деді бұған қайтып енді шыдайын,
Ақылы дана тарыққанын көрген соң,
Айтып жатыр асыл туған Күләйім.
—Артық туған ер жігітте болар ма,
Еңірейтін болса босқа уайым,
Ақылы кеңес айтамын сіздей данаға,
Айтпағанмен барлық сырды бола ма?
Қамқұн болып қайғырмаңдар екеуің,
Өздеріңнің жолыңа біздер садаға.
Көп болғанда бір жолғы тапқан малың да,
Айналмаңдар қатын менен балаға.
Кеше көрген қиындықты өтіңдер,
Мақсұтыңа ер болсаңдар жетіңдер,
Құқысы бар ерлер бұған мұқамас,
Жаның сауда елдеріңе жетіңдер.
Айтқан тілін Күләйімнің алады,
Бұл сияқты кім тыңдамайды дананы.
Раушан айтты ер жетеді шартына,
Тоқтау салды Раушанбек те қартына.
Мен сорлының көретұғын көзім жоқ,
Кәждеке, алға, мен мінейін артыңа.
Бұл екеуі айтты сөз бен сербесті
Екеуін де көрсе жандар ер десті.
Біреуі сау, біреуі соқыр екеуі,
Бір торы атқа хош айтысып міңгесті.
Не екенін ойлап қайдан білемін,
Осы айтылған кеңесіме толық сен.
Хайыр хош деп қалыңдар үшеуің,
Алла жазса, қайта айналып көрермін.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Раушанбек өз елінде бек еді.
Біреуі сау, біреуі соқыр мінгесіп,
Торы атпенен қақпа жаққа келеді,
Кетуі де қиын мұның құтылып,
Қалай шығады үшбу жерден сытылып.
Биіктігі қырық кездей қақпаға,
Жан-жағын сол тұрған әскер бекініп.
Таудай еді екі бектің талабы,
Назар салып жан-жағына қарады,
Әстен-әстен абайлап тұр екі бек,
Жақындап сол қақпаға да барады.
Жақын барып тәуекелдеп екеуі,
Қаңтарулы тор тұлпарды алады,
Торы тұлпар көтерілді доптай боп,
Жанған өртте қарап тұрсаң шоқтай боп.
Ердің етер, ескерсеңдер, ісі еді,
Жиын тұрған тор тұлпардың күші еді,
Қаңтаруын алғанында торы тұлпар,
Қырық кездей ар жағына түседі.