Көрұғлы (13-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Желіккен соң жерге тимей тұяғы,
Алтауынан қабат қарғып өтеді.
Көңілі сондай болғаннан соң алаңға
Қайғы түсіп болды уайым заманда.
Тоқтамасын тор тұлпардың білген соң,
Үстіндегі салды арқанды адамға.
Торы тұлпар қайтпай кетті бетінен,
Екі бекзат сыпырылып қалды көтінен.
Қайтып болсын енді мұның тұрағы,
Раушанбектің сөнген екі шырағы.
Туыстар кезекпенен көрісіп,
Зар еңіреп дат-дария деп жылады.
Таудай ердің қайт болмаған талабы,
Енді жүрсе көрерсіздер араны.
Екі көзден Раушанбек айрылып,
Қайым болған қамқұн енді заманы.
Кәждекемнің де өз туысы бар еді,
Құрметтеумен оны да алып барады.
Шын қадірлі өз елінде бек еді,
Ойлы туған ақылы кеңес кен еді,
«Қадір болып ортамызда отырсын», деп
Раушанбекке мешіт салып береді.
Жұмыс келді есен келіп оңына,
Қайғы-сана хақ түсірді мұңына.
Кәждембекке жай салып берді халқы,
Құрметтеумен күтіп жатыр оны да.
Өмірлерін халық түгел тіледі,
Көзбен елін Кәждем ғана көреді.
Отау болып өз алдына отырсын деп,
Баршагүлдей сұлуды алып береді.
Қамқұн болған есен елге қосылып,
Шаттықпенен елдеріне жүреді.
Тағдыр түсіп басындағы жазулы,
Үш жылдан соң Раушанбек дүние салып жөнелді.
Не екенін ойнап қайдан біледі,
Кәждекемнің де жат боп қалды-ау жүрегі.
Баласы еді бірге келген еліңнен,
Бұл дүниеден хош айтысып Раушан жөнелді.
Қадір етіп барлығы да құрметтеп,
Алып барып қабыр салып көмеді.
Жаратушы жанның бәрін бұйру бар,
Айлаған мен болады ма енді зар.
Раушанбектен айрылған соң Кәждекем,
Сарылғандай болып қалдау тағы нар.
Тұра тұрсын Раушанбек пен Кәждембек,
Артта қалған Күләйімнен хабар ал.
Көп жылды балды елінен асқан кек,
Біреуінен айрылды келген екі бек.
Бұл екеуі елге қашып кеткенде,
Ол Ақалай екі қабат боп қалып ед.
Жалғыз қаздың шығады ма үндері,
Қайғыменен арылмай бастан түндері,
Хасірет шегіп жүргенінде Ақалай
Туатұғын жетті енді күндері.
Күн болмады Ақалайға баянды,
Бір күн шошып көрген түстен оянды.
Таң алдында жатыр еді Ақалай,
Шілтендер кеп берді бұған аянды.
«Хан ісіне пендесің ғой көнесің,
Хақ жазулы деді қалай көресің,
Жазулы осы Жаратқанның Ақалай
Ертең түсте шаһит солып өлесің.
Қамқұн болма Аллаға шет боларсың,
Көр ішінде сәбиіңді көресің.
Кеуіліңнің сақтама енді дақтарын,
Сақтамасаң тұзыңды сонда ақтадың.
Ғайып ерен мен қырық шілтендер жиналып,
Көрден туған Көрұғлы деп қояды, аттарын».
Естіген соң үшбу сөзді құлағы,
Көрген түстен шошып Ақалай тұрады.
Басын сүйеп отырады Ақалай,
Езіліп бір майдай бұл жылады:
—Жұмысымның келмейт сылайы-ай
Қайтқаныма ақырында рай-ай.
Күләйім бір сүймеген пәндең екен-ау,
Жаратушы еді жалғыз Құдай-ай.
Сақтау деді ол ғарыптың жүрегі,
Қайтып адам бұл жұмысқа сенеді.
Тағдыр жетіп артындағы мен өлдім,
Һәм жүрегі, һәм еді ғой тірегі.
Деді қайғылар о басынан өтпеген,
Машахаты бар ма оның шекпеген,
Бір сүймеген пәндең екен Күләйім,
Туғаннан-ақ көзінің жасы кеппеген.
Ақ ісіне енді неде болса көнейін,
Алла жазса, сол жұмысқа сенейін,
Өзім өліп кеткеннен соң білерді,
Күләйімға кәзір барып не дейін.