Көрұғлы (21-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Қамқұн болма, жаным бала, осыған,
Берсін саған ата-анаңның жастарын.
Қалар ма екен айтылмай менен тағы да,
Таймай тұрсың нұр үстіне тағыңа.
Жолдас болып Раушанбектің иманы,
Дүние естісін атасының барып жанына.
Естіген соң Көрұғлының құлағы,
Қайтып шыдап адам бұған тұрады.
Әкесінің естіп мынау өлгенін,
Жаппар Ие етіп ызалы жылады.
Қалмайды сөз тыңда деді тағы да,
Дақ тигізді-ау жас сәбидің жанына.
—Рас айтасың, жаным ата, сөзіңді,
Ит тірлікте батасың сол жаныма.
Бұл дүнияның көргем талай жалғанын,
Көрдіңдер ме көрген оның зардабын.
Қызылбаста екі көзін ойып алып ед,
Іште кетті-ау жан көкемнің арманы.
Таусылар ма бұл дүнияның ермегі,
Асылында нәсілі оны тербеді.
Сірә, арманда кеткен екен жан көкем,
Мен сияқты перзентін көзі көрмеді.
Бұл дүнияның көрдім талай дүзүгін,
Қызылбас иттің білесіңдер ғой бұзығын.
Жаратқаннан тілеп алған перзентін,
Жаным көкем көрмей кетті-ау қызығын.
Енген емес ұйқыда бір түсіме,
Құлақ салып тыңда менің ісіме.
Қызылбастан көрген түгел азары
Жан көкемнің кеткен екен тісінде.
Бұл сөзімде десеңіз егер қате бар,
Онда адам оны ойламай шаталар,
Құлағың сап арызымды тыңдашы,
Бұл жаңалар отырған мұнда аталар.
Жалған емес айттым сөздің расын,
Бұл дүнияда кең жайылар құлашым.
Өзім ісім өздеріңмен, баба жан,
Жан көкемнің көрсетіңдер моласын.
Көзден аққан рахым етші жасыма,
Артық кем деп айта алмассың осыны,
Мауқымды мен басайыншы, жан ата,
Тұтан алар ертең барып басына.
Кім тыңдамайт Көрұғлыдай дананы,
Көңіл сүйді көрген жұрттың баланы.
Айтқан сөзін саналылар тыңдапты,
Ортаға алып бейітке ертіп барады.
Көзден аққан тағат қылмай жасына,
Әркім сондай сүйсіндіред досын да.
Жас сәбиді ортаға алып саналар,
Қабырының алып келді басына.
Келгеннен қалай шыдап тұрады,
Қызылбас иттің салған баста ылаңы.
Әкесінің қабырының үстін құшақтап,
Зар еңіреп көрді көріп жылады.
Ақылы кеңес ойлап тұрса данадан,
Еңіреп тұрды қоршап енді баланы.
Басалқа айтып тұрғызам деп келгеннің
Тұрғыза алмады Көрұғлыны бір адам.
Еңіреумен өксіп жатты Көрұғлы
Құрбан болып атасын қойған моладан.
Бихабар боп бұл дүниядан жөнелдің,
Мен сияқты тілеп алған балаңнан.
Кешіре көр болса егер қатамнан,
Талай ердің басы мұндай шаталған.
Ажал аспас тастай күнә астынан,
Мен сияқты ажыраспас босаңнан.
Молаңды сол құшақтаумен еңіреп,
Хабар алшы жатқан мендей балаңнан.
Ақылы мырза шыдамаса болар ма,
Айтты қайта бір насихат оларға.
Келгенінде балаң қозы сіздерге
Қозғалмадың еш болмаса молаңда.
Рахым еткей көзден аққан жасымды,
Кісі елінде қайдан табам досымды.
Көрмесең де еңіреп қозың келген соң,
Бір көтерсей, жаным ата, басыңды.
Қайтып қалды сәбиіңнің райы-ай,
Бұл сапарда оң болмады сылай-ай.
Ең болмаса көзін маған көрсетпей,
Жаратушы, алдың ба ахыр, Құдай-ай.
Біздің көрген күннің бәрі қараңғы,
Қайғы үстіне қайғы міне жамалды.
Зар еңіреп молаңның тұрмын басында,
Мен сияқты сезесің бе балаңды?