Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (11-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Бұл сапардан Жанәділ
Айласы жоқ аяған,
От ішінен атуға
Зеңбірегін таяған.
Қырық мың әскер қалың қол
От қамалға кіргізбес.
Кіргізбек түгіл, қызылбас
Маңайынан жүргізбес.
От ішінде байқасаң,
Салып қойған тұзақ бар,
Түсіп кетпей білгізбес.
Көп түрікпен жиналып,
Сонда басын құрады.
Қамал бұзған ерлері
Жау маңына бара алмай,
От қамалды ала алмай,
Қарқаралы ханынан
Келіп ақыл сұрады.
Ешкім оны білмеді,
Ханы жауап бермеді.
Қарабай, Ғауаз, Қасымхан
Әскерге ойран салса да,
От ішіне кірмеді.
Мұнан бұрын ол жұртпен
Екі ай жарым атысып,
Мұндай қиын көрмеді.
Қолынан келсе о жерде
Соғыспай шығар ер ме еді?
От қамалды ала алмай
Және ай жарым жатады,
Қасына барса жақындап
Зеңбірегін атады.

Батырдың жолын байлады
Зеңбірек атып жүргізбей.
Сиқырменен салған от қамал
Арасына кіргізбей,
Араға кірсе түсетін,
Қағып қойған қызылбас
Тұзағы бар білгізбей.
Сол уақыттар болғанда
Түрікпеннің Хасанхан
Ызаланып ақырды,
Нар түйедей бақырды,
Көп әскерді шақырды.
Көп әскердің ішінде
Бір шайхысы бар екен,
Аты Керей батыр-ды.
Жеті атадан ер екен,
Асып туған ақылды.

Хасанхан сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Ай, Керейім, Керейім,
Тарыға қалған жерлерде
Артық еді мерейің.
Қызылбастың от қамал
Ерлердің алды үрейін.
Баратұғын жол тапсаң,
Алатұғын жер тапсаң,
Әскербасы ер қылып
Үлкен орын берейін.
Өле-өлгенше мен өзім
Уәзір қылып жүрейін.

Сонда бір Керей ойлады,
Ойлап ойға тоймады.
Жаратқан Хаққа сиынды,
Жеті қабат от қамал
Баруы жанның қиын-ды.
Көп түрікпен жиылды,
Керейге «бар!» деп қиылды.

Сонда бір Керей толғанып,
Алтын балдақ қолға алып,
Сиқырмен салған от қамал
Жүріп те кетті жолданып.
Жеті түннің ішінде
Жағалап отты келеді,
Еңіреген ер еді,
Аруақ қысып долданып.
Шайхы Керей барады,
От қамалға қарады,
Бір жерлерге келгенде,
Жалғыз аяқ бір жолды
Сонда тауып алады,
Жолға көзін салады.
Жіберді ханға хабарын,
Жалғыз аяқ жол барын,
Оңғарды Құдай жолдарын.
Қырық мың әскер түрікпен,
Жалғыз аяқ жолменен
Аллалап шауып күңіреніп,
Салды жауға қолдарын.
Жер ошақ қылып тапады
Қазулы жатқан орларын.
Қайнатты бәлем сол жерде
Қызылбастың сорларын.
Тауысты қырып жандарын,
Ұстап алған секілді
Жанәділ сұлтан хандарын.
«Жанәділді әкел!» деп,
Хан алдына шақыртты,
Бұғау салып бақыртты.
Жүз елу мың әскерін
Бәрін жиып өлтіртті.
Қол-аяғын бұғаулап,
Жанәділдей патшасын
Хан алдына келтіртті.

Сонда Хасан сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қызылбастың Жанәділ
Қарқаралы ханы әділ.
Ұстап алып өзіңді,
Ояйын деп ем көзіңді.
Құзырыма келтірдім,
Өзіңді ұстап алдырдым,
Қараманыңды өлтірдім.
Тақияның тас қамал,
Жеті қабат от қорған—
Бәрін де қоймай бүлдірдім.
Үш ай жарым соғысып,
Нәндігімді білдірдім.
Бір менімен, Жанәділ,
Әліңді білмей алысып,
Күні бүгін болғанда
Мойныңа бұғау ілдірдің.
Өлмеймін деп келдің бе?
Қара жерге тікеңнен
Кірмеймін деп білдің бе?
Өзің түгіл еліңді,
Кім өлтірді, Жанәділ,
Қараман сұлтан еріңді?
Кім көрсетті көрімді,
Нәндігімді білдің бе?!

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз