Көрұғлы (24-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Бұл дүнияның көрген мен аз ғой базарын,
Оғандағы бала сынбасын деп назарың.
Ақыры сол өзіңнен өлем Көрұғлы,
Өз атымның сідігі еді ажалым.
Бұл жұмысым келмей барады оңына,
Хасіретті жан азады мұңына.
Кемдігімді құбыла кісіге шыдамай,
Шайтандықтың түсіп барам жолына-ай.
Қайтып болсын енді ердің тұрағы,
Жасқа толды-ау Көрұғлының шырағы.
Қадір мәулен алжастырдың мені деп
Қапа болып хасіретпенен жылады-ай:
—Көңілімде көп еді,—деді—алаңым,
Кәпелім ғайым болдау заманым.
Өз анамды ат сідігіне сатып мен,
Кәждембекке енді не деп барамын.
Мені Құдай қай кезде өзің еледің,
Екі атаға әр уақытта тел едім.
Өз анамды ат сідігіне айырбастап,
Кәждембектің дидарын қайтып көремін.
Қайтып қалды-ау сәбиіңнің райы-ай,
Жұмысымның оңбай қалды-ау сылайы-ай.
Өз анамды ат сідігіне сатқанша,
Шыбан жанды алсаң қайтеді, Құдай-ай!
Бұл дүнияның көрдім талай жалғанын,
Өзен бойын жағалау мен зарладым.
Өз анамды ат сідігіне сатып мен,
Іште болды қайнап енді қыспағым.
Бұл жалғанда енді қандай жүрермін,
Опасы жоқ дүнияға қалай сенермін.
Халық маған сын қоятын болып тұр,
Жүзін енді халықтың кәйтіп көрермін?!
Көңілімнің көп болып тұр алаңы,
Бұл сияқты зарықтырдау баланы.
Қу далада қашанғы жүрсін еңіреп,
Кәждембекке бір күні бала барады.
Түсі қашқан Көрұғлыны қараса,
Сынып қалған баласының назары.
Кәждем айтты:—Ішің оттай күйді ме,
Халық сені туғаннан-ақ сүйді ме?!
Мұнша неге келдің, қалқам, жүдеумен,
Бір дұшпанның тілі саған тиеді ме?!
Көңіліңнің көркейтейін қоштарын,
Шындық сөйлеп жақсы болар ашпағың.
Қандай иттің сөзі тиді өзіңе,
Айтшы маған кесейін деді бастарын».
Көрұғлы айтты: «Дүнияда құрысын жүргенім,
Өлмеген соң алдыңызға келгенім.
Балаң сондай етті қата бір жұмыс,
Ат сідігіне айырбастап анамды мен бергенім.
Бұл сияқты тыңдап тұрсаң, кебімді,
Қайғыменен от жалын еттім лепімді.
Өлмеген соң келіп тұрмын, жан ата,
Көріп сенің ербиіп мен бетіңді.
Кәжден сонда жауап берді балаға:
—Ондай жұмыс не екен сендей данаға,
Әйел деген бір жылғы тапқан малым да,
Әйел түгіл өзім сенен садаға.
Айтқаннан соң әңгімесін мақтанып,
Қорғалау мен келіп еді сақтанып.
Атасының естіп сөзін әділдік,
Көрұғлы бек кетті енді шаттанып.
Енді болмад басқа жақпен алаңы,
Көрген адам таңырқайды баланы.
Әкесінің бағы ішінде Көрұғлы
Боз биесін күтіп жүрді жаңағы.
Боз бие де жылқы еді сымбатты,
Бағасы артық басқалардан қымбатты.
Туатұғын күні бітіп боз бие,
Дөңбекшіп сол бақ ішінде толғатты.
Көңіліне бұл жұмысты біле алмай,
Көлкөліне шыдамы жоқ іле алмай,
Көрұғлыбек сасып жүрді абыржып,
Не қыларын енді бұған біле алмай.
Жеті күндей боз биесі толғатты,
Дөңбекшіді жан қиналып туа алмай.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Тәңірі артық Жаратқан мұндай баланы.
Туа алмасын білгеннен соң Көрұғлы,
Ішін жарып құлынын сыртқа алады.
Сілкінді де, орнынан тұра келеді,
Қайғы біткен қанаттай екі құлағы.
Назар салып қарап еді Көрұғлы,
От орнындай екен оның тұрағы.