Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (29-бөлім)

Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу

Қапылыста қырып кетер біздерді,
Ебін тауып Райханды байлайық».
Қайтып болсын Райханның тұрағы,
Мұны естіп қайтып адам шыдады.
«Әңгіменің деді Райхан алалы,
Бір иттің сол тиді маған залалы.
Жаратушы жанның бәрін Бір уа бар,
Айлағанмен енді болмас босқа зар.
Жанаттарым, артымнан келіп тұрсыңдар,
Бұл кеңесіме, деді Райхан, құлақ сал!
Пиғылынан бұл Райхан тапқан жоқ,
Ажал деген аты шадыр қапқан жоқ.
Хикаямды тыңдаңыздар, шырақтар,
Райханды ештеңе де қаққан жоқ.
Басымыздан бір қапылдық өтіпті,
Ақырында түбімізге жетіпті.
Дұшпандар еді өзімізге шын мықты,
Гүлнар сынды қызымды алып кетіпті.
Өз елінде Райхан үйде қамалды,
Кеулім қалды ақылымнан аралды.
Киетұғын киімнің бәрін әкеткен,
Бір киімді састым сонда таба алмай.
Азарының көрмейсің бе өткенін,
Түбімізге ақыр мұның жеткенін,
Киім таппай киетұғын үйден мен,
Қос көрпені беттестіріп көктедім.
Ердің еткен ойлап тұрсаң ісі еді,
Кеміп қалған Көкқасқаның күші еді.
Жамандатқыр қадамы кеміп қалған соң,
Дарияның ортасына түседі.
Дүнияда қайтып болсын тұрағым,
Кетті-ау бізден тыңда, нөкер, шыдамым.
Амал қанша ортасына түскен соң,
Толқынменен ығыстап мен ығамын.
Көп машахат көзіме менің көрініп,
Қала алмадым бұл жұмыстан серіліп.
Судың бетін адыра қалғыр қос көрпе,
Бет-бетіне ағып кетті сөгіліп.
Алды-артыма болып тұрмын қарамас,
Шындық айтса енді сізге жарамас.
Райханды ештеңеде қаққан жоқ,
Жаңа шықтым тұттай болып жалаңаш».
Барлығы да есітіп бұған күйінді,
Жаңа көңілі әскерлердің сүйінді.
Аттан түсіп уәзірлері секіріп,
Шешіп берді үстерінен киімді.
Қайғы менен қасірет басқан Райхан,
Түгел енді алып киім киінді.
Айтты сонсоң: «Тұрған мұнда, шырақтар,
Сендер бекем қорғансың ғой тұрақтар.
Бір азғантай айтатұғын кеңесім,—
Деді,—түгел маған енді құлақ сал.
Не екенін адам қайдан біледі,
Дүнияға жаңа келген ер еді.
Қапыл қалмай дайындыққа кіріңдер,
Ертең біздің елге,—деді,—келеді.
Дұшпандардың қарсыласса, көзі ойылған,
Табы менен тайғызбас ешкім жайынан.
Көрұғлыдай жаңа шыққан бір толқын,
Қырық жылдан тумай тұрып жайылған.
Ертең бізге,—деді,—сонау келеді,
Мен білмеймін қандай адам өледі.
Бірің қалма кейінге сол сытылып,
Қалсаң кеттің қырылумен ұтылып.
Түгел сонау жиналсын деді әскерлер,
Қарсы алайық алдынан сол күтініп.
Бұл сөзімді дұрыс болар ұғынбақ,
Айттым енді аңласаңдар сөзді нақ.
Қаһарына адам шыдап тұра алмас,
Аянбай бір көрейік деп қыймылдап.
Болмай кетер қаһарынан тұрағы,
Қарқынына кәйтіп адам шыдады.
Мықты болып күтпесеңдер алдынан,
Тұқым қоймай,—деді,—бізді қырады».
Болғаннан соң Райхан араб күйінді,
Қорқынышпенен толқыттың,—деді,—миымды.
Қала алмады қол ұстасып бәрі де,
Әскер қалмай ертең түгел жиылды.
Жаратушы жанның бәрін бұйру бар,
Айлаған енді болмас босқа зар.
Тұра тұрсын дайындалып Райхан,
Көрұғлыбектен елге кеткен хабар ал.
Аудырмаған Көрұғлыбек қағысты,
Көрсетуге халқына бір жарықты,
Райханның Гүлнар сынды қыздарын
Еліне алып есен енді барыпты.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз