Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (31-бөлім)

Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 4 мин оқу

Басында сол жаудан беті қайтпайтын,
Жаратқан сол еді ғой мынау баланы.
Сегіз күндей ұрысады арабпен,
Шаршап талмай біраз жерге барады.
Он үш мыңдай әскері бар арабтың,
Он мыңын сол сегіз күнде алады.
Қала алмайды жау дегенде аянып,
Кез қылады найзасы қанға боялып.
Шауып шығып шетіне сол дұшпанның,
Демалып тұр найзасын жаққа таянып.
Қайтып мынау қарқынынан өзгерді,
Көре алмады қарсыласып төнгенді.
Дем алған соң қайта аттанды Көрұғлы,
Өлтіруге Райханды келді енді.
Келе жатыр еді шаншып, шауып жауларды,
Өзіне сол Райханның кез келді.
Аузы кетпей Көрұғлының тілектен,
Шықты шауып жалғыз өзі түбектен.
Бұрқ-сарқ етіп айқасып ет Райханды,
Шанышты сол барып енді жүректен.
Өтіп кетіп тұрғанда найзасы
Қара жерге барып ұшып дір еткен.
Басына істі Райханның келтірді,
Жаһаннамға жанын жайға жітірді.
Керек еткен дұшпаны осы Көрұғлының,
Жапан түзде қан ғып оны өлтірді.
Қалды бәрі қалғандары табынып,
Бұрынғы сол өз дінінен жаңылып.
Келе алмады қарсысына ешбірі,
Барлығы да тұрды түгел бағынып.
Кәждембектей тағасын мұнда алдырып,
Жөндетеді кеткен жерін шақ қылып.
Келгеннен соң Көрұғлы бек бабына,
Дақ тигізді егескеннің жанына.
Кәждембектей алдырып мұнда тағасын,
Райханның отырғызды тағына.
Бұрын кеткен қариялардың пешесін,
Түйіндерін шын сөйлесең шешесің.
Жалған емес шындыққа тілің барса егер,
Көркейесің, өшпейсің өмір өсесің.
Молда жинап, талақ салған қайтадан,
Неке қиды шариғатпен шешесін.
Міне, енді еркін мынау қосылды,
Көрген жандар Көрұғлыбектен шошынды.
Алда жоқта қиын іс жоқ асылы,
Баршагүл мен Кәждем тағы қосылды.
Дүнияның тартса да бұрын зардабын,
Нұсқа болып бұрынғылардан қалғаны.
Қосылды да Баршагүлге тағы бұл
Кеуліндегі бітіреді арманын.
Енді мұның жұмыстары күймеді,
Кеуілінде көп еді істер түйгені.
Өз халқы мен арабтың халқын қосып ап,
Патша болып Кәждем анық биледі.
Көркейеді көңілі шалқып Кәждембек,
Төбесі сол көкке мұның тигені.

Төбесі көкке тиіп, мақсұтына жетіп, баласы мақсұтына жеткізіп енді, күндердің күні өткеннен кейін Күләйім оның есінде жоқ, соған баласы Көрұғлы барып: «Гүлнар сұлуменен, өзінің бұрынғы жұбайы (менің шешем) Баршагүлмен көңіл қосқан соң, Күләйімді ұмытуыңыз орынсыз, менің шешем өлмей есімнен шықпайды. Күләйім, бірталай мал-жан сонда қалды. Мен соған аттануым керек, сізден көп уақыт жауап күтіп едім, мені жұмсайды ғой деп едім. Есіңізден Күләйімнің шынымен шыққаны ма? Мен соған аттанам, дұғаңды бер»,—деп жатқан жері.

—Артық айтса әркім істен тосылған,
Тапқан тағам өз қолынан жедік нан.
Күләйімді неге ата ұмыттың,
Жолдасың еді кішкентайдан қосылған?
Бізге сонда отырушы тілекте,
Айту керек өз аузыңмен елеп те.
Жаным анам тәрбиелеп өсірді,
Шықпас өмір өлгенімше жүректе.
Тыңда сөзді деді таға халалға,
Ұшырмадың көп уақыт залалға.
Кішкентайдан қосылған жан жолдасың
Атамастан ұмытып адам қала ма?
Қызылбастың елінде қалды еңіреп,
Көрген күні тұтқын болып азарда.
Қабыл болса естілер хаққа тілегім,
Өз қолынан жан анамның түледім.
Батаңды бер енді тағы өзіме,
Іздеймін мен жан анамды жүремін.
Тұрғаннан соң өз-өзінен жабығып,
Айтқан сөзі батты жанға енді нық.
Баласының естіп мұндай кеңесін
Тұрды аздап Кәждембек те ұялып:
—Қайғырып тұр......... табымды,
Айтқан сөзің орынды, балам, табылды.
Бердім бата, жәрдем болсын Жаратқан,
Ашсын Алла,—деді,—балам, бағыңды.
Не екенін ойлап қайдан білер-ді,
Ойға түсіп ашу қысып жүр еді.
Тағасынан алып бата Көрұғлы,
Қызылбастың еліне енді жөнелді.
Таудай ердің қайт қылмаса талабын,
Бөтен жаққа бөлмеді ой мен алаңын.
Шапқан сайын серпе бір сіркіреп,
Ғират ат та жазып келе жатыр қадамын.
Бұл сияқты Жаратқан артық баланы,
Оңдалған соң қайт болмайды талабы.
Арасында он үш күндей жол шауып,
Шаадаттың еліне түсте барады.
Ердің етер, ойлап тұрсаң ісі еді,
Жатып көрген ұйқыда бір түс еді.
Қақпасынан ойласпай-ақ Көрұғлы
Тал түсте, сол арман асып түседі.
Қайтпайтұғын енді ердің беті еді,
Қаһары сол от жалындай леп еді.
Ғират аты кідірмейді қақпаға,
Ар жағына секіріп енді өтеді.
Болмай тұрды Көрұғлының елеңі,
Ақылының тұңғиық сондай тереңі.
Қамқұн болған отыр еді Күләйім
Сәлем беріп сарайына енеді.
Көргеннен-ақ таныды, міне, құлынын
Назар салды, Күләйім де көреді.
Сұм дүния ойласаңыз кеңірек,
Тарылып еді басына мұның дөңірек.
Таныған соң баласын сол құшақтап,
Көл-дария етті көзді еңіреп.
Етпейді ме әр уақытта ер істі,
Кім істейді ойласаңыз терісті.
Есен-аман анасымен қауышып,
Бұл екеуі еңіреп енді көрісті.
Көрұғлы айтты: «Етпеңізші уайым,
Деп едің ғой етіп тағат шыдайым,
Қызылбастың күнін қараң етермін,
Қамқұн болма,—деді,—анам Күләйім.
Тірі жүрсем шығар, анам, мерейің,
Мұнан артық енді сізге не дейін?!
Дем алайын қасыңда жатып бір түнше,
Ертең ерте қызылбасты көрейін.
Тиер екен қайтып бізге залалы,
Әңгіменің ана осы халалы.
Қызметі болып еді бабамда
Қай яқта енді,—деді,—атам Бабалы.
Бабалы да жетті кешке жылқыдан,
Тигеннен соң Көрұғлының хабары.
Көрұғлы айтты: «Қасірет қайғы мұңым бар,
Айтылды сөз тыңда, бабам, шынында.
Жалтаң қағып жан-жаққа шығып кетпеңіз
Ертең менің айтатұғын кебім бар».
Шын арыстан еді мынау сымбатты,
Ғираттың тұлпар бағасы қымбатты.
Бұл үшеуі шуласумен жатқанда,
Күн шығады көтеріліп таң атты.
Сыбанулы Көрұғлыбектің білегі,
Енді жаудан қайтар ме екен жүрегі!
Бақытым Жаратқан өзің ашқың, деп,
Ғиратына таң атқан соң мінеді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз