Көрұғлы (26-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 4 мин оқу
Мына келіп алтын таққа отырған,
Ғират аты қалып қойып ед далада.
Көрұғлы айтты: «Ердің еркін зерегі,
Әр істің де болмайды ма себебі.
Падишалық тақтыңыздар, халқым-ау,
Түгел тыңда, маған жоқ қой керегі.
Менің кеулім күн санаумен шалықты,
Ойы тұрды, һәр қиялмен балықшы.
Алтын таққа патша болып отырғаннан,
Ғират атымды бір сипағаным артық-ты.
Оған халық айтсадағы көнбеді,
Қуанышқа бөленіп тұрған елдері.
Алтын таққа құрмет етіп ұстады,
Оған ырық Көрұғлы бек бермеді.
Айлатарсың ақырында мейлі зар,
Ашулансам күндеріңіз болар тар.
Мені алдап алып келіп бұл жерге
Ғират атымды ұрлайын деп жүрсің, ұрылар.
Қалай шыдап Ғират атымды көрмей тұрармын,
Қайтып енді көре алмасам шыдармын.
Жолымды аш, ашу қысты қиынды,
Біріңді де қоймай қазір қырармын.
Кімдер қарсы келер мұндай балаға,
Тәңір артық туғызған мынау данаға.
Айтқанымен тыңдамады халықты,
Жұлқынып сол шығып еді далаға.
Ердің қандай түнеріп тұрған айбаты,
Сыртқа шықса орынында жоқ Ғираты.
Неге қалсын үшбу жерде кідіріп,
Қиын енді бұған тұру мүдіріп.
«Ей, ұрылар, Ғират атымды алып кетті», деп,
Келе жатыр ізіменен жүгіріп.
Бұл сияқты дүнияға келген енді шер,
Асыл бұйым жатқан мынау болды бел.
Ғират атты бара жатқан жерінен
Ортаға алып, ұстап еді шілтендер.
Қай бір жерге салсаң Ғират тайынбас,
Жатыр еді жабдықтап шілтен айылдап.
Қару-жарақ саймандарын сауытын,
Бәрін қойған үшбу жерге дайындап.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Сүйретінді ізіменен келеді.
Көрұғлыбек келе жатқан жүгіріп,
Қырық-елудей сәлделі адамды көреді.
Ашу қысып, айбатланып Көрұғлы,
Сәлделіге жетіп енді келеді:
—Айлатармын бәріңізге енді зар,
Көретұғын күндеріңіз болды тар.
Ғиратымды көзің қиып союға,
Апарасың кайбір жерге ұрылар.
Енді күнің кәйтіп сенің ашылды,
Қызыл менен көрсетейін жасылды.
Ғират атымды қай жерге енді соясың,
Кесейін бе түгел деді басыңды?!
Көңілдің көптен болған екен алаңы,
Ұры болса қайым болар заманы.
Ақылыңның алдында келді ашуың
«Қара,—деді,—бізге толық, балам-ау,
Ғират атың мінуге келді, шырағым,
Келіп тұрған біздер едік бабаң-ай.
Десе дағы ердің беті тайынбады,
Сөзімізді тыңдап тұршы енді нақ.
Ғиратыңа мінгізуге келіп ек,
Қару-жарақ сайманыңды дайындап».
Сол уақытта Көрұғлыбек тұрады,
Есітеді сөздерін алып құлағы.
Ашу қысып көзіне қан толып ед,
«Кешір»,—деп сол зар еңіреп жылады.
—Ашу қысқан біз сияқты баладан,
Артық кетті-ау, айтқан сөзім шамадан.
Асылығым жаңағы айтқан артықтар,
Кешіре гөр,—деп еңіреді,—Бабажан!
Жас баланы киіндірді шілтендер,
Жайнап кетті дүнияға келген мұндай ер.
Қару-жарақ саймандарын іледі,
Жас құс болды Көрұғлы бек тіледі.
Оң қарына қалдырмастан қаруын,
Дайындаған енді бала іледі.
«Бақытымды, Жаратқан, өзің ашқыр» деп,
Ғират атына Көрұғлыбек мінеді.
Олай-бұлай жас сәбиді жүргізіп,
Шаттандырды кеулін тауып күлгізіп.
«Соғып тұр ма,—деді,—балам, жүрегің,
Не сөзіңді айтқан мен ер едім.
Қол жайдағы осы бүгін сұрашы,
Не айтсаң да қабыл болат тілегің!».
Көрұғлы айтты: «Маған берсең толық бақ,
Барлығың да тұрған шілтен аруақ.
Көп тілекті тілемеймін сіздерден,
Қабылдасаң тілек менде екеу-ақ.
Көңіліңе бұл жұмысымды хош көрсең,
Бабаларым ойларыңды бес бөлсең,
Бір тілегім өздеріңнен сұрайтын,
Бір жүз жиырма бес болад, маған жас берсең.
Қабыл айла тілегімді айтқан соң,
Жалған емес тілеп тұрмын мұны шын.
Шын тілегім өздеріңнен, Бабажан,
Өле-өлгенше жаудан бетім қайтпасын.
—Сөзіңіздің өте жақсы іреуі,
Болмас балам, аңғаршы сөздің жүдеуі,
Тілегіңіз орынды болды, жан балам,
Қалып тұр-ау сол тілектен біреуі.
Жастық пенен кеуліңнің көп алаңы,
Кейін сонау қайғы болар заманы.
А, шырағым, қол көтер де сұрашы,
Қалдырдың перзент деген баланы.
Көрұғлы айтты: «Бұл жұмыстан шегінбе,
Деп ойламас ешкім бізді тегінде.
Қабыл айла тілегім менің екеуі,
Әйел жолда, бала менің белімде.
Еркін соғад ердің болса зерегі,
Асыл сөзді асыл адам егеді.
Жаным баба, қабыл айла екеуін,
Балаңыздың осы екеу-ақ тілегі».
Қырық шілтендер қайтарып бұған үш айтты,
Қабыл алмады, қайтарып сол мұң айтты.
Тоқтата алмад қанша айтқанмен баланы,
Түнеріп тұр жауатын күндей жаңағы.
Қартайған соң қапалық сыймас жігері,
Дұға қылып бұлар енді ағады.
Райханның азары жүр елінде,
Еске түссе от болып та жанады.
Ғират атына мінгеннен соң Көрұғлы,
Кәждембекке көп айналмай барады:
—Көруге мен келдім сіздей атамды,
Кешірдің-ау кешірілмес қапамды.
Райханның азары жүр есімде,
Бергін маған, жаным ата, батаңды.
Қалай шыдап еске түссе тұрамын,
Етіп кетті-ау Райхан маған ылаңын.
Дүнияда тірі жүрсем, жан ата,
Менде салам барып соған ылаңын.
Сұм дүнияның көрді талай жалғанын,
Неше күндей қайғыменен зарладым.
Райханның еткен арам ісінен
Іште жүр еді әлі күнге арманым.
Жаным ата, қолыңды жай, дұға бер,
Дұрыс болар аттанып соған бармағым.
Жас баланы енді Кәждем көреді,
Бас барға Кәждемнің ірге төрі еді.
Қолын жайып, сақтай көр, деп ұғылымды,
Кәждем мына, енді бата береді.
Атасынан алып дұға Көрұғлы,
Ойнақтатып Райханға жөнелді.
Ғират аттың білінбейді шапқаны,
Басқан сайын жер солқылдап нақтады.
Кешегі Амудария бұған жер ошақ,
Ғират аты дариядан аттады.
Сыр шашпады жүрерінде досына,
Түрікпен елден жан ертпей кетті қасына.
Дариядан өткеннен соң Көрұғлы,
Тас құдықтың барды жетіп басына.
Тас құдыққа барып аттан түседі,
Іһіри шарап өз қолымен ішеді.
—Көңілімде көптір менің уайым,
Сабыр етіп ермін ғой деп шыдайын.
Қандай халда отыр екен Баршагүл,
Диуана болып әуелі өзім барайын.
Мен жалғыз боп дүнияға келіп ем,
Жәрдем болар қай уақытта Құдайым.
Бұл сөзімді тыңдап тұр еді Ерен баб
Тәңір берген өшпейтін шығар деді бақ.
Жан жолдасым, тапсырамын өзіңе,
Ұқыптап ал айтқанымды, Ғират ат.
Қару-жарақ киімдерін шешініп,
Ғират атқа Көрұғлыбек тапсырад.
Ойланып сол ішіне істі түйеді,
Асыл туған, артық мұның сүйегі.