Көрұғлы (32-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Бабалының ізіне еріп Көрұғлы,
Айқай салып майданға енді келеді.
Даусыменен шықты бәрі далаға,
Қалмады енді қатын менен бала да.
От жалын сол келе алмайды лебіне,
Шығып жүрді ойнап бір шаһар шетіне.
Кез келгенін апат қылып кетеді,
Кім келмекші Көрұғлы бектің бетіне.
Қарсы келсе өздері опат тауып жүр,
Ғиратпенен аралап майдан шауып жүр.
Бұрқыратып тоздырып жүрді даласын,
Тас талқан ғып шапты түгел қаласын.
Жалғыз өзі сескенбей-ақ барып жүр,
Қарсыласса атынан түсіп қалып жүр.
Көрінгенді қайратына таң қылып,
Шаһарын сол ағызды судай қан қылып.
Бұрқыратты қызылбастың шаһарын,
Жан көрмейтін түнек енді шаң қылып.
Ертең менен бірдей шауып кешінен,
Кейде талмай өте шығад бетінен.
Тайынар ма, қариялардың нақылы,
Судан, деген, ойлап көрші, шешінген.
Қарсы келіп тіреуге енді келмеді,
Танып жатыр қызылбастар есінен.
Құтқармайды Ғират аты қашқанын,
Бөліп жүрді қызылбастың бастарын.
Тоғайына барып тықты көбісін,
Құтқармайды Ғират ат та қашқанын.
Жалғыз өзі майданға еркін барып жүр,
Құмары сол Көрұғлы бектің қанып жүр.
Кімдер келсін қарсысына бұл ердің,
Қарсыласқан қызылбас естен танып жүр.
Таудай ердің қайт болмаған талабы,
Жүргеннен соң қайтар ма екен араны.
Сегіз күндей қызылбаспен ұрысып,
Тас-талқан ғып шаһарын шауып алады.
Өзен бойын жағалатып айдады,
Қатын менен иесіз қалған баланы.
Кім таласар ердің берген бағына,
Тыңда сөзді, ескерімді тағы да.
Елін шауып, апат қылып, бағынтып,
Тас тигізді қызылбастың жанына.
Қалай енді бұған ойы тез келді,
Шабуына барлығы да кез келді.
Қарсы келіп бетіне тоқтам бере алмай,
Өз-өзінен қызылбастар өзгерді.
Ойнақтатып келе жатыр еді Көрұғлы
Шаадаттың өзіне енді кез келді.
Таудай ердің қайт болар ма талабы,
Түюлі жүр Көрұғлының қабағы.
Өлтірмеді шауып шаншып Шаадатты,
Тірідей сол сұлтан ұстап алады.
Сарғайтады мұның да енді жүзләрін,
Келтіріп тұр өз басына кезләрін.
Атама еткен ахыретің осы деп,
Бұл да ойды екі қара көзләрін.
Шықыратты Шаадаттың жандарын,
Атқызбады енді қарап таңдарын.
Атасына еткен ісін қайтарып,
Көзден төкті жас аралас қандарын.
Басына істі Шаадаттың келтірді,
Жаһаннамға жанын оның жітірді.
Егескенде екі талай қор қылып,
Шаадатты апат қылып өлтірді.
Кім таласар ердің берген бағына,
Дақ тигізді ойласаң ердің жанына.
Түгел барып бағынып дінге кірген соң,
Жинап алды майдан сынды залына.
Халқын жинап, Бабалыдай бабасын,
Шаадаттың отырғызды тағына.
Қариялардан қалған осы мысалы,
Кеуілінің Бабалының да кетті тосабы.
Қызы бар еді Шаһида атты Шаадаттың,
Неке қиып Бабалыға қосады.
Маңайына барып ешкім тимеді,
Көңілінің қандай жақсы сүйгені.
Еткен еңбек Көрұғлыдан қайтып тұр,
Патша болып Бабалыңыз биледі.
Артық пенен көз салмады кеміне,
Не қыл дерсің Көрұғлыдай бегіне.
Бабалыны отырғызып сол таққа,
Еге қылды Шаадаттың жеріне.
Көп жылқысын шығарып шаһар шетіне,
Өз анасын алып қайтты еліне.
Қабыл болды Көрұғлыбектің тілегі,
Алып ұшты енді сәби жүрегі.