Көрұғлы (15-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Соны айтып келе атыр едің-ау анадай,
Дұға қылып кетейін деп шыдамай,
Кім тыңдамайт тапса сөздің жүйесін,
Құл да болса берген Алла киесін.
Шұбатылып келе жатыр көреді,
Көп қабырдың ортасында биесін.
Көңілі де қалған еді суалып,
Шаттанады биені көріп қуанып,
Боз биесі көп моланың ішінен,
Келе жатыр өзіне қарсы шұбалып.
Естігенін ойына енді тоқыды,
Түсіп әйет моласына оқыды,
Құл да болса көрдің бе асыл зерегі,
Таптырар ма ердің ойына керегі.
Әйет оқып отыр еді Бабалы,
Жалаң аяқ баланың ізін көреді.
Көргеннен соң жақын келеді шыдамай,
Көңіл шіркін таппай қалды енді жай.
Көрген сайын ізіне соның тоймаған,
Бұл қалайша һажайып деп ойлаған,
Назар салып қарап отырса Бабалы,
Шарық ұрып қабырдың аузын ойнаған.
Бабалы айтты: «Қайтты ма менің райым,
Қалай ойлап тетігін мұның табайын?
Жалған айтсам өлгенім ғой а, Құдай,
Сақтасыншы өтіріктен Құдайым!
Шықпай қалар өтірік айтсам мерейім,
Кәзір барып Күләйімға не дейін!?
Күн батқан соң қып тәуекел бұл жерге,
Қайта айналып деді енді келейін.
Не ғажайып жұмыс екен, Құдай-ау?
Өз көзіммен әуелі кеп көрейін».
Күн батқан соң қайта айналып келеді,
Құл да болса ақылы толық ер еді,
Түні менен кірпік қақпай Бабалы,
Банабарлап сол қабырды жүреді.
Болып отыр Бабалы құл енді аң-таң,
Қиналып тұр көргенінше шыбын жан.
Барлық жердің бәрі тастай қараңғы,
Көрдің іші жанып тұрған раушан.
Сығалады қабырының аузынан,
Атқандай боп туылады енді таң.
Ақалайдың лахатының үстінде,
Шөгіп жатыр алғыр бүркіт арыстан.
Жатыр еді Бабалы құл сүрініп,
Қайтып мұны ұстаймын деп ілініп.
Ұйқы дұшпан жатқанында Бабалы,
Көзі кетті таң алдында ілініп.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Әр істің де болмайды ма себебі.
Жатыр еді көзі ілініп Бабалы,
Ғайып Ерен мен Қырық шілтендер келеді.
—Ғарып болған құлағың салшы, Бабалы,
Бізді тыңдап білші деді шамалы.
Ертең ерте тұрып енді базарға,
Өрік, мейіз, құрманы тіпті көп қып ал.
Бұл қабырдың аузына ерте жеткейсің,
Бір-біреуден тастап ұзап кеткейсің.
Көңіліңнің болмасын қапалық пен заманы,
Осы айтылған сөзімізді орында,
Ертең ұстап берейік деді баланы.
Таң атқан соң Бабалы құл тұрады,
Жаңағыны естіген еді құлағы.
Ертең ерте базар жаққа барады,
Ұстау енді арманы мұның баланы.
Кәждембектің көп дүниесін аяй ма,
Өрік, мейіз, құрманы көп қып алады.
Ұшқан құсты құтқармайтын Бабалы,
Ерттеп мінді астында боз биені жаңағы.
Ертең ерте келіп мұнда жетеді,
Бір-біреуден тастауменен кетеді.
Аман ердің шығар деген атағы,
Бөтен ойда жоқ еді мұның шатағы.
Төгіп барын таусылған соң жемістің,
Қайта санап күтіп соны жатады.
Бала шығып төгілген жеміс көреді,
Дәмін алып бір-біреулеп тереді.
Балалықтың хақысы жеңіп, теріп жеп,
Бабалының нақ үстіне келеді.
Бабалыны көріп кейін қашады,
Боз биеге Бабалы қамшы басады,
Дақ тигізеді боз биенің жанына,
Мейірімі келмес саннан аққан қанына.
Ұшқан құсты құтқармайтын боз бие
Көрұғлының ермей қалды шаңына.