Көрұғлы (11-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Айтқан тілін Раушанбектің алады,
Түйіліп келеді қапылыстан жау халалы.
Тұлпар басын бұрып алып Кәждекем
Күн астына аудармастан салады.
Айтқан сөзін Раушанбектің алады,
Алмағанда қайдан тапсын дананы.
Тор тұлпардың басын бұрып Кәждекем,
Күн астына аудармастан салады.
Шаппақ түгіл, қалмақ мінген шағырың,
Қалша қарап, селтиіп тұрып қалады.
Өз елінде озушы еді ағылып,
Кең майданда жүруші еді жағалап,
«Жамандатқыр келіп кәзір өлгір», деп,
Басқа, көзге қала береді сабалап.
Жау қолында қалмады ерлер тұтылып,
Жолға түсті қайта оралып құтылып.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Жәрдем болып көркейтті енді бұл ерді.
Құтылып алып қызылбастан екеуі,
Ойнақтатып жолға түсіп келеді.
Кісі еді екеуі де келбетті,
Кесімдікке еңкейіп сонда ай жеті.
Кесімдікке ай еңкейіп келгенде
Артта қалған манағы қол құр кетті.
Раушан айтты кім таласар бағыма,
Айтып тұрған кездестірмесе табыма.
Я, Кәждем, би хабар әлі келе атсың,
Бір дүбір бар артымызда тағы да.
Я, Кәждем, артымызға салғын зер,
Шын қадірлі өз еліңде едің ер.
Түсін баян айла артыңда ат қол аттың
Ақылы кеңес едіңіз ғой кемеңгер.
Артқа назар тағы Кәждем салады,
Құрметтейді Раушанбектей дананы.
Артқа қарап назарлап ед Кәждекем,
Баян айлад көрді дағы жаңағы.
Жауһар дарын келе жатқан нұр, деді
Сол сапта шашпай кетем сыр, деді
Осы жеткен реңі аттың Раушанбек
Ала аяқты көрінеді сұр,—деді.
Раушан айтты: «Жәрдем болар онда Бір уа Бар,
Тоқтаңызшы айламайық, деді зар,
Астыңдағы тор тұлпарды бұр дағы,
Ай астына аудармастан тура сал».
Айтқан сөзін Раушанбектің алады,
Бұл сияқты бұрыннан білед дананы.
Тұлпар басын бұрып алып Кәждекем,
Ай астына аудармастан салады.
Алған еді айтқанын мұның ұғынып,
Кетті енді торы мұнан шығынып,
Ай астына салғанында сұр аты,
Тоңқияды қара жерге жығылып.
Жүргенменен кепті бұрын аралап,
«Тұлпар деп сол бағаңды сенің бағалап,
Жамандатқыр келіп кәзір өлгір» деп,
Қалмақ қалды басқа көзге сабалап.
Тілі майда айтса ердің шебері,
Хан ісіне кәнде болса көнер-ді.
Есен-аман қалмақтардан құтылып,
Ойнақтатып жолға түсіп жөнелді.
Таудай ердің қайт болмады талабы,
Енді жүрсе көрерсіздер араны,
Есен-аман қызылбастардан құтылып,
Екі бекзат ойнақтатып барады.
Кәждем айтты: «Жаратқан жалғыз Бір уа Бар,
Тірі жүргенде төгілмейді деді ар,
Құлақ салып тыңдап отыр, Раушанбек,
Айтатұғын өзіңізге бір кәп бар.
Кейбір кезде айтып сөзді мақтадың,
Кейде ерсің тұзыңды да ақтадың.
Жалған сенен өл-өлгенше шықпайды,
Белгілі ғой Тәңірі берген бақтарың.
Кеше елден шығар кезде, Раушанбек,
Бұл торыны шалқитып неге мақтадың?
Бір ғапылдық ойланбаса еткені,
Мен айтармын деп тұрмын-ау өкпені.
Сіз айтқандай тұлпар емес бұл жорық,
Сұр мен шағыр артынан қуып жеткені.
Жалған десең көзіме айт, Раушанбек,
Тек айлаңменен құтылып қана кеткенің.
Айтқан сөзің қалдыма бала шабына,
Қалар ма екен айтпағанмен тағы да,
Шалқитып та бұл торыны мақтап ең,
Ұшқан құс та ермейді деп шаңына.