Түркімен Қасымхан (13-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сол қызылбас елінде,
Қара теңіз жерінде,
Қырық мың әскер түрікпен
Және ай жарым жатады.
Алтын сарай ішінде
Қасым менен Жәмила
Көп қызыққа батады.
Қалмақтың басы хан Марғау
Есітті мұның хабарын.
Жәмиладай сұлуды
Қасым ердің алғанын.
Жасауыл салып жіберіп,
Жинады қалың адамын.
Жинамай әскер не қылсын,
Жеті жылғы ғашығы
Жәмиланың алды хабарын.
Қалмақ деген қандай жұрт,
Тәуекел етсе нардай жұрт!
Білді әскер сол күнде
Қызылбастың еліне,
Қара теңіз жеріне,
Марғау патша барарын.
Сонда Марғау ақырды,
Нар түйедей бақырды.
Әр тарапқа ат салып,
Жасауылмен хат салып,
Жинап алған секілді
Қырық мың әскер кәпірді.
Сонда Марғау сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Ей, қалмағым, қалмағым,
Жетті менің салмағым,
Жанәділ патша еліне,
Қара теңіз жеріне
Керек еді, қалмағым,
Былтырғы жылы бармағым.
Берсе, алып қолынан,
Бермесе, алып жолынан,
Керек еді Марғауға
Жәмиланы алмағым.
Жәмиладай сұлуды
Қасым мырза алыпты,
Сарайға алтын салыпты,
Енді еңіреп қалғаным.
Жәмиладан айрылып
Басымнан өтер жалғаным.
«Айдай ару Жәмила,
Түрікпенге кеттің бе!
Тимеймін деп хандарға,
Ханнан туған жандарға,
Түрікпенге бағынып
Ой түбіне жеттің бе!
Жеті жылғы ғашығың,
Артыңа жалғыз қайрылмай,
Мені арманда еттің бе?!
Жәмила, менің жанымсың,
Жеті жыл ғашық жарымсың,
Қолымда дәулет, малымсың.
Ғашық болып жүргенде,
Осынша тәуір көргенде
Бір қайрылмай артыңа
Түрікпенге бағынып,
Опасыз әйел залымсың.
Ақылымды тауысып,
Жарымның қолдан кеткені.
Сен жөнелсең түрікпенге,
Малымның қолдан кеткені.
Қасымхандай түрікпен
Түбіме менің жеткені.
Жәмила қыздан айрылсам,
Басымнан дәурен өткені,
Өткен дәурен кеткені.
Хасанұлы Қасымхан
Жәмиланы алғаны,
Кең сарайға салғаны,
Жәмиладан айрылып,
Қанатымнан қайрылып,
Марғау сынды батырдың
Басынан өтті жалғаны.
Базарлы жерге барармын,
Қолымнан келсе, Жәмила,
Қарағым, сені алармын.
Бәйгеден келген күнінде
Қалмақтың мен бір тарланы,
Не болса да көрермін,
Қазам жетсе, өлермін,
Алланың болса салғаны.
Өлмесе егер Марғаудың
Қалай кетсін дүниеде
Көңіліндегі арманы».
Сонда қалмақ жиналып,
Қырық мың әскер қол болды,
Есебі жоқ мол болды.
Барабан тартып, шың қағып,
Он екі жерден ту байлап,
Қызылбасқа жөнеді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Қара теңіз жеріне
Қалмақтарың келеді.
Қалмақтың басы хан Марғау
Еңіреген ер еді.
Жәмила менен Қасымға
Алтыннан салған сарайды,
Алтын сарай жағына
Батыр Марғау қарайды.
«Тоқтаңыз» деп сол жерде
Әскердің алдын орайды.
Сол уақытта хан Марғау
Төс айылын қысқартып,
Екі айылын бек тартып,
Қабағы тастай түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Сарайда жатқан жерінде
Қасымға келді хан Марғау.
Өлтірем деп түңіліп,
Жәмиланың зарынан
Келе жатыр күйініп.
Бес қаруын қолға алып,
Оқ жыландай толғанып,
Жәмиланың зарынан
Ердің көңілі ылғанып.
Екі көзі Марғаудың
Қанды жасқа былғанып.
Келе жатыр ит қалмақ,
Жәмила мен Қасымға
Сауытқа сыймай долданып.
Сарайға келіп ақырды,
«Бері кел» деп шақырды.
«Тиген байың қайда?» деп,
Жәмиладан сұрады
Қасымдайын батырды.
Еңіреген ер Қасым
Бес қару жоқ бойында,
Дәнеме жоқ ойында,
Хабарсыз жаудан ғапыл-ды.
Ғапыл да болса ер Қасым,
Жанәділдің жалғызы.
Қыз Жәмила ақылды,
Шақырғанға бармады.
Қапылыста Жәмила
Жібермеген секілді
Қасым сынды батырды.