Көрұғлы (12-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Шын қадірлі Раушанбек ер еді,
Кәждембектің бұл сөзіне күледі.
—Қалдыңыз ба, Кәждеке, сонан шошынып,
Едәуір-ақ қалыпсыз-ау қысылып.
Шаппақ түгіл астыңыздағы тор тұлпар,
Жинаған жоқ ішін әлі құтылып.
Жау жетті деп қамшы соқсаң санына,
Жерде болмай көкке ары асушы ед.
Айтатұғын бір сөзім сізге тағы да,
Таймай тұрып айтып қойшы табына.
Қаны қызу бекзат едің, Кәждеке,
Дақ тигізіп жүрме мұның жанына.
Ертең елдің көргеніңде қарасын,
Жаңылып кетіп, қамшы ұрып жүрме санына.
Түрікпен деген оны да ойла жеріңді,
Осы айтылған аласың ба кебімді,
Жаңылып кетіп қамшыны ұрсаң санына,
Аңсап келген көре алмайсың еліңді.
Батыр туған екеуі де бек еді,
Бір-біріне әзіл айтып күледі,
Түсінісіп айтқан сөзге екеуі,
Ойнақтатып Шамбілбелге келеді.
Таудай ердің қайт болмаған талабы,
Жүрсең еркін көрерсіздер қараны,
Тұтас майдан тұяғымен тоздырып,
Екі бекзат келе жатыр жаңағы.
Қанша қашық дегенменен жерлердің
Шапқан сайын тартылады талабы.
Түніменен жазылғанда тор тұлпар,
Бес жүз жер бауырына алады.
Тәңірі артық жаратқан мұндай данасын,
Біледі сол екі бек те шамасын.
Арасына он үш күндей жол салып,
Үргеніштің түсте көрді қаласын.
Қызу кірді Кәждекемнің қанына
Рахат бір енген болды жанына,
Раушанбектің айтқан сөзін жаңылып,
«Айт» жануар деп қамшы ұрып қалды санына.
Келе жатқан тері жаңа төгіліп,
Ұмтылған сол торы тұлпар беріліп,
Санға қамшы тигеннен соң тор тұлпар,
Көкке қарай көтерілді желігіп.
Болмай кетті Раушанбектің тұрағы:
«Сөзім қайда, Кәждем, айтқан манағы,
Туған жерді көру қиын біздерге»—
Деп еңіреп егетіліп жылады.
Кім таласар тәңір берген несіпке,
Қызыл тілім сөйлер болсаң кешікпе.
Үргеніште саналылар жиналып,
Намаз оқып отыр еді мешітте.
Жар солқылдап бара жатыр отырса,
Бір дүбірді құлақтары есітті.
Бір-біріне бұл қалай деп сұрасты,
Біреулері тоқтай тұр деп жарысты.
Біреулері жер қозғалып барад деп
Кәлимә айтып өз-өзінен қорықты.
Тоқсан үште бір қария бар еді,
Тоқтатты да былай жауап беріпті:
—Түрікпеннің арғы атасы Толыбай,
Түрікпен елі түгел ерді соңына-ай.
Толыбайдың баласы еді Раушанбек,
Қызылбастың түсіп кеткен қолына-ай.
Артық пе екен көнбеген шығар кеміне,
Қызылбас ит жүргізбеген ғой жөніне.
Өзі сыншы бір тұлпарды тауып ап,
Қашқан екен Раушанбек еліне.
Қарасы да қалған шығар көрініп,
Қалмаңыздар мешітте бірің ерініп.
Ертеректе Толыбайдан естуші ем,
Тоқтамайд деп тұлпар кетсе желігіп.
Жеті жерден он-оннан жеті тұлпарды,
Жеті арқанды тостырайық бөлініп.
Қапысын таппай тоқтамайды бұл тұлпар,
Кеткен екен дейді әбден желігіп.
Раушанбектен неге қалсын шегініп,
Неге отырсың мешітте енді ерініп,
Күңіреніп шығып еді далаға,
Көз ұшында бір бұлт келед көрініп.
Жеті жерден он-оннан жетпіс тұлпары
Жеті арқанды керіп тұрды бөлініп.
Торы тұлпар қайтпайды енді бетінен,
Дауыл болып соққан желі лепінен.
Келе жатқан желігіп тауып төтені,
Қандай айла бұған халық етеді.