Көрұғлы (25-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Сыпатына көрген сайын тоймайды,
Анау-мынау төменде екен тұяғы.
Неге болсын ердің енді алаңы,
Атасы сыншы жылқыға бұл маманы.
Жіп тигізбей мойнына тұлпардың,
Қырық құлаш жібек арқан тағады.
Көрген сайын көргісі келед тоймады,
Анық тұлпар осы ғой деп ойлады.
Бір ағашқа шатымайды арқаны,
Теректерге секіріп Ғираты ойнады.
Кірді ердің көңілі енді қуанып,
Соң қалғанмен қайғы менен суалып.
Ғират атын көргенін де есінен,
Бәрі кетіп тұрады енді қуанып.
Қала алмайды ешбір жерге бекініп,
Жүрген қайғы кетіп қалды өкініп.
Ғират аты күн санаумен сүйсінді,
Теректердің басынан жүріп секіріп.
Қабыл болса үшбу ердің тілегі,
Не екенін алдын болжап біледі.
Үргеніштің Ақыл хандай ханы бар,
Тоқсан үшке Ақыл бір күн келеді.
Басындағы тағдыры бітіп Ақылхан,
Бір күндері дүние салып жөнеді.
Осылардың ескері бірақ заңдары,
Есі бүтін ер болса сөзді аңдады.
Патша өлсе, халқын жинап майданға,
Тырп еткізбей тұрушы еді шаңдары.
Бақыт құстай құсы болды түрікпеннің,
Сол құс кімге қонса, соны патша сайлады.
Бұл сияқты аудырмайды халықты,
Көргеннен соң не қыларсың жарықты.
Хабар шашып шақырып алды бір күні,
Майдан жайға алтын діңгек халықты.
Жұрттың бәрі барғанында жиылып,
Көрұғлы бек бақ ішінде қалыпты.
Бұл дүнияның көрдіңдер ме жалғанын,
Не бір мұңлық тыңдап тұрсаң зарларын.
Бүкең қағып кемпір-шал да бара жатыр,
Патша болмақ барлығының арманы.
Тиыш тұр деп етті бұған қысымды,
Бұрын тәртіп осы болған соң түсінді.
Түгел халқын жинап болған соң,
Бақыт құсын ортасынан ұшырды.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Халықтың алды жауатын күндей түнерді.
Жиналған сол көп жиынға айналмай,
Көрұғлы жүрген баққа құсың жөнелді.
Халық түгел жиналып тұрған дулады,
Елегзіп қалды ғой деп шулады.
Неге болсын көңілінің алаңы,
Қиын болмақ сөйлер ердің маманы.
Бақыт құстың ұшқан жағын бағдарлап,
Шуылдап сол халық кетіп барады.
Сыр шашпаған ойласаңыз досына,
Кеуілінің кір келмейді хошына.
Ғират атын ойнатып жүрген Көрұғлының,
Бақ ішінде бақыт құс қонды басына.
Ғират аты қонған құстан үрікті,
Салып жатып тоқталғаны еді бүлікті.
«Ей, жапалақ қандай ақың бар ед» деп,
Екі мәртебе көтеріп жерге сілікті.
«Ей, жапалақ, көтермеймін ойыныңды,
Сен келгенмен мен ашпаймын қойнымды.
Ғират атымды бүлдірмей аулақ кетсейші,
Ашулансам жұлып алам мойныңды».
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Халқы үшін туған анық ер еді.
Ел егесіз қалды ғой деп күңіреніп,
Шұбырумен халық мұнда келеді.
Бақ ішінде Көрұғлымен алысқан
Бақыт құсты түгел халық көреді.
Қалған кеулі халықтың да суалып,
Мұны көріп кеулі қалды жұбанып.
Шынжырға барып тауыпты деп орынын,
Халық сондай күңіренді қуанып.
Көрұғлыны ортаға келіп алады,
Құрмет етті басын иіп балаға.
Кім таласады ердің берген бағына,
Тайса оңға келмейді ғой тағы да.
Жас баланы ортаға алып құрметтеп,
Отырғызды патша болып тағына.
Құрмет етіп жатыр бәрі балаға,
Айтқан менен шындық бар ма, нана ма.