Көрұғлы (4-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 3 мин оқу
Раушанбек іздеді енді қарап сиырын,
Талай жердің басып келед қиырын.
Іздегенменен таба алмай келед тыжыны,
Сыншылықтың білді тиген қиынын.
Раушанбек келе жатыр еді өкініп,
Таба алмасам қалдым ғой деп бекініп,
Сары қызыл ала талпақ бастау бір бұзау
Топырақ шашып, қасына келді өкіріп.
Келгеннен соң бұқа қарап тұрмады,
Тұяғымен топырақ шашты тырнады.
Құлақ салып тыңдап еді Раушанбек,
Жетпіс екі көтеріп дауыс шығарды.
Жалпақ екен сол бұқаның сауыры,
Мың басатын аяқтың қандай ауыры.
Назар салып қарап еді Раушанбек.
Пынжы екен сол бойымен бауыры.
Бұқаны алып ұстап алып жетелеп,
Шаадатқа келді Раушан төтелеп.
Көп айналмай Шаадат та келеді,
Өз елінде Раушанбек бек еді.
Бауыздамай кіндігінен кесті де,
Қос бауырын қолына алып береді.
Қарап тұрса бауырының бәрі тас,
Шаадат та көзіменен көреді.
Сыншылығын шын екен, деп, жаман құл,
Бір-ақ күлше сыйлық деп, тағы береді.
Сыншы екенсің, аңғардым деп мен өзім,
Не айтсаң да бере берші сын сөзің.
Өзің айтқан сөздеріңді ақтай бер,
Сен түйенің тап деді енді жампозын.
Қайғы-қасірет айрылмайды мұңынан,
Айтсаң неттің құтылып сол шыныңнан,
Жалған айтпай шыныңды, Раушан, айта бер,
Енді өзім ере жүрем соңыңнан.
Таба қойсаң, күнің сенің ашылды,
Онда қызыл көре алмассың жампозды,
Ен далада кесем деді басыңды.
Раушанбек ғаріп іздеді түйесін,
Талай жердің басып келед киесін.
Іздегенмен таба алмай келед түйені,
Сыншылықтың білді, тиді киесін.
Раушанбек келе жатыр еді ойланып,
Таба алмасам қалдым ғой деп жайланып,
Тігулі тұрған бір лашықтың түбінде
Көк ала бас бір түйе тұр байлаулы.
Раушанбек жетіп келіп қасына,
Екі-үш мәрте көре берді айналып.
Бұл түйеде қандай ақың бар еді деп,
Біреу шықты шотасын алып сайланып.
Өзіңе-өзің келе атырсың дем беріп,
Алдыңызға көк дауылды өңгеріп,
Тілімді алсаң бұл түйеден аулақ жүр,
Бес үйлі жан отырмыз мұнан күн көріп.
Құлағың сал,—деді Раушан,—Шаадат,
Тыңдай берші сөзімізді айтқан нақ.
Пұлың жетсе, бұл түйені сатып ал,
Жампозы осы түйенің деді ақиқат.
Шаадат айтты дегенменен табылды,
Босқа қақпа деді, құлым, дабылды,
Әлде болса аңғарып көр түйені
Жалған болса, төгем деді қаныңды.
Раушан айтты: «Қалдыма сөз тағыда,
Кім таласар Тәңірі берген бағыма.
Осы түйе жампоз болмай қалса әгәр,
Менде ризамын бір қасықтай қаныма.
Сатып алды Шаадат хан үлекті,
Бауыздамай торпымақты әулетті
Пышақшы салған асың жетеді,
Аралаумен түгел соны өтеді.
Бар қыспағын сыпырып қолға алғанша,
Мыңқ етпестен жаны шығып кетеді.
Көзіменен Шаадат хан көреді,
Сыншылыққа енді Шаадат сенеді.
Сыншылығын шын екен деп жаман құл
Бір-ақ күлше силықты тағы береді.
—Келтірермін жалған айтсаң тезіңді,
Адамзаттың құл мен сырттанын білем деп едің,
Кім боламын, айтып бер менің өзімді.
—Ашуыңды тақсыр енді жинаңыз,
Сыйлық беріп мені орынсыз сыйлама.
Өзіңізге жасым менің жетпейді,
Өзің үшін, тақсыр, мені қинама.
Қаһарланып Шаадат хан ақырды:
—Жасырасың айта салып бар сырды,
Жасырмай-ақ айта бер деп қалдырмай,
Кесем, егер жалтаңдасаң, басыңды.
Раушан айтты: «Енді бұған не дейін,
Тірі жүргенде шықпайтын шығар мерейім.
Осы залым мені өлтірмей тынбайды,
Өлсемдағы шынын сөйлеп өлейін.
Көп болғанда келтірерсің кезімді,
Мен деп едің айтқанына төзімді.
Сына деуді қоймасаңыз Шаадат
Әнеукүні-ақ байқағанмын өзіңді.
Астыңдағы бір арыстанның байтағы,
Сен адамның байқауымша шайтаны.
Қариялардың сөзі жалған емес тұр,
Әрбір нәрсе деген нәсіліне қайтады.
Түбіңізге тек дарылып кеткен дарымай,
Бақ қонған соң жүрген жансың арымай.