Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (15-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қолымнан ұшты бұлбұлым
Пияладан жем жеген.
Басымнан ұшқан бақыт құс
Қайта айналып келмеген.
Сен бір алған жарымсың
Дүние қызығын көрмеген.
Біз секілді бұраң бел
Жар қызығын білмеген.
Маңдайымның бағы жоқ,
Мен бір сорлы бейбақпын
Құдайым тілек бермеген.
Бермеді менің тілегім,
Шерге толды жүрегім.
Айдынды шалқар көлдерден
Ұшып та-ау кетті үйрегім.
Заманым менің тарылды,
Сүйегім алтын жарылды,
Қызыл гүлім суалды.
Қырмызы қымбат жібегім
Аптапқа тиіп қуарды.
Панасызға айналып
Көзімнің жасы шұбалды.
Қарқаралы хан Қасым
Бір жыл күліп-ойнасам,
Болмас еді обалды.

Әттең, жарым Қасымхан,
Заманым менің тұлданды,
Кең сарайың тұл қалды.
Жәмиладай бұраң бел
Артыңда жесір бұл қалды.
Жесір қалды Жәмила,
Арманым көп, дариға,
Қиын болды, қайтейін,
Жетпіске келген Хасанхан
Атаң бір сорлы қария.
Әттең, ғапыл білмедім,
Кері қайтып келмедің.
Ардақтаған Қасымым,
Бір жыл ойнап-күлмедім.
Арманда болып мен сорлы
Күні-түні еңіредім.

Хасанхан:

—Жатырмысың, жалғызым,
Айналайын, Қасымхан,
Кеудедегі шыбынсың!
Көзімнің нұры, шырағым,
Жаңа салдың атаңа
Дүниенің қайғысын.
Тал шыбықтай бұралып
Өскен таза, қарағым,
Он жасыңда жау жаулап,
Еліңнің алдың алғысын.
Он жасыңа келгенде
Тұлпар атқа мінгіздім,
Бес қаруың ілгіздім.
Қырық нөкерге бас қылып,
Өз еркіңмен жүргіздім,
Таңдап сұлу сүйгіздім.
Астыңа тұлпар ат беріп,
Қасыңа әскер халық беріп,
Аспан астын шарлатып
Жер қызығын көргіздім.
Молдаға беріп жасыңда
Ғылымның жолын білгіздім.
Дүниенің жөнін білсін деп,
Аруанамен жүргіздім.
Жаныңа тыныш болсын деп,
Жорғаменен кездірдім.
Ақсұңқар құсты баулыған
Көлден аққу ілгіздім.
Не пайда бар дүние-ай,
Ақырында атаңды
Жанған отқа күйгіздің.

Он бесіңе келгенде
Қолыңа найза ілдірдім,
Жауға ойран салдырдым.
Тоқсан түрлі шаһарға
Үстінен жол арнадым,
Сахараны шолдырдым,
Қолыңа лашын қондырдым.
Аһ, дариға, не пайда,
Қызығын көрмей кеткен ер,
Басынан дәулет өткен ер,
Он алтыға келгенде
Тағдыр қаза жеткен ер.
Он алтыға келгенде
Солып қалдың, балдырған.
Қолымнан ұшқан сұңқарым,
Естен Құдай тандырған!

Иесіз қалдың, қайтейін,
Түрікпендей елдерім.
Қорғаның құлап уақытсыз,
Сынып қалды белдерің.
Сарбас қулар жөн тартып,
Суалып қалды көлдерің.
Аяғы сынып мертілді
Бәйгеден озған керлерің.
Басшың, халқым, кеткенсін
Арылмас қайғы, шерлерің.
Шолпан, айың кеткенсін,
Қараңғы болар күндерің.
Сендер түгіл, қайғырды
Халық билеген патшаңыз.
Қырау тиіп қуарды
Қызыл гүлдей бақшаңыз.
Басшың кетті, қайтейін,
Енді жауға шаппаңыз.
Жанәділ сұлтан хан еді,
Кәтепті қара нар еді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз