Көрұғлы (27-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Қару-жарақ саймандарын тапсырып,
Жалба-жұлба бір шекпенді киеді.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Шын қадірлі жаратылған ер еді,
Дүнияда артық сенің айбатың,
«Сөзді тыңда,—деді—тағы, Ғиратым.
Айтатұғын бір сөзім бар тағы да,
Кім таласад ердің берген бағына.
Қапыл қалма, Ғират атым, тапсырдым,
Жақындатпа жау келе қойса жаныңа.
Қиындықты неде болса өткейсің,
Меніменен бірге машахат шеккейсің.
Дұшпан келіп ұстаймын деп ұмтылса,
Тістеп, теуіп қашыққа ұзап кеткейсің».
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Тапсырады атына қару бұл енді.
Аса алып диуана болып, қолына,
«Я, Хақ» деп сол Көрұғлыбек жөнеді.
Райханның сарайына кешікпей,
Келіп енді диуана болып енеді.
Бұл сияқты ойласаңыз қаруы,
Дүнияның қараңғы боп кірсе дағы сарайға,
Баршагүл сол өз баласын таныды.
Болмай кетті көргеннен соң тұрағы,
Жасқа толды қарап тұрып шырағы.
Шыдай алмад көргеннен соң баланы,
Егітіліп Баршагүл де жылады.
«Не себептен қамқұн болды, Баршагүл»—
Деп Райхан Баршагүлден сұрады.
Ақылы кеміс құтылар ма осыдан,
Беріп жатқан Баршагүлдің жауабы:
—Кеуліңізге кәйткенде мен ұнаймын,
Кейбір іске кәйткенімде шыдаймын.
Мұсылманның баласы ғарып болғанға
Есіркеп мен, деді, Райхан жылаймын.
Шын ақылды ойлап тұрсаң ер еді,
Ақылы дана Барша қыздың көп еді.
Саған осы Құдайы қайыр садақа, деп,
Бір жүзік пен хат жазып енді береді.
Баршагүлдің жазған хатын алды да,
Ей Хақ, деп сол қайта айналып жөнеді.
Ердің қайдан ескерсеңдер айбаты,
Дүнияға батыл туған қайраты.
Тас құдыққа қайта айналып келіп ед,
Тұр екен сол қалыбынша Ғират аты.
Қыңырсынбай бұл жұмысын сүйеді,
Жад етеді Жаратқан жалғыз иені.
Жалба-жұлба шекпендерін тастады,
Қару-жарақ сайманын қайта киеді.
Не екенін ойлап қайдан біледі,
Қараңғының кеткен шығар түнегі.
Баршагүлдің жаңағы жазған хаттарын,
Көрұғлы бек ашып енді көреді.
Жорытқытып алатұғын түсіндей,
Былай депті Баршагүл ішіндей:
—Тасқұдықтың басында, жаным, жата бер,
Бұйырған тұз тағамыңды тата бер.
Көңіліңнің болмасын титтей алаңы,
Райханның қайым болар заманы.
«Сабыр түбі сары алтын» деп айтып ед,
Таза сақта, шырақ, осы тазаны.
Кір жуам деп ертең ерте анаңыз
Тас құдықтың басына енді барады.
Сататұғын неше түрлі бұлы бар,
Бұл ісімнің ойлана қойсаң ізі бар.
Кір жуам деп ертең түсте барамын,
Гүлнәр деген Райханның қызы бар.
Айтқан ісін өз кеуліне тұтады,
Тұтқан адам әр уақытта ұтады.
Анасын ол Тасқұдықта күтуменен,
Неге болсын енді көңіл алаңы.
Тәңір артық Жаратқан мұндай баланы,
Баста сынап жүрсе дағы қисайып,
Оңға айналды Көрұғлының алаңы,
Айтқанындай ертең түсте кір жууға,
Гүлнарды ертіп, Баршагүл жетіп барады.
Шошып кетті Көрұғлыны көрген соң,
Гүлнар сынды қызы оның жаңағы.
Кетіреді бір уақытта шыдамды,
Өз кеуліне болған асыл ұнамды.
Көрұғлыны көргеннен соң түрлерін,
Кетіріп тұр өз-өзінен шыдамды.
Іші оттай Баршагүлдің күйеді,
Асыл ерді әйел де болса сүйеді.
Көрұғлыны құшақтап алып еңіреп,
Кезек-кезек бетінен сол сүйеді:
—Менде болсын, Көрұғлыжан, құлағың,
Жеткердің ме Алла бізге алалын.