Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түркімен Қасымхан (10-бөлім)

Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Бұ да ерліктің нышаны,
Қылғанмын талқан орыңды,
Он екі күндік жердегі
Тапағанмын торыңды.
Біле білсең, қызылбас,
Қақсатқанмын сорыңды.

Және дағы сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Асу-асу, бел,—дейді,
Аса бір соққан жел,—дейді,
Бейітханның баласы,
Көзінің ағы, қарасы,
Он екі жасар балдырған,
Жаудың есін тандырған,
Қарабай мырза мен,—дейді,
Іздегенім сен,—дейді,
Дәтің болса, қызылбас,
Қағысалық кел,—дейді.

Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Асу да асу, бел,—дейді,
Аса бір соққан жел,—дейді.
Он екі жасар жас бала,
Кезегімді бер!—дейді.
Еңіреген ер,—дейді,
Кезегім берсең, жас бала,
Қылайын саған масқара,
Қызығымды көр,—дейді.
Қарабай сонда толғайды:
—Жайықтың басы тал,—дейді,
Тал жағалай мал,—дейді.
Қараман сынды хан,—дейді,
Кезегіңді ал,—дейді.
Алладан тағдыр жеткен күн,
Ажалдан қашып құтылмас
Бір шыбындай жан,—дейді.

Толғана мойнын бұрады,
Алладан пәрмен сұрады.
Шошынып тізгін жимады,
«Қызылбас кезек алсын!» деп,
Қасқайып қарсы тұрады.

Үш күндейін шабысып,
Төртінші күн болғанда,
Екі батыр жұмсады
Бір-біріне найзаны,
Алатын қылды айланы.
Найзаменен салысып,
Жолбарыстай алысып,
Өлмедік деп найзадан
Сонда екеуі ойлады.
Бесінші күн батырлар
Қолына алған секілді
Қозыжауырын жебені,
Бір-біріне кезеді.
Ат үстінен долданып,
Аттың бойын тежеді.
Атқан оғы сол күнде
Қара тасқа кез келсе,
Талқан қылып үзеді.
Қанша пәле қылса да
Оқ қарудан өлмеді.
Қарудан пайда келмеді,
Екі бірдей арыстан
Оқты бұйым көрмеді.

—Ай, Қарабай, Қарабай,
Он күн оқпен алысып,
Талқан қылдық даланы-ай,
Тауыстық қой шараны-ай.
—Енді екеуміз, Қарабай,
Неғылсақ та алысып,
Белге тұсау шалалық,
Тұлпардан түсіп майданда
Енді күрес салалық,
Күресіп, бала, қаралық,—
Дегеннен соң Қарабай
Аттан түсе қалады.
Белге тұсау байлады,
Қараман мен Қарабай
Екі күн күрес салады.
Қара жерден бір-бірін
Көтеріп алып барады.
Қаһарланып батырлар
Салмағын салса долданып,
Қара жерді жарады.

Ала алмады бір-бірін
Жаяу күрес салғанмен,
Белге тұсау шалғанмен.
Сол уақыттар болғанда
Көрұғлының Ғауазхан
Қарабай атты балаға
Жетіп келді Тарланмен.

Келіп Ғауаз сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ай, Қарабай, інім-ай,
Ерлігіңде, қарағым,
Жоқ екен сенің мінің-ай!
Он екі күн болғанша,
Қызылбасты ала алмай
Кетті-ау, қарғам, сының-ай!
Сыныңыз кетті, қарағым,
Не болды, сайыпқыраным?
Жауға әлің жетпеді,
Қызылбасқа оғың өтпеді,
Атың үшін, қарағым,
Күйіп-жанып барамын.
Мақұл көрсең, Қарабай,
Қызылбасты маған бер.
Өзім соғыс салайын,
Өлсем, өліп қалайын,
Өлмесем, басын алайын.
Ғауаз бұлай деген соң,
Көп жүргенін білген соң,
Арланды бала Қарабай.
Күресе берді батырмен
Алды-артына қарамай.
Киімінен түгі тікиіп
Тесіп өтті арадай.
Аллалап айғай салады-ай,
Қарамандай батырды
Көтеріп жерден алады-ай.
Аспанға атып жіберді
Көк үстінде тұрғандай.
Көрінбей кетіп барады,
Қайтадан қағып алады.
Алмаспенен шалады,
Қанын ұрттап қанады.
Сол уақытта Жанәділ,
Іші оттай жанады.
Мұнарадан құлады-ай,
Ұзынынан сұлады-ай,
Есінен сонда танады-ай.
«Аһ, дариға, кеттің бе,
Қарамандай ерім-ай?!
Елдің арын жоқтаған
Арыстан туған шерім-ай.
Қорғаның кетіп қолыңнан
Иесіз қалдың, елім-ай.
Он екі жасар түрікпен
Көрсетті маған керім-ай».

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз