Түркімен Қасымхан (8-бөлім)
Көрұғлы · Қалижан Өтешұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Көтерді алтын панарын,
Көрген соң жаудың сапарын.
Жекпе-жекке шықсын деп,
Түрікпеннің ханына
Жанәділ салды хабарын.
Қызылбастың патшасы
Жүргізді хабар араға:
«Түрікпеннің әскері
Кірмесін,—деп,—қалаға.
Екі жақтың ерлері
Соғыссын,—деп,—далада».
Ханнан хабар келген соң,
Қызылбас хабар берген соң,
Түрікпеннің Хасанхан
Келсін деп сонда бұйырды
Қарабай атты балаға.
Сонда Хасан сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ай, Қарабай, Қарабай,
Жеке біткен қарағай.
Жекпе-жекке келсін деп,
Түрікпен ханы шықсын деп,
Қызылбастың Жанәділ
Хабарын салды араға-ай.
Он екі жасар балдырған,
Арыстан туған қарағым,
Сала көр жауға ылаң-ай!
Айналайын, Қаражан,
Аттана көр арадан.
Балдырғаным, қарағым,
Тұлпар мініп, ту алып,
Атаң патша атанған
Белгілі сайыпқыраным.
Қырық мың әскер ішінде
Артық еді талабың.
Талай соғыс болғанда
Қайырлы еді қадамың.
Сенің атаң бір күнде
Қыл жалаулы қалмақтың
Он екі бұзған қамалын.
Бір кісідей көрмеген
Қырық мың әскер жиналған
Қызылбастың адамын.
Әскер ертіп, ат мініп,
Жасыңнан жауға қамтынып,
Болып тұрған заманың.
Екіталай болғанда
Артық еді-ау талабың.
Тақияның тас қамал
Бұзатұғын Қаражан,
Сен табарсың амалын?!
Он жасыңа келгенде
Тұлпар мініп, ту ұстап
Құрттың жаудың танабын.
Екіталай іс болса,
Қайтейін, Аллаң жар болсын.
Атқа мінген жасыңнан
Қайратыңа таңдандым.
Сол уақытта Қарабай,
Жеке біткен қарағай,
Ханның тілін алады-ай.
Тұлпардан туған көк дөнен,
Жауға шапқан көлденең,
Ер-тоқымын салады-ай.
Алпыс құлаш ақ найза
Оң қолына алады-ай.
Қарағай садақ, қырық кез оқ
Ер басына іледі-ай.
Атадан қалған ақ болат,
Алты құлаш шынжырмен
Алып белін орады-ай.
Құйысқанын қысқартып,
Екі айылын бек тартып,
Сары ала туы салбырап,
Сауытының шашағы
Тұс-тұсына саудырап,
Екі беті албырап,
Екі көзі жаудырап
Қаражан кетіп барады-ай,
«Аллалап» айғай салады-ай.
Айғайлаған даусынан
Тақияның тас қамал
Сонда құлап барады-ай.
Және де айғай салады-ай,
Тақияның тас қамал
Жартасынан құлады-ай.
Құлаған қорған астында
Алты мың әскер сұлады-ай,
Қызылбасты Құдай ұрады-ай.
Қарабай атты баланың
Тұлғасына таң қалып,
Ер екенін аңғарып,
Қайран қалып тұрады-ай.
Сол уақыттар болғанда
Қызылбастың Жанәділ
Алтын тақта ақырды,
Нар түйедей бақырды.
Тоқсан балуан бастығы,
Қызылбастың басты ұлы,
Қараман деген бар екен,
Қараман ерді шақырды.
Қызылбастың Жанәділ
Жеті атадан дүмді өткен,
Қамал бұзған батыр-ды.
Еңіреген ер еді,
Өзі сұлтан, төре еді,
Өзі дана, ақылды:
—Ай, Қараман, Қараман,
Саған сеніп, қарағым,
Біздің халық апылды,
Арыстан туған ер едің,
Халықтың асқар пілі едің,
Қызылбастың ішінде
Нысабың маған жақын-ды.
Жаудың қалай сыңайы,
Тумай кеткір жас бала
Келмей жатып жапырды.
Және дағы сөйлейді:
—Ай, Қараман, қарағым,
Айдын шалқар көлімсің.
Арқада асқар белімсің,
Қызылбастың ішінде
Еңіреген ерімсің.
Дұшманға тартқан желімсің,
Шолпан, айым, күнімсің,
Өзімнің жақын інімсің.
Бара көр, қарғам, бара көр,
Жауға ойран сала көр,
Барып кегіңді ала көр!
Қарғадай қара түрікпен
Қойдай шулап үріккен,
Аш бөрідей бөріккен.
Келіп тұрған жас бала
Алатын айла таба көр.
Алтын балдақ алмаспен
Алып басын қаға көр!