Көрұғлы (16-бөлім)
Көрұғлы · Ә. Жүргенбаев нұсқасы · 2 мин оқу
Келе жатыр бала енді алыстан,
Ер өледі деген бар ғой намыстан.
Сол дұшпаннан қашып бала келіп еді,
Қабырының аузында жатыр арыстан.
—Есігімді босатсаңыз кәйтеді,
Қуып келе жатыр деп зарлады бір дұшпан.
Өзім патша дұшпандардан қорқамын,
Алыс жерден шаршап келдім ортағым.
Есігімді босатсаң кәйтеді, арыстан,
Осы есікте болмаса сенің ортағың?!
Оған мойнын арыстан да бұрмады,
Айтқанменен арызы тұрмады.
Ағып тұрды көзінің енді сорасы,
Еңіреп тұр арызын айтып баласы.
Бұл арыстан қозғалмады тыңдап,
Бабалының жақын келді қарасы.
Қиын болды осы бір жұмыс балаға,
Тыңдамады арыстан мұны жана да.
Жақын келіп қалғаннан соң Бабалы,
Қабырды тастап қашты бала далаға.
Кім таласар ердің берген бағына,
Таймай жүрген уақытында табына,
Жетемін деп өкім қылып балаға,
Қамшы басты боз биенің санына.
Білмей тұрды ойлап мұның шамасын,
Ақылының алжастырып данасын.
Ұшқан құсты құтқармайтын боз бие
Көрмей қалды Көрұғлының қарасын.
Көрұғлы айтты: «Енді бұған ие дермін
Қай яққа бұл құтылып күнімді көрермін?!
Бабалы айтты: «Кеуілімде болды нақ,
Түспей қалса не қыламын,—деді сәт.
Адам айтса нанар ма екен, Құдай-ай
Бір жаяуға жете алмад деп шапқан ат.
Бұл сияқты көре алмадым баланы,
Қалай жүйрік осыншама адымды.
Бостан-босқа енді үйге қайтам ба,
Күләйімға сөзімді жалған айтам ба.
Түндегілер шілтен десем Құдай-ай,
Барлығы да мені алдаған шайтан ба?!
Алты асқар асу қиын бел еді,
Боз биемен тепектеп бұл келеді.
Қырық-елудей сәлделі адам ұстап тұр,
Жас баланы көзі енді көреді.
Аттан түсіп Бабалы құл қалады,
Зар еңіреп дәт-дария етіп жылады.
Жаңағы бір айтқан сөзім асылы,
«Кешіре гөр» деп еңіреп бұл жылады.
Көзін басып тізерлеп жүріп Бабалы,
Бір-бірлеп қолдарынан алады.
Бұл ғарыптан тағы қашып кетер деп,
Қол-аяғын байлап берді баланы.
Жас баланы байлап беріп шілтендер,
Ғайып болып кетіп қалды жаңағы.
Қол-аяғы байланған соң сәбидің
Айтып жатқан осыларға ғазалы:
—Юзім киза яғым мен білегім,
Енді қашпай бірге ілесіп жүремін.
Шыныменен мен десең, Бабажан,
Сұрайтұғын өзіңнен бар бір тілегім.
Бетін жуды көзінен аққан жасына,
Құлағың сал әңгіменің нашына.
Не де болса мауқын басып кетсін деп,
Қабырының тура барды басына.
Ақ ісіне не де болса көнейін,
Енді қашпай біргелесіп жүрейін,
Шыныменен мен десең, анажан,
Ембесем де тым болмаса көрейін.
Барса аузы жабылыпты қабырдың,
Сөзін тыңда Көрұғлыдай сәбидің:
—Мауқым басып кетейін деп келіп ем,
Жаппар Құдай, құдірітіңе не қылдым?
Кірем десем бітеліпті бізге жол,
Көңілімде қайғы менен хасірет мол.
Хош, алдияр қияметте көрермін,
Бізге берген ақ сүтіңе риза бол.
Шыр айналып тұрмын келіп моладан,
Күдер үзіп қалдың ба мендей баладан.
Зар еңіреп жалғыз қозың келгенде,
Бір басыңды көрсетсейші анажан!
Өліп қалған денеңнен көріп күтімді,
Емізіп ең маған ақтыр сүтіңді.
Қайткенімде ақтай алам осыны,
Екі арада болмайтын шығар бітімді.
Жалғаншыға бара жатырмын, жан ана,
Кеше көрші белге бастыр жүзіңді.