Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (7-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
Құлын тапса, Ғират қылып мінерсің,
Есен болсаң, ұзақ дәурен сүрерсің.
Жеңгең үшін қам жемеймін, шырағым,
Аман болсаң бір күн алып келерсің.
—Үркер менен аспанда бар таразы,
Қиқу салар тауықтардың қоразы.
Бұл сөзіңе көңілім менің шаттанды,
Жан нағашым, саған болдым разы.
* * *
Уақыт толып біткен соң,
Кербие бір күн толғатты,
Шығара алмай жануар,
Ішіндегі Ғиратты.
От оттамай, су ішпей,
Дамылсыз жатып аунады,
Биеге батыр қарады.
«Құлыншағым, жазым болар, деп,
Тұншығып өліп қалар», деп,
Шыдай алмай Көрұғлы
Аяңдап үйге барады.
Аспаһандай қанжарын,
Жұқа шаптың тұсынан,
Бісмілла деп салады.
Қиған қамыс құлақты,
От орындай тұяқты,
Бір наз бедеу ішінен,
Шауып шықты жануар,
Бейне тұлпар сияқты.
Болды жаңа бір ермек,
Ерге берді бір тілек,
Жеткізді атқа құдірет,
Ойлағаны болған соң,
Көрұғлыға енді не керек?!
Кербие өліп артында,
Қалды құлын жетімек.
Бозұғлан келді шапқылап
Өрдегі жылқы ішіне,
Күнтүн жүріп дамылсыз
Жәмбілдің шықты беліне.
Жылқы салған айнала
Һауадақ деген көліне.
Он бие ап жөнелді
Жылқысынан бөлді де.
«Ғиратыңды еміз» деп
Он биені ап келді,
Күйгенде жатқан еріне.
Қой көтерер семізді,
Қатқанда бетін кім баспас
Түпсіз жатқан теңізді!
Құндаққа орап балаша,
Бір өзіне Ғираттың
Он биені емізді.
Бейне бала сияқты,
Көрұғлы батыр Ғираттың
Тілегенін жегізді.
Тәрбиелеп бағумен,
Құнан тайдан бұл өсті.
Дөненінде үйретті,
Жібектен арқан сүйретті.
Бейне пырақ атындай,
Салған әбзал жарасты.
Жеңгесін кеткен қумаққа,
Бесті жасына қарамай,
Жалына батыр жармасты.
Жарқылдатып байлайды
Беліне гауһар алмасты.
Асықса да уақытсыз,
Пірлерден рұқсат болмасты.
Бір көргенше жеңгесін,
Көрұғлы батыр төзбесті.
«Арманда ғапыл қалдым», деп,
Өлгенше күдер үзбесті.
Жүгіріп жүріп далада
Табандарын тас кесті.
Қырық шілтен, ғайып ерен
Шүкірлік тауда кездесті.
«Қалдархан барам,—деп,—
Жеңгемді барып алам»,—деп,
Рұқсат тілеп пірінен,
Сол жерде батыр сөйлесті.
Сонда пірлер айтады:
«Бір шапқан соң Ғиратты
Ала алмассың тоқтатып.
Күнтүн жүрсең шаршамас,
Алғайсың, жаным, ұмытпай,
Отыз күнде оттатып,
Берді бата пірлері»,
Шығатұғын кез болды
Ат пен ердің терлері,
Жаудан қайтпас тастүлек
Нағыз осы күндері.
Жиһанда жоқ, келіскен
Екеуінің түрлері.
(Бұл сөзімнің ішінде
Өтірік жоқ өңдері).
«Ақбілекті ізде,—деп,—
Үмітіңді үзбе»,—деп,
Бата берген осы еді
Көрұғлының пірлері.
Пірлерінен бата алып,
Ғиратқа мінді арыстан.
Ойламайды қалар деп,
Қатар шапқан жарыстан.
Балдырғандай майысып,
Он үшке келген жасында,
Іздеді жауды алыстан.
Көрсетпей күшін Ғираттың,
Кім қорқады дабыстан?
Кірді қалың түбекке,
Кейін қалған көп елді,
Бозұғланға тапсырды.
«Қамалға қарай айда, деп,
Қозғады елді қоныстан.
Жұрт болыңдар бас қосып,
Қай уақытта келермін,
Осы барған ұрыстан?
Мен тіріде Бозұғлан,
Кемдік болмас басыңа.
Ақбілекті көргенше,
Өмір берсін жасыңа.
Күйген таудың басында,
Қырық жігітім бар менің,
Сапабекке сәлем айт,
Ертіп соны қасыңа».
Бозұғлан сонда сөйледі:
«Жаратушы бір Алла,
Көрұғлы үшін еттім зар,
Жүзі жарқын, беті ашық—
Бергіл бұған ықтияр.
Мен тапсырдым қозымды,
Үш жүз алпыс пайғамбар,
Өзіңнен мәдет болмаса,
Бір ғаріпте не хал бар?».
Бозұғлан және сөйлейді:
«Есен болса, дұшпанға
Салса керек зымыстан,
Бағланымды тапсырдым
Хожа Ахмед Түркістан.