Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (2-бөлім)

Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 4 мин оқу

Қызылбасқа мен істетсем жұмысты,
Жүз мың жауға берсем едім тынышты.
Ұста жиып, патша болсам періге,
Аспаһандай соқтырсам өткір қылышты.

Мен салдырсам алтын таққа өрнегі,
Әр қылыштың болса ділда кемері.
Ешбір арман қалмас еді көңілде,
Қызылбасқа көрсетсем сан өнерді.

Көрұғлы сұлтан бүлініп,
Туғаннан жауға өшіккен.
Пендесі құры қалар ма,
Тәңірі жазған несіптен?
Бақты ашылса біреудің,
Ғайыптағы нәрселер,
Жұмалап келер есіктен.
Сөкпеңіздер ғайыплап,
Келтірді деп нешіктен.
Себеплерін айтайын,
Апаның сөзін ұмытып,
Арада неше жыл өтті
Бозұғланның кешіккен.

Кешіккенін айтайын:
Бозұғланның бар екен
Ақбілек атты бір жары,
Ол күндегі адамнан
Артық екен ажары.
Соңынан ерген әуре боп,
Мал мен басын тәрк қылар,
Біреудің түссе назары.
Ақбілекті әр жерден
Іздеушілер көбейді.
Қашпаса егер ұзаққа,
Таянғандай сықылды
Бозұғлан ердің ажалы.

Күйген тауға Бозұғлан
Ақбілекті алып жөнелді.
Мінгені қара тұлпары,
Қиядан көріп іледі
Қолындағы сұңқары.
Ауламаққа көп екен
Құлан, құлжа, арқары.
Елсізге шығып дем алып,
Дұшпандардан құтылып,
Қасыреті жаңа тарқады.

Апасының Бозұғлан
Айтқан сөзін ұмытты,
Көңілін мұнан суытты.
Етегінен Күйгеннің
Бір құланды қуыпты.
Құлан ұзап кеткен соң
Келе жатып Қарамен,
Бір сахара далада
Көп молаға жолықты.
Аң аулап жүр Бозұғлан
Сахара майдан даладан,
Өте берді гулетіп
Көп зиратты моладан.
Жалаң аяқ құм басқан,
Бір адамның ізі бар
Тым-ақ үлкен шамадан.
Тартты аттың тізгінін,
Көп зираттың ішінде,
Неғылып жүр деп бұл адам.

Көңілінде бар бұл күнде
Бозұғлан ердің санасы,
Әлгі іздің шыққаны
Қарап тұрса шамалап,
Тапсырып кеткен баяғы
Апасының моласы.
Жақсы адамның сөзінің
Қай күнде болмас екеуі,
Жер мен көктің бар ма екен
Арасында тіреуі?
Молаға батыр таянды,
Апасының тапсырған
Есіне түсіп сол жерде
Қақсаған зарлап тілеуі.
Із иесі аң емес,
Байқаса бөтен жау емес,
Көрде туып, көрде өскен
Көрұғлыдай жиені.
Зар етіп Хаққа қылды зар,
Өлмесем менің болар деп
Алды, артымның сүйеуі.
Жапанда өскен тағыға
Қашан қолы жетеді.
Ердің есі кетеді,
Ұстауға талап етеді.
Түсіре алмай қолына,
Арада төрт ай өтеді.
Бозұғланды көрсе алыстан,
Зытып бір қашып кетеді.
Көрмегені жақсы екен,
Көріп қолы жете алмай,
Бозұғланның қайғы мен
Қапасы ішін өртеді.

Сандалды батыр далада,
Қабырғасы сөгіліп.
Қиып тастап кете алмай,
Аш күзендей бүгіліп.
Төрт айдан соң Бозұғлан
Бар хайласын түгесіп,
Баладан қайтты түңіліп.
Келе жатқан батырды,
Көргеннен соң Ақбілек,
Алдынан шықты жүгіріп.
Бозұғлан сонда сөйледі:
«Сенсің менің, Ақбілек,
Сүйген жарым, алғаным,
Қалайша менің басылар
Дүниедегі арманым?!
Моласынан апамның
Бір тамаша ер көріп,
Күзетіп соны қалғаным.
Бар хайласын түгесіп,
Қапалықпен келіп тұр
Ұстай алмай нарларың.
Есіктің алды қар ма екен,
Қатар-қатар жар ма екен,
Бір перзентке дүниеде
Біздей де ешкім зар ма екен?!
Алып келсем сүйеніш
Болар еді қарағым,
Ұстар амал бар ма екен?».
Сонда Ақбілек сөйлейді:
«Молада жүрген тағыға
Болып па едің ынтызар?
Шын тілеген бендеге
Болар деген Алла жар.
Мен айтсам сөздің мақұлын,
Ұстайтын оның ақылын.
Алма деген жемісті
Көп қылып сонда алып бар.
Тастап кетсең әр жерге,
Теремін деп жүргенде
Ілінбес пе екен ақсұңқар?
Молада туып өсірген
Алланың қалай пәрмені?
Жалғыздықтан кетіп жүр
Бозұғланның дәрмені.
Бітейін деп келеді
Тарыққан ердің арманы.
Теріп алып Бозұғлан,
Әр жерге әкеп тастады
Қызықсын деп алманы.
Көрден шығып Көрұғлы
Алмаға жатқан қарады.
Көргеннен соң қызығып,
Аузына бірін салады.
Тәттілігі батырдың
Көңіліне мұның ұнады.
Әр нәрседен хабарсыз
Далада өскен бала-ды.
Бір-бірлеп теріп үстіне
Бозұғланның барады.
Қараға мініп ұмтылды
Көргеннен соң Бозұғлан,
Көрұғлының іздері
Жол боп жатыр қазылған.
Қарасын көрмей қалады,
Қосылса да жақыннан.
Барса көрге Көрұғлы,
Тесігінің аузында
Жатыр екен арыстан.
Тұрар емес шошынып,
Адасты батыр ақылдан.
Кейін қалды адамзат
Атпен қатар жарысқан».
«Өкпем күйіп жүгіріп,
Келіп тұрмын алыстан.
Қалайынша бұл жерде
Жатырсың келіп, данышпан?
Ұстайды деп қауіп етіп,
Адамзаттан қашамын.
Іздемесең қалың сор,
Орнымды бер, арыстан!»
Сонда арыстан сөйледі:
«Жау болуға жарамас
Танытайын ағаңды.
Ана сүтін емуге
Мұнан былай харам-ды.
Артыңнан қуған Көрұғлы
Бозұғландай тағаң-ды,
Білдір деп мұнда жіберген
Қырық шілтен бабаң-ды.
Енді саған көретін
Рұқсат жоқ анаңды».
Көрұғлы сонда сөйледі:
«Ей, арыстан, дүниеде
Мен бетіңді көрмеспін.
Айрылсам ана сүтінен,
Тірі де болып жүрмеспін.
Жалғаншының ләззаты
Шарабына бермеспін.
Пірлерім болса мәдеткер,
Еш біреудің сөзіне
Құлақ салып көнбеспін.
Екі қолды байламай,
Жөнділікпен жүрмеспін.
Жүз жиырма жас сұрағам,
Өтірік пірлер айтпаса,
Бұйрық жетпей өлмеспін.
Жөніңді маған білдірші,
Кім екенің білмеспін?».

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз