Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (3-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
«Ендеше баян етейін,
Жаныңа раушан егетін
Көріп тұрған піріңмін.
Жамандыққа қимайтын
Хош иіслі гүліңмін.
Әр уақытта жад етіп,
Ауызда сөйлер тіліңмін.
Кедергі болып асырмас,
Дұшпанға тартар беліңмін.
Қайрат-қуат беретін,
Қапаларың шығарар,
Көңілдегі желіңмін.
Танымасаң танырсың,
Көр ішінде жеті жыл,
Балапандай баулыған
Шайқыұлы піріңмін».
Айтқаннан соң батырдың
Піріне көңлі бітеді.
Төменшілік жүзімен
Рұқсат бер деп жалынып,
Көп өтініш етеді.
Осылай сөйлеп тұрғанда
Қараменен сабалап
Бозұғлан ер жетеді.
Талқан қылып тау-тасты,
Тағы қашып Көрұғлы
Жүгіре тауға жөнеді.
Қанатты Қара тұлпарға
Бір көрсетпей қарасын,
Адастырып кетеді.
Бозұғлан сонда сөйлейді:
«Бас қосалық, шырағым,
Екі жерде жүрмелік,
Сұрасаң саған айтайын,
Мен нағашың жетімек,
Дұшпандармен соғысып,
Сенің әкең, қалқам-ау,
Шәһид болған Мұңлыбек!».
Ақыл-ойы батырдың
Жаңа кірді есіне.
Барлығын баян еткен соң,
Кідірсін енді несіне?
Шайхыұлы сол күні,
Әуел бастан тамамдап,
Көрұғлыдай батырдың
Берген баян түсінде.
Жар болса тәңірі құлына
Даяр қылар керегін.
Көрұғлының Бозұғлан
Байлаған шешті білегін.
Есі кетіп қуанып,
Бақытымды Құдай ашты деп,
Баса алмады жүрегін.
Көзінің жасын тыймады,
Терісіне сыймады,
Болды деп қабыл тілегім.
Бозұғландай еріңнің
Көңілінен қайғы алынды.
Неше жылдай өсірген
Піскен қауын жарылды.
Арам тер боп бойында,
Мінгескен соң екеуі,
Қара тұлпар шабылды.
Жүз мың жауға төтеп те
Беретұғын бір өзі
Арыстан мұнан табылды.
Қауіпсіз жүрген дұшпанның
Күні енді тарылды.
Моладан өте бергенде,
Көрұғлыдай жас бала
Тағасына жалынды:
«Тілегім бар, тағам-ау,
Қабыл етсең тілейін,
Рұқсат берсең анамды
Не халде екен көрейін!
Жансыз тәнін бұлақ қып,
Асырап еді анашым,
Барып оны көрейін.
Екі емшегін иіскелеп,
Көңілімді суытып,
Кешікпей, аға, келейін.
Кетемін ғой арманда,
Көре алмаймын жалғанда,
Ақ мамасын емейін!»
«Болып тұрсың, қозым-ау,
Жапанда жалғыз шынарым,
Бұл жалғанда қалайша
Басылар менің құмарым.
Қайғыменен қан жұтып,
Бірнеше жыл байланған
Екі көзім жанарым.
Қашумен жүріп күн көрген,
Дұшпаным көп қорқамын.
Күйген тауда тұрағым,
Жібермеймін, шырағым».
Көрұғлы сонда сөйледі:
«Қайран, ғазиз анам-ай,
Қорек алып төсіңнен
Жеті жыл жаттым жапанда-ай.
Дүние жүзін әуес қып,
Ықтиярым жоқ басымда.
Жөн тартып енді барам-ай,
Оқымаған бәтдұға-ай,
Кетті тастап қарғама-ай.
Шарасыздан барамын
Тағамның сөзін қия алмай,
Қайрылуға жарамай».
Көрұғлыны алып жөнелді
Бозұғланның көңілі өсіп,
Бірі іні, бірі аға боп,
Ақыл қосып, жөндесіп.
Күйген тауға келеді,
Тұлпарға қара мінгесіп.
Асығып шауып келеді,
Жолыққанша сұлуға
Ақбілектей кездесіп.
Мекен еткен Бозұғлан
Күйген таудың арасын.
Жаздым-ау деп келеді
Көңілдегі жарасын.
Қарап тұрып Ақбілек
Мінгесулі екі ердің
Көрді алыстан қарасын.
Көрейін деп жүгірді жиені мен тағасын,
«Өтірік пе, шын ба?»—деп,
Зар етіп Хаққа келеді,
Қолмен ұстап жағасын.
Көзінен ағып қанды жас,
Сүйіп жатыр иіскелеп
Көрұғлындай баласын.