Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (5-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
Көрұғлы ер жөнелді,
Қара атпенен сабалап.
Шошынар емес тұрса да,
Жүз мың дұшпан қамалап.
Күйген таудың басында
Отыр екен қырық бір ер.
Әрқайсысы арыстан, шер,
Салса бір көзін шамалап.
Көзін салып қараса,
Ойда біреу келеді,
Тас бұршақтай домалап.
Сапабек деген бір батыр
Бар еді мұның ішінде,
Қисабы жоқ күшінде.
Тоғысқанда жаулармен,
Он санға өзін бағалап,
Жолдасына сол шақта
Сапабек тұрып сөйлейді:
«Болады бүгін бір ерлік,
Намысты қолдан бермелік.
Беті қайтар ер емес,
Жеті жасар келеді,
Алайын деп жүгермек.
Бөлек-бөлек қашалық,
Күйген таудың басында,
Қарап тұрып өлмелік».
Қаша-қаша жөнелді,
Кербие қалды байлаулы,
Жүгі қалды жайраулы.
Басына түсіп уайым,
Жаннан басқа нәрсені
Батырлар қойды ойлауды.
Көрұғлы жетсе артынан,
Бұлардың орны сайлаулы.
Енді шауып Көрұғлы
Кербиеге барады.
«Тырнақ алды олжам» деп,
Маңдайынан тақ етіп,
Анықтап белгі салады.
Қашқан ерлер иіріп,
Бір жерге әкеп қамады.
Құтылмасын білген соң,
Сапабектей асылзат,
Қол қусырып батырдан
Сауғаға жанын сұрады.
Құлақ салып сөзіне
Көрұғлы да тұрады.
Сапабектей асыл зат
Ұнады ердің көзіне,
Тар жерде болар жолдас деп,
Батырлардың жүзіне
Назарын тігіп қарады.
«Сұраған қырық жігітің
Осылар»,—деп пірлері
Айтып еді өзіне,
Соны есіне алады.
Таныған соң Көрұғлы
Аттан түсіп көрісті.
Өңшең батыр шерлерге—
Жиһан кезген ерлерге,
Ғайыптан мұны тап қылған
Риза болды пірлерге.
Болсам керек Иншалла,
Он үште патша Жәмбілге.
«Қырық жігітім, серігім,
Аманат қоям бұл жерге.
Бес жылдан соң беліңе—
Алмас қылыш байлатып,
Арғымақ ат сайлатып,
Қос-қос дабыл қақтырып,
Түркімен халқын бақтырып,
Құс салып сайран етерсің
Һауадақ деген көлдерге».
Сапабек тұрып сөйлейді:
«Болса бұйрық Алладан
Жолдас болып ерерміз,
Неғылып күнді Күйгенде
Жаяу жатып көрерміз.
Бес жылға шейін бұл жерде,
Ас, киімсіз, жалаңаш,
Қалайынша жүрерміз?!
Біздерге рахым етіңіз,
Кербиені тастап кетпесең,
Біз күмәнсіз өлерміз?!».
Көрұғлы тұрып сөйлейді:
«Бұл аштықтың, нарларым,
Түспеңіздер соңына.
Туған шығар, Иншалла,
Жұлдыздарың оңына.
Көрұғлының Сапабек,
Кәміл піріне жыласаң,
Арқар, құлан, киіктер,
Келіп түсер қолыңа.
Саятшы қып тапсырдым
Қырық шілтен жолыңа.
Талапты туған сардарым,
Тәуекелден бас бұрма.
Талапқа белін буғандар
«Далада аштан қөлем», деп
Уайым-қайғы қылмаңдар?
Айтқанымнан бұрылып,
Бөтен жаққа бармаңдар.
Бөтен істі көңіліңе
Жігіт болсаң алмаңдар!
Бес жыл деген бес-ақ күн,
Уағдадан танбаңдар.
Аманат қып сендерді
Тапсырдым, бабам ер Қамбар.
Қамбар өзі қолдаса,
Айтатын қайғы не қам бар?!
Кербиені алып жөнелді,
«Аман бол,—деп,—Сапабек!
Өзім тірі жүргенде,
Дұшпандарға кетпес кек,
Бұл уақытта екпінім
Козғалтқандай жер мен көк».
Бозұғлан үйде жылайды,
Бірер жауға сыналмай,
Мінді деп атқа ертерек.
Батыр келді үйіне,
Тұлпармен қара соқтырып,
Тасып келді мақтанып,
Іздеген жауын бұқтырып.
Нағашысы қуанды
Көңіліне шаттық көп кіріп.
Жеңгесінің жанында
Жата берді Көрұғлы
Кербиені бақтырып.