Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (6-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
Бір күндері болғанда
Аңға кетті Бозұғлан.
Талап етіп жол бастап
Бозұғлан үйде жоқ кезде,
Далада келіп бір адам
Жөн сұрайды дауыстап:
—Қоңыраулы қатар-қатар нар бар ма?
Сөз айтпаймын ақымақ туған заңғарға.
Қалдарханның баласымын—Райхан,
Бұл ордада сөйлескендей жан бар ма?!
Ер Көрұғлы мұны естіп сүйінді,
Қамқа тонды тал бойына киінді.
Сөйлеспекке Райхандай патшамен,
Үйден шығып тысқа қарай жүгірді.
—Танымаймын, аға, сенің затыңды,
Өтірік айтпай, рас айтшы атыңды.
Саған берген есен-аман сәлемім,
Түсіп берші астыңдағы атыңды.
—Ат таныған мұның өзі қандай бек?
Ғиратыммен дұшпандардан алдым кек.
Көзің тиер Ғиратыма, қарама,
Жеті жасар көрден шыққан жүгермек!
—Кетесің бе көзім жасын аққызып,
Мінер ме еді Ғиратыңды бақтырып.
Маған, аға, Ғиратыңды бермесең,
Кербиеме кетсең қайтер шаптырып?!
—Үйге барып патша екенім білдірсең,
Бір көргізіп іш-бауырымды күйдірсең,
Ғиратымның орамалы сол болсын,
Жеңешеңді құшақтатып сүйдірсең.
Мақұл көрді мұның сөзін Көрұғлы,
Алаңғасар ердің ісі белгілі.
Сүйдірмекке Райханға бетінен
Үйге барды жеңгесін ап келгелі.
—Жан бітіріп сурет еткен Құдайым,
Тарқар еді көңілімнен уайым.
Ақ бетіңнен бір сүйгізші патшаға,
Кербиеме бір шаптырып қалайын.
—Бір ғапылық, қозым, бастан өтпесін,
Түбімізге осы Райхан жетпесін?
Тұла бойым тітірейді, шықпаймын,
Шықсам алып бұл зәнталақ кетпесін.
—Сен шықпасаң жеңге бетің көрмеймін,
Тірі болып бұл дүниеде жүрмеймін.
Мен тұрғанда қам жемегін, жеңеше-ау,
Жүз мың жауға қолдан сені бермеймін.
—Бір Ғиратқа нардай белің бүгілді,
Бұл сөзіме қабырғам, қозым, сөгілді.
Бір көрінсем—кетермін білемін,
Бітіріп қал, жетімегім, көңіліңді.
Жиенінің айтқанына ұялып,
Тұра келді Ақбілек белі бұралып.
Тұра келіп ақ орданың ішінде,
Ақ түлкідей болып жүрді шұбалып.
Көрұғлы тұр Ақбілекті тапсырып,
Райхан тұр ішкі сырын жасырып.
Неше жылғы ғашығы еді Ақбілек,
Ала қашты арғымағын шаптырып.
Бір кеткен соң келер ме енді қайрылып,
Алтын жыға сынды енді майрылып.
Балалықпен Райхан сырын байқамай,
Жеңгесінен қапыда қалды айрылып.
«Кең дүниеде маған бүгін болды тар,
Я, Мұхаммед, Алла досты пайғамбар,
Аңға кеткен нағашымды көрсетпей,
Бенде десең, Жаппар Құдай, жанымды ал?!
Адам болып қалай жүрем мен мұнда,
Қалдым сорлап мен қапыда,арманда.
Нағашыма мені тірі көрсетпей,
Жеті жаста аманатыңды, ал Құда!»
Жол боп жатыр Ғират ізі қазылған,
Тағдырда іс осылай дүр жазылған.
Осылай зарлап Көрұғлы бек жүргенде,
Төрт күннен соң келді аңнан Бозұғлан.
Үйдің келіп тұра қалды алдына,
Ажалсыздан өлмеген соң қалды да:
«Көрұғлы қозым, үйде осы бармысың,
Болсаң үйде, кел бері шық алдыма?!
Бір қапылық, қозым, бастан өтті ме,
Бір дұшпанның көңілі менен бітті ме.
Мен келгенде үйден неге шықпайды,
Алла қосқан Ақбілегім кетті ме?»
—Төрт күн болды мен айрылып жатыппын,
Сонда дағы бір қызыққа батыппын.
Жеңешемді жоқтамашы, нағашы,
Бір айғырдың тұқымына сатыппын.
—Сұлу жарым жоқтап едім, мен мұңдық,
Көңілімнен жаңа шықты қапылық.
Тұқым алсаң айғырынан болғаны,
Шыбын жаным сенен болсын құрбандық.