Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (32-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Терісаққан өзенін көргенде:

Келгенде өзеніне Терісаққан,
Суынан ұрттап алым дәмін татқан.
—Тұздығы екен Сарыарқаның,—деді дағы,
Жүріп кетті түк айтпай басқа жаққа.

Қара қойын Қарлыны көргенде:

—Қара қойын Қарлытау керіліп тұр,
Жылқының жал-құйрығы төгіліп тұр.
Лайықты жылқыға жер болғанменен,
Бір жұтқыш бауырыңда көрініп тұр.
Қыс болғанда бораны ашылмайтын,
Екендігі басыңнан сезіліп тұр.
Соққанында бәрі «менің тамағым» деп,
Айдаһар аузын ашып емініп тұр.
Нұраға келгенде:

—Жер екен ат семіртер алты күнде,
Тоқтатты онан кейін сөзді мүлде.
Тіс жарып енді басқа сөз айтпады,
Артық сөз қоса алмадық бұған біз де.

Есілге келгенде:

—Өзен екен қыры бірдей суыменен,
Жарлысы болар бірдей байымен тең.
Су жайылып, мұз басып, қыс болғанда,
Өрісі малға тараң болады екен.

Сілеті мен Жаңашардың тұзын көргенде:

—Екенсің қара аттың төбеліндей,
Ананың сүйген ерке көбеніндей.
Алдыма өңгерем бе, бөктерем бе,
Айналаң тебінгінің көлеміндей.
Тартамын қай жарама мына тұзды,
Әйтпесе жер екенсің тілегендей.

Ерейменге келгенде:

—Жерден жеті есік бар Ерейменде,
Келіп ем көзге сырты ерейгенге.
Боларлық малға жайлы қоныс па деп,
Көрейін деп алыстан серейгенге.
Қыс болғанда, байыздап жылқы тұрмас,
Жылқы тұрса биеде құлын тұрмас.
Ораздының жайлауы Шиырлының
Қыстауы бұл бір өзі ерейген тас.
Екі жағын қыстаған ел малды болып,
Шарасы мұндағы елдің малға толмас.
Соңынан жауап айтпай ере берді,
Бұзбайды не десе де он бір жолдас.

Өлеңті өзеніне келгенде:

Әуелі еш нәрсе айтпай өлеңдетіп,
Кеткенде біраз жерге мұнан өтіп,
Сұрады жолдастары қасындағы:
«Кеттіңіз неге үндемей ағып өтіп?»
—Қопалы өзен екен қоныс болар,
Жер емес тайыншасы қысыр қалар.
Айраны ерте шығып әдеттеніп,
Кеу тамақ деп балаға атау тағар.
Тоқты торым ұрлығы үзілмейтін,
Ел іші өтірік-өсек сөзге толар.
Соны айтып, өлеңдетіп өткендіктен,
Өлеңті ат сонан қалған ұзын хабар.

Шідерті өзеніне келгенде:

Көргенде тоқтап тұрды Шідертіні,
—Жер екен топырағы асыл, суы шыны.
Бір айда майға бітер арық аттар,
Тоқтатар тұсағандай бос жылқыны.
Маясын тұсап біраз жатқан екен,
Шідерті деп атанды сонан, міне.

Баян тауына келгенде:

Көргенде Баян тауын қарап тұрып,
Басына жалғыз өзі көрді шығып.
—Ат ерін алмайтұғын бір жер екен,
Отырар мұны қалай қоныс қып.
Бір көрген бұған қайта келмейтұғын,
Кісідей ант қылады көрмейтұғын.
Тұзы бар бауырында қара тікен,
Бір қонғанды бір жұма жібермейтін.

Ертіске келгенде:

Көрем деп ұлы Ертісті тура келді,
Байқастап жағасында біраз жүрді.
—Тойдым деп бала қарап отырмайтын,
Жер-ау деп алдын ойлап болжап тұрды.
Сиырдың мүйізіндей тікірейіп,
Кәпірдің құлағындай тұр үрпиіп.
Күнінде сол кәпірден жылайды-ау деп,
Кейін бұрды маясын іші кейіп.
Семей тауға келгенде:

—Қысы суық, жазы ыстық осынау жердің,
Әйелі семіз, ері арық мұндағы елдің.
Төс табаны төрт елі атанменен,
Төсегінен түңілген жүрер ердің.
Басы мынау меңіреу дүм қарағай,
Жылқының ұясы екен, япырм-ай.
Азырақ қоныс болар жерлер екен,
Түбінде қайтеді дейсің орыс алмай.

Шыңғыс тауына келгенде:

—Құтырған тауына екен топырағы,
Оған шыққан отырар шөбі тағы.
Ол шөпті жеп семірген мал құтырып,
Етін жеп, сүтін ішкен адам дағы,
Жер екен ұрыс-жанжал көп болатын,
Көп төгілер өзінде ердің қаны.
Шыңғыстың сайы толған ырыс екен,
Тауының басы толған ұрыс екен.
Еркегі ұры болғанда, әйелі қар,
.................................................

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз