Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (16-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Бар екен бір кедейде жалғыз інген,
Өзі қысыр ботасы туып өлген.
Жүруші ед сауын сауып, сусын қылып,
Бар көлігі сол еді жаздай мінген.
Ойлады: «Мен де мініп барайын,—деп,
Шалға салып көрсетіп қарайын,—деп.
Алмаса нем кетеді барғаныма,
Ұнай қалса тұлпарын алайын»,—деп.
Құбалау тығыз жүнді бозша інген,
Өзі жас, тым-ақ жүрдек лепілдеген.
Жылан бас, сұңғақ мойын, сида аяқ,
Арасы өркешінің қашық келген.
Иесі де емес сырын білген,
Шал тесіле қарады көрген жерден.
Аяқ-басы дөңгелек шаршы ғана,
Жүрісі тым-ақ тиыш майда желген.
Бір-бірлеп түйелерін шал сынады,
Асан қарап қасында тек тұрады.
Не әдемі байлардың түйесінен,
Жалғыз інген жарлының шалға ұнады.
Бере алмайды Асан дағы атын қиып,
Ұнамаған түйесін берді жиып.
Түйелері жарамай қалған байлар
Қайтты үйіне көре алмай іші күйіп.
Асан тұр таңырқанып шал ісіне,
Ой түседі неше алуан бала ішіне.
Асанға шал айтады:—Ал, шырағым,
Мынау інген жарайды жүрісіңе.
О дағы ырза болсын түйесіне,
Тұлпарды ноқталап бер иесіне.
Желмая деп қазақтың айтатыны—
Түйенің жүрістісі, білесің бе?
Мінгенің желмаяға емес ұят,
Мініп көрші жүрісін біраз сынап.
Шыққыр көзім шықпаса мынау түйе
Боларлық мал жүріске аттан зият.
Азырақ байқады да мініп көріп,
Жүрдек майда желісін жүріп көріп.
Қоштасты тұлпарына амандасып,
Ноқталап иесіне беріп тұрып.
Көзінен сүйіп құшақтап,
Асан тұрып толғайды.
Толғанып тұрып жырлайды,
Өткендегі басынан
Мұңын айтып жырлайды.
Жасынан серік жалғыз ат,
Толғанып іші қимайды.
—Ей, қара атым, қара атым,
Алысқа жүрсем—қанатым,
Күндіз мінсем—сән атым,
Түнде жүрсем—қайратым.
Жалғыз жүрсем—серігім,
Көппен жүрсем—көрігім.
Қызығын көрген көп жылдар,
Еңбегі сіңген, төл атым,
Бағамды төмен көрді деп,
Бір түйеге берді деп,
Ренжи көрме, төл атым!
Берейін деп бергем жоқ,
Сенен жақсы көргем жоқ,
Жан қиярлық жар үшін,
Беріп тұрмын, амал жоқ,
Ренжи көрме, төл атым!
Алысты жақын қылғызған,
Құлан, киік қуғызған,
Қашқан құсқа ілесіп,
Қалаған жерге жеткізген,
Не қиыннан өткізген,
Жанға өлшеген, төл атым.
Сонда кәрі сөйледі,
Сөйлегенде не дейді.
—Ей, Асаным, жылама,
Көздің жасын бұлама,
Ал дағы мына түйесін,
Ренжітпей иесін,
Тұлпарды оған бер,—дейді.
Алыс жүрсең, шаршатпас,
Жорғадай майда жүрісі бар,
Жүк артсаң, нардай күші бар,
Қарның ашып, шөлдесең,
Сусын болар сүті бар,
Желмаяға мін,—дейді.
Айта бермей зарыңды,
Іздеймін десең жарыңды,
Кешікпей енді жүр,—дейді.
Сен бұл жүргеннен жүрерсің,
Талай бейнет көрерсің.
Жайқалған шалғын жағасы
Өзенді де көрерсің.
Қиялаған асусыз,
Кезеңді де көрерсің.
Ыстыққа да күйерсің,
Суыққа да тоңарсың.
Жар үшін жанды қинасаң,
Бәріне де шыдарсың.
Аман-есен өте алсаң,
Адаспай тауып жете алсаң,
Қызылқұм деген шөл болар,
Ұрттап ішер суы жоқ,
Жұлып жер малға шөбі жоқ,
Бір шөлге кез боларсың.
Онан арман кете алсаң,
Сарысу деген өзен бар.
Сол өзенді жағалап,
Отырған қалың ел тапсаң,
Сұрай-сұрай жөн тапсаң,
Қаратауға барарсың.
Сол тұстан іздеп қарарсың,
Маңдайда бағың бар болса,
Сонан тауып аларсың.
Жүрмекке Асан ойланды,
Кәрі толғап болған соң,
Толғағаны кәрінің
Көкейіне қонған соң,
Қош айтысып, көрісіп,
Ырзалық бата берісіп,
Жүре берді жолына.
Амандасып болған соң,
Қаруын алып қолына,
Желмаясын желдіктеп,
Үстіне мініп алған соң,
Сол жүргеннен көп жүрді,
Жар үшін қайғы жеп жүрді.
«Ажал жетіп өлмесем,
Өзімен өзі серттесіп,
Не қылсам жетем» деп жүрді.
Кеткенін біліп елінен,
Ұзаған соң жерінен,
Артына қарап жануар,
Бозінген зарлап боздайды.
Сыбызғыдай зырлаған,
Зарлы дауыс боздаған
Асанның мұңын қозғайды.
Сүйегі балқып елжіреп,
Қосылып бұ да жырлайды.
—Ей, бозінген, бозінген,
Сен айрылып жерінен,
Артыңа қарап боздайсың.
Мен айрылып елімнен,
Адасып және жарымнан,
Әуре сарсаң жүргенде,
Мұңлы, шерлі үніңмен
Дертімді менің қозғайсың.
Сүйегімді балқытып,
Зарлы үнмен боздама.
Көңілімді жасытып,
Дертімді іштен қозғама.
Жеріңнен кеткен сен зарлы,
Айрылған жардан мен зарлы,
Екі зарлы қосылып,
Жол табалық азғана.