Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (13-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Бірақ биыл, шырағым, бара алмайсың,
Адаспай тура тауып ала алмайсың.
Иен дала, елсіз жер, атың арық,
Тіл алмасаң, өзіңді арандайсың.

Серігі ер жігіттің—мінген аты,
Жалғыздың кімге жетер айтқан даты.
«Күйсіз көлік жүгірмес» деген бар ғой,
Шөлге осал болады жылқы заты.

Мен кәрімін сұңғыла көпті көрген,
Жолдасың жоқ, шырағым, қасыңа ерген.
Тіл алсаң, биыл қысқа осында бол,
Ақылым менің, балам, саған берген.

Айтамын бұл сөзімді өзіңді аяп,
Таяқ жер деген мақал жүрген саяқ.
Өлмегенге, шырағым, алыс емес,
Мінеки, болып қалды қыста таяп.

Өмір жолы көндірер айдауына,
Сөзімнің тоқта, балам, байлауына.
Жаз шығып бір-екі айда қоңыраттар
Келеді өзің көрген жайлауына.

Ұқпасаң, бұл сөзімнен жиренерсің,
Ұқсаң, ақыл кәріден үйренерсің.
Асықпай бірер айға дамылдасаң,
Атың да, өзің дағы күйленерсің.

Адамға ауыр болар көрмеген жол,
Баласың бір басыңа арманың мол.
Мейлің жүр, мейлің тоқта, зорламаймын,
Жалғыз-ақ менің білген ақылым сол.

Шал бітірді сонымен айтып сөзін,
Қаратып бала отыр жерге көзін.
Көп ойланды, толғанды, шыр айланды,
Шарықтап көңілі кетті дүние жүзін.

«Зымғатып тұлпарменен кетсем, дейді.
Ауылына Жаманқұлдың жетсем, дейді.
Жан жарым Гүлбанудың қолын ұстап,
Дертіне ем жүректің етсем, дейді.

Шөлдерден күн-түн қатып жүрсем, дейді,
Жар үшін қиындыққа көнсем» дейді.
Сондайлық жүрек тербеп асығады,
Жетпесем де, жолында өлсем, дейді.

Кей уақта шал сөзіне ерсем, дейді,
Біраз күн аял етіп тұрсам, дейді.
Кетер ед барлық қайғым жүрегімнен,
Тірлікте Гүлбануды көрсем, дейді.

Сол оймен қалмақ болды шал қасында,
Ақыл сөзін кәрінің алмасын ба.
Иланып шал сөзіне тұрып қалды,
Дұрыс сөз көкейіне қонбасын ба.

Сол елге таныс болды қыстай жүріп,
Ел менен жердің жайын әбден біліп.
Әкеп тастап кетеді аңның етін,
Анда-санда оралып шалға келіп.

Қыс өтіп, жаз боларлық мезгіл жетті,
Алтын күн жарқыратып нұрын төкті.
«Мезгілім жүретұғын болды ғой»,—деп,
Кәріге қош айтуға Асан кепті.

Күн жылынып, жоғалды қыстың зары,
Жұмылып шаруасына жанның бәрі.
Жүргенде жұрттың бәрі шаруа қуып,
Асанның көңіліндегі жалғыз жары.

Болды деп кезім енді елге қайтар,
Сертінен жігіт емес өлсе тайқар.
—Жарымды іздемекке бел байладым,
Ақылың бар ма, ата, маған айтар?

Көзін сүрітті, түйілтіп шал қабағын,
Бір жөтеліп кенеді шал тамағын.
—Қайырлы сапар болсын қайда барсаң!
Аман бол мұнан былай қош, қарағым!

Айтысқан сөзіңе жет, жарыңды ізде,
Асықпа, табысарсың, күдер үзбе.
Бұл бетіңде ұшырап кез болмаса,
Ақылым айтатұғын мынау сізге.

Бір соқпай кетіп қалма сонда бізге,
Кетпегейсің бос қаңғып жапан түзге.
Қайда кетер бетіңді білдіре кет,
Түбі керек болады өзіңізге.

Шалменен қош айтысып жүріп кетті,
Сонда көрген жайлауға қойды бетті.
Былтырғы өзі көрген ел шетіне
Бірнеше күн-түн қатып келіп жетті.

Биік тау өзі көрген сайқын дала,
Сайынан өзен аққан неше сала.
Қонған ел жағасында, қаптаған мал,
Байқаса тауға шығып Асан бала.

Туралап көп ауылға бара алмайды,
Өз бетімен шын ақыл таба алмайды.
Жансыздап ауыл жөнін сұрағанмен,
Жарының бір хабарын ала алмайды.

Адам жоқ бұрын мұның жайын білген,
Бұл елде таныс та жоқ бұрын көрген.
Дел-сал болып далада келе жатып,
Кез болды бір қатынға тезек терген.

Сарыкідір, тым кәрі емес, орта жаста,
Еш адам көрінбейді онан басқа.
Ат тоны өз еліне ұқсаспайды,
Таңданып қарай қалды Асан жасқа.

Жақындап Асан оған келді таяу,
Асан тұр ат үстінде, қатын жаяу.
Амандасып азырақ тоқтап тұрды,
Байыпты адам сияқты сөзі баяу.

Тағы оқыңыз