Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (17-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Соны айтып, Асан зарлап жүре берді,
Күн-түні желмаямен желе берді.
Ой мен қыр, тау мен тастың бәрін кезіп,
Онан да өтіп құм дала шөлге келді.

Құм төбе аралады құрғақ белді,
Не де болса тоқтамай жүреді енді.
Азық бітіп, қарны ашып, әрі шөлдеп,
Көз бұлдырап көрмейді алыс жерді.

Сонда тұрып азырақ ойға түсті,
Бойына жиып алып қайрат күшті.
Желмаяға ебелек теріп беріп,
Ұрттам сүт түйесінен сауып ішті.

Ұшқанын білді көзі қарайған соң,
Қысылып дымы бітіп тарайған соң.
Ақылын жиып алып толғанады,
Бір құлақтай сүт ішіп нәр алған соң.

Сонда Асан толғанды,
Өмір жайын ойланды.
—Шаршап жолға жүрмеген,
Тиыштық қадірін біле ме?!
Тоңқатып түн көрмеген,
Ұйқы қадірін біле ме?!
Аштық зарын тартпаған,
Ас қадірін біле ме?!
Шөл азабын тартпаған,
Шарбат жайын біле ме?!
Ұзаққа тартып жол жүріп,
Еңбек қылып мол жүріп,
Шаршап келіп ұйықтасаң,
Онан рахат түн бар ма?!
Қарның ашып зарығып,
Жей алмай тамақ тарығып,
Мезгілін тауып ас жесең,
Онан тәтті дәм бар ма?!
Ыстықта кезіп шөлдесең,
Шөлдеп шөлге кез келсең,
Бір жұтым су болса да,
Онан дәмді нәр бар ма?!
Жол азабын көп тартып,
Уайым-қайғы жеп тартып,
Сүйікті жарға көріссе,
Қызықты онан жар бар ма?!

Айрылғалы көп болды анау шалдан,
Жерлерін ұмытпайды сұрап алған.
Сағымданып көзіне бұлдырайды,
Алыста бір биік тау мұнарланған.

Ойланды: «Анау тауға барайын,—деп,
Басынан қарауылдап қарайын»,—деп.
Зырлатып желмаясын боздатады,
«Ерте барып ел тауып алайын»,—деп.

Туралап тауға келді тоқтамастан,
Бұл жолда не қиындық кешті бастан.
«Өткен күнде белгі жоқ» дегендейін,
Бейнетке жазған бір ұл бала жастан.

Аяңдап шықты Асан тау басына,
Жұмыс қой тілеп алған сау басына.
Алыстан мұнартқан көрді түтін,
Жолаушы ел көрген соң бармасын ба.

Ел екен толып жатқан қалың қопыр,
Ауылдың айналасы жиын топыр.
Аттылар түйеліге көз салмайды,
Жағалап Асан жалғыз келе жатыр.
Мал емес арық түйе көзге татыр,
Үстінде кірлі киім ескі қоқыр.
Бір адам көзіне іліп сөйлеспейді,
Қой жайған өгіз мініп бір қойшы отыр.

Жағалап қойшыменен жақындасып,
Аз ғана сөзге келді жөн сұрасып.
Ерігіп күні бойы тұрған қойшы,
Жалпылдап тұра қалды амандасып.

Өзі жүдеу, астында арық інген,
Сұрасын елдің жайын енді кімнен.
Өгіз бенен түйені мал демейді,
Олай-бұлай шауып жүр атқа мінген.

Қойшыға сездірмейді Асан жайын,
Тамызып қойшы отыр сөздің майын.
—Бұл қай ел, жиылған топ немене?
Ұқтырып маған айтшы, ағатайым.

—Бұл топты сұрасаңыз, мен айтайын,
Құмар болсаң баяндап таратайын.
Мәнісін бұрын өзің естімеп пе ең,
Сейіп би мен Жаманқұл байдың жайын?

Қойшыға Асан қарап тұра қалды,
Айтқан сайын телмеңдеп құлақ салды.
Естігенде Жаманқұл деген сөзді,
Қорықты ма, қуанды ма, естен танды.

Қойшы кетті әңгіме сөзін бастап,
Қалдырмай естігенін бірін тастап.
Естігенше асығып сөз аяғын,
Жағына қолын төсеп отыр жастап.

—Мынау жиын кісі емес әншейін жәй,
Айта берсем әңгіме бар бірталай.
Анау тұрған Жаманқұл байдың ауылы,
Ұл бала жоқ кісі еді дәулеті сай.
Бар еді сол кісінің жалғыз қызы,
Нұрлы еді жұрттан асқан оның жүзі.
Ақыл-ойға еркектен артық еді,
Елге жаққан сүйкімді қыз мінезі.

Анау тау қыстайтұғын байдың жері,
Ар жағы шымыр, сиқым, үйсін елі.
Сейіп деген бір бай бар сол үйсінде,
Такаппар тым-ақ қатал кеткен кері.

Үйсін мен Жаманқұлдың жері шектес,
Сыртынан анау таудың бұлар өтпес.
«Балама жалғыз қызын бермеді» деп,
Өшігіп Жаманқұлға болды кектес.

Тағы оқыңыз